Мал-жаныңыз аман ба?

1076

0

Бұл – көптен кездеспеген кісілердің амандықтан кейін бір-біріне қоятын алғашқы сұрағы. Өйткені тіршілік мал-жанның амандығына байланысты. Адамның ауру-сырқаудан сақтану жолында ветеринария саласының алар орны ерекше және мамандар еңбегі ұшан-теңіз десек болады. «Медицина – адамды, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қағиданы басты назарда ұстағандықтан, осы сала жұмысына үнемі қайта айналып соғып тұратынымыз бар.

Өткен жылдың қыркүйек ай­ында ба­сы­лымда облыстық ве­те­ринария бас­қармасының бас­шысы Ерсұлтан Апетовпен болған көлемді сұхбат жария­лан­ған болатын. Сұхбатта ветери­нария саласына қатысты өзекті мә­се­лелерді барынша қамтуға ты­рыстық. Содан бері жарты жылдан астам ғана уақыт өтті. Алайда, осы кезеңде сала мамандарының жұмысындағы басты қаруы саналатын «Ве­теринария туралы» заңына бірқатар өз­герістер мен толықтырулар енгізілді. Бүгін сол өзгерістер мен толықтырулар туралы түсініктер беріп өтуді мақсат тұттық. Сонымен қатар өткен жылы атқарылған жұмыс­тарға шолу жасап өткенді жөн көрдік.

Басқарма басшысы  ветерина­рия заң­ды­лық­тарында болған биылғы өзге­ріс­тердің түп-төркіні әріде жатқанын түсіндіруден бас­тады. 2014 жылы «Ветеринария туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, бірқатар бақылау және қадағалау функциялары жергілікті атқару­шы органның құзыретіне берілген болатын.

Содан бері талай ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып, еселі еңбек жасалды. Атап айтқанда, 2015 жылы бірінші рет облыста «Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды асы­рау қағидалары» мен «Қызылорда облысының елді мекендерінде ит-мысықты асырау және серуендету, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы» ережелері бекітілді.

2011 жылдан бері Халықара­лық эпи­зоо­тиялық бюроның ше­шімімен аусыл ауруынан қо­лайсыз буферлік аймақта болған облысымыз вакцинацияланатын қолайлы аймақ мәртебесін алып, аусыл ауруына бейім аша тұяқты ауыл шаруашылығы жануарлары өнімдерін экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Соны­мен қатар, бұрын-соңды нақты­лан­баған аса қауіпті Сібір жа­расы ауруы ошақтарының коор­динаттары анықталып, мем­­лекет­тік жер кадастрының автомат­тандырылған ақпа­рат­тық жүйе­сіне  енгізілді.  Рес­публикалық деңгейде топо­гра­­фиялық картаға түсірілді. Бүгінгі күні 60 ошақ қоршалып, қауіпсіздік белгілері қойылды және мемлекеттік жер актілері алынды.

Сондай-ақ, жергілікті атқару­шы орган бірнеше мемлекет­тік қызмет көрсетеді. Атап айт­­­қанда, бұл қызметтер «Жа­нуар­­ларды өсіруді, жануар­лар­­ды, жануарлардан алына­тын өнім мен шикізатты дайын­дау­ды (союды), сақтауды, өңдеуді және өт­кізуді жүзеге асыра­тын өн­діріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препарат­тар­ды, азықтар мен азықтық қос­па­­ларды өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есеп­тік нөмірлер беру», «Ве­тери­нария саласындағы қызмет­пен айналысуға лицен­зия беру», «Мемлекеттік ветери­нария­лық-санитариялық бақы­лау жә­не қадағалау объектіле­ріне ве­теринариялық-санитария­лық қорытынды беру», «Ветерина­риялық анықтама беру», «Ауыл шаруашылығы жануарларын ве­­теринариялық паспорт бере отырып бірдейлендіруді жүргізу» секілді заңдылықтар шеңберінде іске асырылды.

2015-2019 жылдар аралы­ғында ветери­нариялық бақылау объектілеріне Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» веб-порталы арқылы 489 есептік нөмір және «Е-лицензия» веб-порталы арқылы 10 лицензия рәсімделді. Жыл басынан «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агро­өнер­кәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес «Вете­ринария туралы» заңына тағы да өзгерістер енгізіліп, бірқатар функциялар қайтадан уәкілетті органның құзыретіне беріліп отыр. 

Сондай-ақ, бұрын жергілікті жердегі әкімдіктерге бағынысты болған ветери­на­риялық стан­ция­лар мен пункттер облыстық ве­теринария басқармасына қа­рас­ты болып, вертикальді жүйе құ­­рылды. Бұл қызметте өз кезе­гінде ветеринариялық стан­­ция­лар мен пункттердің қызметін ұйымдастыру мен ветери­на­рия­лық іс-шаралардың (вак­ци­нация, диагностика, бір­дей­лен­діру, ветеринариялық құ­жаттар рәсімделу, т.б) уақытылы атқа­рылуын және заңдылығын анық­тап отыруға қол жеткізеріміз анық.

