Мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованы еске алу іс-шарасы өтті

61

0

Фото: Сырдария ауданы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованы еске алуға арналған іс-шара өтті.

Еске алу іс-шарасына қоғам қайраткері, Қызылорда облысының және Қызылорда қаласының, сондай-ақ Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Қайроллаев, қоғам қайраткері Әбдіғаппар Әмірғалиев, Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Абзал Ералиев, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы, Қызылорда қаласының және Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, білім беру саласының «Құрметті қызметкері» Райкүл Байназарова, композитор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Рамазан Тайманов, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жаленова, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, сонымен қатар облыс, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, әріптес достары, қоғам белсенділері мен жастар қатысты. Тағылымға толы жиында құрметті қонақтар қайраткердің өмірі мен еңбегі жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, сыр шертті. Жиынды ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы жүргізіп отырды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованы еске алу іс-шарасы өтті

Аудан басшысы өнегелі өмір иесінің ауданның дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
– 1992-1999 жылдары бұрынғы Тереңөзек ауданының әкімі болып, аудан дамуына еңбек сіңірді. Тарихта ауданды басқарған ең алғашқы әкім болды. Осы уақыттар ішінде ауданның сақталып қалуына атсалысқан бірден-бір адам – Алмагүл Божанова. 1997 жылы Президенттің Жарлығымен республикада территориялық өзгеріс болып, облыс облысқа, аудан ауданға қосылып жатты. Қызылорда облысында бір аудан қысқаратын болып, таңдау Тереңөзек ауданына түскен. Сол кезде комиссия алдында ауданды қорғап, сақтап қалған. Ғасыр құрылысы саналған Сырдария өзеніндегі үлкен көпірдің де салынуына мемлекет және қоғам қайраткері атсалысқан. Айта берсе, Алмагүл Божанқызының елге атқарған қызметі көп. 1999 және 2003 жылы ол кісі облыстық Мәслихаттың депутаты, хатшысы болып сайланып, өңірдің өркендеуіне үлес қосты. Өмірінің соңына дейін қоғамдық іс-шаралардың ортасында жүріп, Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жүргізді. Аймақта тәрбиелі іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше еңбек сіңірді. Артына өшпес іс қалдырды. Сондықтан мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

«Еңбегі мен есімі елдің мәңгі есінде» тақырыбындағы жиын барысында құрметті меймандар мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың ел мүддесі жолындағы қажырлы қызметі, ауданның өркендеуіне қосқан үлесі және кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі істерін айтты, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, қатысушылар қайраткердің жарқын келбеті мен парасат-пайымын еске алып, жастарды отансүйгіштікке, адал еңбек етуге шақырды.

Күйші, композитор, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ысқақова жылы лебізімен бөлісіп, «Күрішшілер» күйін орындап берді. Аудан өнерпаздары А.Божанованың рухына тағзым ретінде оның сүйікті әндерін орындап, ерекше әсер сыйлады.

Іс-шара барысында Алмагүл Божанқызының мұрасын дәріптеліп, туған жерінің игілігі үшін аянбай еңбек жанның есімі халық жадында мәңгі сақталатыны, алдағы уақытта мұндай игі іс-шаралар жалғасын табатыны айтылды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<