Мамырда не өзгереді? Жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі

215

0

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасына қарағанда, 1 мамырдан бастап мобильдік бригадалардың жұмыс тәртібі өзгереді. Дегенмен жедел жәрдем қалыпты режимде жұмыс жасай бермек. Бұл туралы «Қазақпаратта» жазылған. 

Жедел жәрдемнің келуін ұзақ кү­тушілер айтқан шағымдарға байланыс­ты әрі шұғыл қыз­мет жұмысының тиім­ділігін арттыру мақ­сатында ем­хана­лар жанындағы жедел­діліктің 4-сана­тын­дағы шақыртуларға қызмет көр­сететін мобильдік бригадалар жұмы­сының қа­ғидаларына өзгерістер енгізіп отыр.

Жеделділіктің 4-санатындағы ша­қыр­тулар пациенттің өмірі мен денсау­лығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты.

Сонымен, 1 мамырдан бастап емха­налар жанындағы мобильдік бригада­лар жұмыс уақы­тында, яғни  8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс іс­тейді. Өмір­ге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-сана­тындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емха­налардың жұмыс уақытында МСАК мобильдік бригадаларына қайта бағыт­талады. 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық ша­қыр­туларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрын­ғыдай, жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.

Мобильді телефондарды міндетті тіркеу

Елімізде мобильді телефондарды міндетті тіркеу 2025 жылдың 26 мамырына дейін ұзар­тылған болатын. Бұл туралы Цифр­лық даму, ин­новациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­лігінің  хабарын «Қаз­ақ­парат» жа­риялаған.

Еске салсақ, осы жылдың 25 нау­ры­зынан бастап, Қазақстанға әкелін­ген барлық мобильді құрылғы GSMA халықаралық базасында және мемле­кеттік жүйеде міндетті верификациядан өтуі тиіс.

Бизнес өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіл­геннен кейін қосымша 60 күн уақыт беру туралы шешім қабылданды. Бұл импорттаушылар мен сатушыларға бұрын әкелінген, бірақ әлі сатылмаған құрылғыларды тіркеуге мүмкіндік бе­реді. Осылайша, бизнеске барлық мо­бильді құрылғыны тіркеу үшін тағы екі ай беріледі. Құрылғыларды https://kz-imei.kz/ порталында заңдастыру қажет. Верификациядан өтуге 60 күн беріледі. 2025 жылдың 26 мамырынан бастап заңдастырылмаған құрылғылар мобильді байланысқа қосылу мүмкіндігінен шектеледі, делінген хабарламада.

Жаңа әуе рейстері

Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тұрақты негізде жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашу жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, 27 мамырдан бастап «SCAT» әуе компаниясы «Шымкент – Будапешт», «Шымкент – Мюнхен»,  «Шымкент – Каир», «Шымкент – Шанхай», «Шымкент – Сеул», «Шымкент – Сиань», «Шымкент – Үрімші» жаңа халықаралық бағыттарын ашпақ.

«Air Astana» әуе компаниясы да 14 мамырдан бастап «Астана – Дананг», «Атырау – Тбилиси», «Алматы – Ош», «Атырау – Баку» бағыттарына қаты­найды.

«Qazaq Air» әуе компаниясы 1 мамырдан бастап «Астана – Түркістан – Самарқанд» жаңа халықаралық бағытын аптасына 2 рейс жиілігімен іске қосады.

«Fly Arystan» әуе компаниясы 18 мамырдан бастап «Алматы – Инин» бағытына қатынай бастайды.

Сондай-ақ, «Eastar Jet», «TWay», «Spice Jet», «Air Cairo»,«Thai Air Asia X» сияқты бірқатар шетелдік әуе компаниясы Қазақстан Республикасына жаңа рейстер ашуда.

Ақпарат көздерінен дайындаған

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»