Станциялар мен пункттер­де қызмет атқаратын ветерина­риялық дәрігерлер жыл мезгі­ліне қарамай, қыстың суығы мен жаздың ыстығында атқары­луға тиісті іс-шараларды жүргі­зе береді. Сонымен қатар, вете­ри­нариялық станциялар мен пункттердің ветеринария сала­­сы бойынша кәсіпкерлік қыз­мет­пен де айналысуына заң­мен рұқсат берілді. Атап айтқан­да, ветеринариялық емдеу-профи­лактикалық, ветеринариялық мақ­­­саттарға арналған дәрiлiк зат­­­тарды, биологиялық препа­рат­тарды, ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұ­йымдар мен атрибуттарды өткiзу, дезинфекция, дезинсекция, де­ратизация, дегельминтизация жүргізу, ветери­нариялық мақсат­тағы препараттарды өндiру мен өткiзу, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарға ве­теринариялық-санитариялық са­раптама жасау заңнамамен ты­й­ым салынбаған өзге де қызмет түр­лері кіреді.

Иә, көріп отырғанымыздай, біраз өзгеріс бар. Ерсұлтан Аман­тайұлы өз кезегінде қазіргі таңда­ғы ветеринария саласы бойынша заңдылықтарға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар жақ­сы нәтижелерін береді деген ойын жеткізді.

Мал-жаныңыз аман ба? Жоғарыда келтірілгендей, ветеринария саласының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарлары ауруларының алдын алу, оларды емдеу, жануарлардан алынатын тамақ өнімдерін вете­ринариялық-санитариялық са­рап­тау арқылы адамзатты адам мен жануарларға ортақ зоо­ан­тропонозды аурулардан сақтау, сыртқы қоршаған ортаны қор­ғаудағы ветеринарлық-сани­тар­лық проблемаларды шешу. Бұл бағытта өткен жылы облыста ауқымды жұмыстар атқарылды.

Басқарма басшысы атап өт­кеніндей, облыс бойынша 8 ша­руашылық жүргізу құқығын­дағы «Ветеринариялық станция» коммуналдық мемлекеттік кә­сіп­орыны және 139 ауылдық ок­ругте пункттер жұмыс жасау­да. Облыс аумағында эпи­зо­отиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы және 6 түрлі энзо­отиялық ауруларға қарсы препараттар ветеринариялық-са­ни­тариялық талаптарға сай уақытылы жеткізіліп, алдын ала егу жұмыстары толық жүргізіліп, компьютерлік дерекқор базасына енгізілді.

Бруцеллез (сарып) – зооноздар тобына жататын, адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Сондықтан да оның алдын алу шаралары аса маңызды. Облыс бойынша бруцеллез ауруына қарсы мемлекеттік тапсырыс және шектеу қойылған (ірі – қара 3, уақ мал – 3) ошақтарда жүргізілген диагностикалық тек­­серу нәтижесінде 96 бас ірі қара, 185 бас уақ мал ауру болып анық­талып, ветеринариялық-са­нитариялық ережелерге сәйкес, санитариялық союға жіберілді. Мал иелеріне бюджет қаражаты есебінен (30%) 2813,9 мың теңге, жеке кәсіпорындар тарапынан (70%) 4721,9 мың теңге өтемақы төленді.

Талаптарға сай, ел аумағын­дағы төрт түлік мал түгел бір­дей­лендірілуге тиіс. Ауыл ша­руа­шылығы жануарларын бір­дей­лендіруге қажетті құлақ жап­сыр­малары берілген тап­сырыс­қа сәйкес, министрлік тарапынан уақытылы жеткізіліп, бекітілген жоспар толық орындалды. «Бі­рыңғай автоматтандырылған бас­­қару жүйесі» бойынша белгі­ленген 4 түрлі үлгідегі 53083 дана ветеринариялық анықтама берілді. Сонымен қатар, 61 ве­теринариялық-санитариялық ба­қылауға жататын объектіге есептік нөмірлер рәсімделіп, мемлекеттік қызмет көрсетілген. Жергілікті атқарушы орган Қы­зылорда қаласы мен аудандар көлеміндегі ветеринариялық ба­қылау объек­тілеріне күнделікті бақылау және қадағалау жүр­гізген. Нәтижесінде бірқатар заң бұзу­шылықтар анықталып, «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы Кодексі» мен «Ветери­нария туралы» Заңына сәйкес 122 айыппұл (2865875 теңге) салынып, 503 нұсқама берілді.

Бүгінгі таңдағы өзекті мәсе­лелердің бірі – қаңғыбас ит-мы­сықтардың санын шектеу мақ­сатында аулап, жою жұмыстарына жылда тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Былтыр 43,4 млн теңге қаржы бөлініп, 28501 бас қаңғыбас ит-мысық жойылды. Өлекселер ветеринариялық-сани­тариялық талаптарға сәйкес, инси­нератор пештерінде өртелді және типтік жобадағы мал қорым­дарына тасталды.

