Майдангердің ұлымын

36

0

Әкем Тоқбосынов Жұбатыр 1917 жы­лы Қазалы ауданы Құмбазар елді меке­нін­де дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айы­рылған ол Жалағаш ауданының азама­тына тұрмысқа шыққан апасы Шарипаның тәрбиесінде болып, осы өңірдің бір перзен­тіне айналған екен.

Ол 1938 жылы Қызыл Армия қатарына борышын өтеу үшін шақырылады. Армия қатарында жүргенінде Фин соғысына алы­нып, оған бастан-аяқ қатысады. 1941 жылы Отан соғысы басталып, жас жігіттерді ел қорғауға алып кетеді. Онда ол алғы шепте барлаушылар қатарында болады. Түнделетіп жаудан тіл алып қайтып жүреді.

Жауынгер Ж.Тоқбосынов немістермен бетпе-бет келіп, жауапты тапсырмаларды орын­дағаны үшін 1943 жылы «Қызыл Жұл­дыз» орденімен марапатталады. Осындай ауыр соғыс кезінде ол Жуковтың, Рокос­совскийдің басқаруымен қоршауда қалған Сталинград маңындағы еліміздің көптеген қаласын азат етуге қатысыпты. Азат етіл­ген қалаларда жасаған ерліктері үшін ме­дальдары да бар. Ауыр жарақат алып, ем­­деліп шыққаннан кейін де соғысты жал­ғас­тырған. Атқыштар артиллериясында бол­­­­ған. Осындай ауыр күндерде белінен жа­ра­­қат алып, снаряд жарқыншағы бел омырт­қасына қадалған және басынан жарақат ал­ған. Жарықша әкем өмірден өткен­ше де­несінде болған. Екінші «Қызыл Жұл­дыз» орденін 1944 жылы Пушкин қаласын азат еткені үшін алған.

Жеңістен соң бейбіт күндерде туған жерге келіп, елді көркейту үшін құрылыс са­ласына жұмысқа кіреді. Маңдай терін үгіп жү­ріп еңбек етті. Жалағаштың табанында осы уақытқа дейін халыққа қызмет етіп тұр­ған ескі ғимараттарда (стадион, тағы басқа) оның қолтаң­басы бар.

 Ол 1945 жылы Разия Тоғызбайқызына үйленеді. 4 ұл 1 қызын дүниеге әкелген ана­мыз өмірден озады. Жас қалған балаларына бас-көз болу үшін қайта шаңырақ көтеріп, Жарекеқызы Кенжегүлге үйленеді. Бұл ана­мыздан 3 ұл 4 қыз дүниеге келген.

Әкеміз КПСС мүшесі, бірнеше рет ауылдық кеңеске депутат, 5 рет пленум мү­­шесі болады. «Еңбектегі ерлігі үшін», тағы басқа көптеген медальмен марапат­талды. Бұл күнде орден-медальдары ілін­ген кос­тюмі Жалағаш аудандық тарихи-өл­ке­тану музейінде тұр. Біз әкемізді мақтан етеміз. Біз бала болдық, соғыс кезіндегі ер­лігін, кейін елге еткен еңбегін дұрыс біле бермейміз. 1983 жылға дейін мектептер, ме­ке­мелер әкемді Жеңіс күніне арнайы ша­қырып, әңгімесін тыңдайтын. 

Өмірінің кейінгі екі жылында белінен тиген оқтың салдарынан қатты науқастанды. 1985 жылы 7 сәуір күні 68 жасында дү­ниеден озды. Әкеміздің адал еңбек еткенін, Отанын қорғағанын, өзі бір тарих бетінде қалғанын мақтан етеміз.

Майдангер әкелерімізге басымызды ие­міз. Олардың ерлігі ел есінде сақталады. Бүгінде майдангер әкем Жұбатырдан өрген ұл-қыздары өсіп, халқына еңбегін сіңіріп жүр. Майдангер әкенің атын балалары мен немерелері мәңгі ұмытпайды.

Айдар ТОҚБОСЫНОВ,

майдангердің ұлы