Мен 2017 жылдың 17 сәуір күні облыстық тері-венерология диспансеріне жұмысқа қабылдандым. Диспансерде пациенттерге сапалы емдік шара жүргізу мақсатында қатаң тапсырма беріп, онысын тез-тез орындаңдар деген бұйрықпен сөйлеген ақ халатты, жүзі жылы, даусы қатаң бір кісіні көзім шалды. Сұрастыра келе ол тері-венерология бөлімінің аға мейіргері, әріптестері «тез-тез» деп қалжыңдап есім қойған (әрине, жұмыс жүргізу қабілетіне сай) жүрісі ширақ, жұмысы тиянақты әріптесім Сәуле Әнуарқызы екен.
Кәсібіне жауапкершілігі мол, әріптестеріне де, ем алушылар арасында да сыйлы маман екен. Сәуле Тажмағамбетова 1968 жылдың 16 қазанында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда медициналық училищесінің «Медицина мейіргері» мамандығы бойынша 1987 жылы бітіріп, сол жылы облыстық тері-венерология диспансеріне мейіргер болып жұмысқа қабылданған. 37 жылдан астам медицина саласында тәжірибесі бар білікті маман Денсаулық сақтау министрінің, «Нұр Отан» партиясының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамоталары», «Алғыс хаттармен» марапатталған. Денсаулық саласын дамытуға, жаңа заманауи технологиялық жүйені жетік меңгеріп, медициналық ғылыми озық тәжірибелерді насихаттағаны үшін республикалық «Денсаулық» альманах журналының «Үздік мейірбике» төсбелгісін иеленді.
Жанына шипа іздеген қаншама жанның көңіліне демеу болған әріптесімізге алдағы 12 мамыр – «Халықаралық мейіргерлер күні» кәсіби мерекесі қарсаңында тілектестік білдіруді жөн көрдік. Ақ халатты кіршіксіз таза ұстап, ем алушылардың көңілінен табылып, қызметіне ерекше ықыласпен қарайтын мұндай мамандар жастарға үлгі-өнеге көрсете береді деп білеміз.
Ж.ЖҰМАТАЕВА,
облыстық тері-венерология диспансерінің бас мейіргері






