Мал көп, жайылымдық жер аз

2269

0

Қызылордада облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелері бірінші кезекте төрағалыққа ұсынылған мемлекет және қоғам қайреткері Бақберген Досмамбетовтің кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

Одан кейін Арал ауданындағы 550-ден астам мал өліміне әкеп соққан төтенше жағдай жаңа төраға жетекшілік еткен жиынның негізгі арқауына айналды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Байымбетов Сырдария өзеніне судың аз түсуі мен қуаңшылық мал азығын дайындауға біршама кедергі келтіргенін айтты. Енді өңірдегі 534,7 мың түліктің қыстан қысылмай шығуы үшін 942,4 мың тонна шөп, 213,6 мың тонна құрама жем керек екен.

– Өз өніміміз есебінен 220 мың тонна жоңышқа, 172,5 мың тонна күріш сабаны, 8 мың тонна сүрлем дайындау жоспарланып отыр. Қалған 549 мың тоннасы шабындық шөбін ору арқылы қамтамасыз етіледі. Су тапшылығына байланысты күріштік көлемін 6,6 мың гектарға қысқарту, мал азығы түріндегі дақылдар алқабын 5,4 мың, жем-шөпке арналған дәнді дақылдар егісін 1,7 мың гектарға ұлғайту туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде 17 мың тонна қор жиналуы тиіс. Қажеттіліктің 61,6 процентін жергілікті күріш өңдеу кәсіпорындары өтесе, жетіспейтін тұсын елдің өзге аймақтары есебінен жабамыз, – деді Ғ.Байымбетов.

Барлық ауданда қазір шөп ору қарекеті қызу. 100-ден астам бригада құрылып, 200-дей техника тартылды. Игі іске еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері, жұмыссыз жастар да күш жұмылдыруда. 21 шілде күнгі мәлімет бойынша сұраныстың 26,8 проценті дайын. Ал аймақтың шаруа қожалықтары «Азық-түлік корпорациясы» қорымен келісімшартқа сәйкес 490 тонна арпа әкелуі тиіс болса, әзірге соның 425 тоннасын діттеген жеріне жеткізді. Сондай-ақ су арналарын тазалау, ұңғымалар қазу, шабындық-жайылымдарды суландыру шаралары қолға алынды.

– Мал азығының қымбаттауы қиын тиіп отыр. Осы мәселені реттеу және мал шаруашылығы өнімі бағасының көтерілуіне жол бермеу мақсатында Үкімет резервінен жем-шөп сатып алу шығынын субсидиялау үшін 1,7 млрд теңге қаржы бөлуге келісім алынды, – деді басқарма өкілі.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов «қолдау шараларынан жеке шаруашылықтар мен мал егелері шет қалып жатыр» деген пікірге жауап берді.

– Біз оларға «өз күніңді өзің көр» деп отырғанымыз жоқ. Керісінше көршілес облыс-аудандардан мал азығын алдыруға көмек қолын созудамыз. Оның ішінде тұрмысы төмен отбасылар, 5 мүйізді ірі қарасы, 10 қой-ешкісі бар азаматтар бірінші кезекте тұр. Қазіргі күні 4 мың тонна шамасында шөп таратылды, – деді ол.

Аудан басшысы мынадай статистиканы мысалға келтірді: соңғы 30 жылда мемлекеттік қолдау есебінен төрт түлік саны 3-3,5 есе көбейген. Бизнестің 75 проценті мал шаруашылығына бейімделген. Статистика құлаққа жағымды болғанмен жайылымдық жер көлеміне сәйкес келмейді. Енді оған қуаңшылық мәселесі екі есе кедергі.

Қоғамдық кеңес мүшесі Ерлан Өмірсеріков аграрлық сала жұмыстың жөн-жосықсыз жүргізілуі кесірінен тығырыққа тірелгенін алға тартты.

– Мал басы неліктен кеңес өкіметі кезінде өспеді? Өйткені ауданның географиялық орналасуы оған мұрша берген жоқ. Жоспарлы жұмыс атқарылмаса, бүгінгідей хаос жағдай әлі де қайталанады. Тәуелсіздік жылдары қисапсыз көбейген мал басын енді нормативке сәйкестендіру қисынға келе қоймас. Кім иелігіндегі түлік санын қысқартқысы келеді? Мал азайса, еттің құны да аспандап шыға келетінін қазірдің өзінде көріп отырмыз, – деді ол.

Кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаева ауыл шаруашылығы – елдің жаны екенін айта келе, басқарманы ауа райының тосын құбылысы туралы болжамды ескермегені, осыған қатысты мәселелерді елеп-ешкеп отырмайтыны үшін сынға алды. Сала өкілі егін шаруашылығының жайымен жүріп, мұның бәрі назардан тыс қалғанын жасырған жоқ.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<