2015 жылға дейін облыс бойынша 61 типтік жобадағы мал қорымы болса, содан бері 22 типтік жобадағы мал қорымы салынып, халық игілігіне пай­далануға берілді. Бұл іс-шара әлі де жалғасын табуда. Барлық ауыл­дық округтерде типтік жо­бадағы мал қорымдарын салу – ауру таратпаудың, алдын алудың, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті сақтаудың бірден-бір жолы. Биыл облыстық бюджеттен 65,8 млн теңге бөлініп, 7 типтік жобадағы мал қорымы (Арал – 5, Жалағаш – 2) салынады.

Жануарлардан алынатын өнімдерді сатумен айналысатын облыс аумағында 16 ішкі сауда объектісінде ветеринариялық са­раптаудан өткізетін зертханалар қызмет атқарады. Осы ішкі сауда объектілерінде 13101 ірі қара, 4069 уақ мал, 3001 жылқы, 298 түйе, 165 шошқа ұшалары және 90624 партия балық өнімдері ветеринариялық сараптаудан өт­кі­зіліп, сатылымға рұқсат етілген. 

Облыс көлемінде тіркелген 34 мал сою алаңы және 4 мал сою пунктінде 12267 бас ірі қара, 5088 бас уақ мал, 2680 бас жылқы, 462 бас түйе 38 бас шошқа сойылған. Облыс аумағындағы жануарларды өткізумен (мал ба­зары) айналысатын 2 орында (Қызылорда қаласы мен Шиелі кенті) былтыр 15109 бас ірі қара, 14803 бас уақ мал, 7961 бас жылқы сатылды.

 Облыстық прокуратура мен ветеринария басқармасының бастамасы бойынша облыс әкі­мінің өкімімен мал ұрлығының алдын алу іс-шара жоспары бе­кітілді және жұмыс тобы құрылған болатын. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері және 14 мемлекеттік мекеме бірлесіп, ауқымды жұмыстар атқарды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларын 188 бақташымен бағу ұйымдастырылды және 8 жануарларды уақытша ұстау тұ­рағы белгіленді. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алаяқтық қыл­мыстың алдын алу, әлеуметтік мұқтаждықтарды шешу жұмыс­тары тек қолданыстағы заңнама аясында жүргізілетіні жөнінде түсіндірме жасалған.

Былтырғы жылдың эпиде­мио­ло­гиялық маусымында Конго-Қы­рым геморрагиялық қызбасы ау­руынан қолайсыз 123 елді мекендегі мал қораларына тиісті механикалық тазалау және за­лалсыздандыру жұмыстары жүр­­гізілді. Басқарманың ұйым­дас­тыруымен мүгедек, әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отба­сыларға мал қораларының меха­никалық тазалануына арнайы тех­никалармен және асар әді­сімен көмек көрсетілді. Міне, осындай атқарылған жұмыстар нә­ти­же­сінде облыс көлемінде эпи­зоотиялық тұрақтылық сақталуда.

Бүгінде әлемді коронавирус індеті қатты алаңдатып тұр. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантиндік шаралар барынша күшейтілді. Барлық назар, күш осы проблемаға бағытталған. Солай бола тұра назардан тыс қалдыруға болмайтын салалар бар. Соның бірі – жыл сайын атқарылатын жануарлардан таралатын қауіп­ті аурулардың алдын алу ша­ралары. Осы ретте басқарма басшысы облыс көлемінде жа­нуарлардың экзоотикалық, аса қауіпті жұқпалы және энзоо­тиялық ауруларынан қорғап, эпи­зоо­тиялық тұрақтылықты сақ­тау жұмыстары бекітілген жос­парға сай, уақытылы жүргізіле беретінін мәлімдеді. Бұл жөнінде министрлік тарапынан да әлсін-әлсін ескертілуде. Ол дұрыс та. Адамға қауіпті кеселге қарсы шаралар атқарылуымен қатар, үй жануарларына қауіпті кеселге қарсы іске асырылатын жұмыстар еш ұмыт қалмауы тиіс. Әйтпесе, «Жау жағадан алғанда, бөрі етек­тен тартадының» кері келіп жүрер.

Ауыл-аймақтардағы қараша қазақтың қазіргі кездегі негізгі тіршілік көзі   –  мал.  Сон­дықтан, қай кезде де вете­ри­нария саласының алар ор­ны бөлек болмақ. Сала ма­ман­дары облыс көлемінде эпи­зоотиялық тұрақтылықты сақ­тау мақсатында бар күш-жігерін аямай жұмыс жүргізе беретін болады. Облыстық ветеринария басқармасы басшысымен кезде­суде осындай ой түйдік.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<