Майталман жыршының мерейі

329

0

Фото: Ақорда

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында елімізге танымал жыршы, республикалық, халықаралық жыршылар байқауының жүлдегері, жерлесіміз, Арал аудандық мәдениет орталығының үйірме жетекшісі Тәңірбергенов Айбек Жақсанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Жыршылық өнер жолында әкесі Жақсаннан тәлім алып, ағасы Бекұзақ Тәңірбергенов, ұстазы Сұраған Мырзаев сынды жыр жүйріктерінің ізіне ілескен Айбек Жақсанұлы жастайынан осынау дәстүрлі өнерді дамыту жолында қызмет етіп келеді.

Бүгінде жыршының ре­перту­арында Сыр сүлейлері мен шайыр­ларының терме-тол­ғаулары, жыр-дастан, қис­саларымен бірге, «Қира ат» дастаны, «Көк арғымақтың бала­сы», «Көлімбет жыры» сияқты бірнеше тарихи туындылары бар. Жыршылықты, ақындықты, саз­герлікті қатар алып жүрген Айбек Тәңірбергеновтің бірқатар өлеңдері эстрада жанрында да кең таралған. Талантты жыр­шының дауысы «Алтын қорға» және «Қайталанбас дауыстар» музыкалық антология­сына жа­зылған.

«Айбек Жақсанұлының жыр қоры өте бай, атадан балаға мирас болған өнердің туын жықпай, Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Алдыңғы буыннан үйренгенінің қыр-сы­рын кейінгі ұрпаққа насихаттау жо­лында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде.

«Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті туған жеріміздің мәрте­бесін биіктетіп, зор жетістікке жеткен Айбек Тәңірбергеновке алғыс білдіремін.

Бұл біздің аймақтың мәдениет саласына, рухани қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра етуге талпынған өнер адамдарының еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін», – деп жаз­ды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік желідегі парақ­шасында.

Мемлекеттік марапат ие­сін аймақтың өнер өкілдері құрметпен күтіп алды.

«СБ» ақпарат