Майдангер журналист Ахметжан Нүрекеев ұзақ жыл редакцияның ауылшаруашылық бөлімінде Құрманғали Ажаров, Ақберген Ержановпен бірге қызмет атқарып, зейнетке шықты. Жарты ғасырға жуық сүйікті жары Рабиға Нұржановамен өмір сүрді. Бүгінгі әңгіме майдангердің жары туралы болмақ.
Ахметжан ағамен ұзақ жыл қызметтес болдық. Майданнан жаралы болып оралған құрыш қазақтың мықтылығына сүйсінетінбіз. Екі бірдей жамбасынан жараланған ол қос балдақпен ғұмыр кешті. Күнделікті жұмысқа жұрттан бұрын келеді. Қыстың көзі қырауда, жаздың аптап ыстығында бірде жаяу, бірде автобуспен жұмысына ерте келіп, үстелін тазалап, қалам, қағазын жинастырып, барып отырады. Жинақылықты жаны сүйеді. Сірә, бұл қасиет әскердегі тәртіптен басталса керек.
Мінезге бай, сырбаз аға осы күнгі «Сыр бойы» газетінде сонау соғыстан оралған бойда редакторлар Базарбай Сарбасов, Сүлеймен Сейітов, Зейнолла Жарқынбаев, Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов, Нұрділдә Уәлиевтермен бірге қызметтес болды. Ұзақ жыл қызметте отырған сырын білгіміз келіп, сұрақ қоямыз.
– Аха, зейнетке шықпай, қызметте отыруыңыздың сыры неде?
– Ой, қарағым-ай, әскерден жаралы болып оралдым. Қарағанды госпиталінде алты ай жаттым. Бір орыс әйелі медбике еді, аузыма су тамызып, баладай күтті. Әскери хирургтер мықты ғой, екі аяғымның сынған жерлерін жамап-жасқап құрастырып қатарға қосты. Қос балдақпен жүруге мүмкіндік туды. Содан Қызылорда ауруханасына оралып, мұнда да ұзақ емделдім. Хирург Акрам Ыдырысовтың қамқор құшағына кезіктім. Дәрігерлер екі аяғымды жамбастан кесуді ұсынды. Бірақ Акрам Ыдырысов бұған қарсы шығып отырып алды.
– Нүрекеевтің аяғын кеспейміз. Емдейміз. Осы аяғына балдақ беріп, ұзақ жыл жасайтын етеміз, – деп қарауындағыларға қарсы шықты. Содан бүгінгі жетпіске аяқ басып отырмын, – дейтін қайсар жүректі жан.
Біз Ахаңды баяғы Павел Корчагинге ұқсатып, әңгіме өрбітіп, қуаттандырып отырушы едік. Аға әңгімешіл болатын. Сұрапыл соғыс, асыра сілтеу дәуірінен майын тамыза әңгіме айтатын-ды.
– Мен қызметте неге ұзақ отырмын, жігіттер. Соғыстан соң Рабиғаға үйлендім. Бес бала – ұл, қыз өсірдім. Бәріне жоғары білім беру керек болды, оқытуға қаржы керек. Содан жетпіске дейін редакцияда тапжылмай отырып, зейнетке шықтым, – дейтін.
–Тағы бір әңгіменің басын қозғайын, тоқтаңдар жігіттер, – дейтін аға өткен күндерді еске алып.
– Соғыстан жаралы болып оралдым. Білім орта, жұмыста қызметті жалғастыру үшін диплом керек болып, пединституттың тарих факультетіне сырттай оқуға түстім. Қос балдақпен жүріп, диплом алып шықтым. Енді не істеу керек. Жас болса ұлғайып барады. Отбасын құру қажеті туды. Содан пединституттың қазақ тілі бөлімінде оқитын Рабиға атты қызбен танысудың сәті түсті. Құда түсуге ағайын-туыс, журналист Орман Нұрқабаев араласты.
Әзіл-оспақтың шебері Орман ә дегеннен Рабиғаның үйіне ат басын бұрдық. Әңгімені Орман бастады.
– Біз бүгін Рабиғаға құда түсуге келдік. Жігіттің аты-жөні Ахметжан Нүрекеев. Сұрапыл соғыстан жаралы болып оралған. Семья құру керек… Сонымен келісім жасалып, Ахаң Рабиғаға қосылу тойын өткізді. Бұйрықты қойсаңызшы, Рабиға жаралы жауынгердің жанын түсініп, отау құрды. Бес бала сүйді. Бақытжан, Құралай, Құндызай, Бауыржан, Батырхан атты ұл-қыздар бірі инженер, бірі мұғалім мамандығын алып, шаңырақты биіктетті.
Асыл анамыз Рабиға ұзақ жыл кітап саудасы мекемесінде сатушы болып, зейнетке шықты. Шаңырақтың бірлігін сақтап, құдандалы жекжат құрды. Сексен жасап, дүниеден өтті. Немере-шөбере сүйді. Ақ жауып, арулап майдангер жары Ахаңды да пәни дүниеге аттандырды.
Шебер тігінші еді. Ұл-қыздарының киімдерін өзі тігіп, шеберханадан шыққандай етуші еді.
Өмір – өзен секілді, ағысын тоқтатпайды. Зейнеткер Рабиға Нұржанова көзі тірі болса биыл 100-ге толар еді.
Рабиға Нұржанова әке мен анадан жастай қалды. Әкесі Нұржанов Әбділда сауатты, әдебиет пен өнерді жаны сүйгіш азамат еді. Білікті сауда қызметкері болатын. 1937 жылы жазықсыз жалаға ұшырап кеткен.
«Әкемнен жастай қалдым. Бар-жоғы он жасымда болар. Қайран әкемнің қай жерде жерленгенінен хабарсызбын. Бізден топырақ бұйырмады» деп отыратын.
Тағдырға не деуге болады. Асыл аға, сырбаз мінезді Ахметжан Нүрекеев пен оның жары Рабиға апайдың ғұмыры нағыз қайсарлықтың үлгісі.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі





