Медицина – жүрек пен жанның мамандығы

12

0

Тұмаудың күшейген шағында ел ішін алаңдаушылық билегені рас. Ауылда да сырқаттанғандар көбейіп, әр шаңырақта қиындық сезілді. Осындай сәтте ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегі айқын көрінеді. Мен де осы өршіген тұмаудың кесірінен сырқаттанып, Қызылқұм дәрігерлік амбулаториясына жүгінуге тура келді. Расын айтсам, сегіз күн бойы сол жерден мейірім мен жауапкершіліктің нағыз мектебін көрдім.

Ауылдық жерде медицина қызмет­кері болу – үлкен ерлікпен пара-пар еңбек. Қаладағыдай толық құрал-жабдық, мол мүмкіндік жоқ. Соған қа­рамастан, Қызылқұм дәрігерлік амбу­латория қызметкерлері өздеріне жүк­телген міндетті мінсіз атқарып келеді. Әр келушіні жылы жүзбен қар­сы алып, қолынан келген бар кө­мегін көрсетеді. Ең бастысы – дә­рі­­герлігімен бірге адамгершілік қасиет­тері де биік.

Айта кетерлігі, бұл дәрігерлік амбулатория негізі 1965 жылы Қы­зылқұм совхоз болып құрылғанда ауыл­дық аурухана болып қаланған. Алпыс жыл бойы талай науқасқа өмір сыйлаған, талай отбасыны қуанышқа бөлеген. Мен білетінде, Кәдірбаев Па­зылбек, Жұмахметов Ханафи, Тә­уе­келов Жанай атты медицина сала­сының марқасқалары еңбек етті. Ке­йінірек Жұматаева Зиба, Омарова Дә­мегүл басшылық жасап, ауыл тұр­ғындарының денсаулығы үшін аянбай қызмет жасады.

Ауылдық аурухана дәрігерлік амбу­латория болып, қайта құрылым­далып, 2023 жылы жаңа ғимаратқа көшірілді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кең әрі заманауи ғимараттың лентасын қиып, тұрғындарға табыстаған сәт ауыл жұртшылығы үшін үлкен қуаныш еді. Бүгінде сол жаңа ғима­раттың ішінде ауыл тұрғындарының денсау­лығы үшін тер төгіп жүрген абзал жандардың еңбегі тіпті еселене түскендей.

Мен емхана табалдырығын аттаған алғашқы күннен-ақ өзімді қамқорлық ортасына енгендей сезіндім. Медбикелер жағдайымды мұқият тексеріп, қажетті ем-домды дер кезінде таға­йындады. Олар уақытылы екпесін са­лып, тыныс ашатын процедуралар жа­сап, әр күн сайын жағдайымды қада­ғалап отырды.

Бұл ретте амбулатория меңге­ру­шісі Төлеген Арайлым Қайратқызы біліктілік арттыру курсында жүрге­ніне қарамастан, ұжым жұмысы жү­йелі ұйымдастырылған. Уақытша бас­­шылық аға мейіркеш Рутел Жан­сая­ның жауапкершілігінде, оны абы­роймен ат­қарып отыр. Ұжымды үй­лес­тіріп, күн­делікті қызметтің бір сәтке тоқ­тамауын қамтамасыз етіп жүрген жан­ға үлкен ризашылық білдіремін.

Аға мейіркештің айтуынша, биыл тұмаудың алдын алу шаралары ертерек қолға алынып, ауыл тұрғын­да­рының есепте тұрғандары мен зейнеткерлерге жоспарлы түрде тұмауға қарсы вакцина егілген. «Уақытылы жасалған вакцина – аурудың асқын­бауына үлкен себеп болды», – дейді ол.

Сондай-ақ тәжірибелі мамандар әлеуметтік мейіркеш Оспанова Света мен моб мейіркеш Нағметулла Рай­саның кәсібилігі мен жылдар бойы қалыптасқан жауапкершілігі әр нау­қасқа көрсетілген қызметтерінен анық көрінеді. Ал жас мамандар: фельдшер Қалыбай Әлислам, акушер Тастыбай Айдана, егу мейіркештері Ізбасар На­зерке мен Сәмбетова Жұлдызай жә­не лаборант Байдос Гүлзат сынды ізде­німпаз жастар таңертеңнен кешке дейін дамыл таппай, тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетіп жүр.

Осы тұста айта кететін жайт,  Қызылорда медициналық колледжінің 1-курс студенті Махамбет Жансая да дәл осы ұжымда тәжірибе жинақтауда екен. Осындай абыройлы әрі үлгілі ұжымнан үйреніп, іс жүзінде білігін шыңдауы болашақ маман үшін үл­кен мектеп, өмірлік сабақ әрі кәсіби жо­лындағы құнды бастау екеніне күмән жоқ.

Емдеу ісінің көрінбей тұратын, бірақ өте маңызды бір қыры – тазалық пен тәртіп. Бұл бағытта техникалық қызметкерлер Өтеген Ұлбибі, Нұр­қожа Табиға, Қожахметов Сердалы және Қожақов Серіктің еңбегі ерекше. Мекеменің ішкі-сыртқы тазалығы, жылуы, жайлылығы – олардың күн­делікті елеусіз, бірақ бағалы қызме­тінің нәтижесі.

Олардың ізеттілігі, сабырлылығы, жылы сөзі жанға демеу болды. «Ауы­рып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақы тәмсілдің өзі осындай жанашыр жандардың еңбегіне қарап айтылғандай.

Қызметкерлердің барлығы – өз ісінің нағыз мамандары. Әсіре­се, ха­лыққа жақындығы, ауыл тұрғын­да­рының денсаулығын шынайы ойлауы, алғыс күтпей атқаратын еңбегі – қандай құрметке де лайық. Әрбір науқастың жағдайына үңіліп, қолынан келгенін аямайтын мұндай ұжымның болуы – ауыл үшін үлкен олжа.

Қызылқұмның қысы қыр астында тұрған шақта, тұмаудың тырнағына іліккен біз сияқты талай жанға демеу болып жүрген дәрігерлік амбулатория қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Бұл – менің ғана емес, ауыл хал­қының ортақ ризашылығы деп біле­мін.

Медицина – жүрек пен жанның ма­мандығы. Ақ халаттылардың жүгі ауыр, жауапкершілігі  орасан. Деген­мен, осы жолды таңдаған Қы­зыл­құм дәрігерлік амбулатория қызмет­керлері қай сәтте де кәсібилік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп келеді.

Алғашқы байлық – денсаулық болса, сол денсаулықтың күзетшісі болып жүрген сіздердің орындарыңыз әрқашан биікте болғай.

Сәкен ҚАБЫЛОВ.

Кәукей ауылы,

Қазалы ауданы