2024 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң 1 қаңтардан бастап өз күшіне енді, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Жаңа Заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуды көздейді. Сондай-ақ, аталған Заң арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі күшейтіліп, бәсекелестік дамитын болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов айтты.
– Жаңа Заң жобасы арқылы бірыңғай сатып алу платформасы құрылып, құрылыс нарығы монополиясыздандырылатын болады. Одан бөлек аталған Заң сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да жәрдемдеседі. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу саласында заң бұзушылықтардың алдын алу және жаңа заңнаманы түсіндіру мақсатында өткен жылы қала мен аудан әкімдіктерінің және облыстық басқармалардың мамандары үшін 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, ақпан айында Астана қаласынан келген сарапшылардың қатысуымен «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік сатып алулар» тақырыбында облыстық семинар өтіп, 230 маманға сертификат табысталды. Сәуір айында да тексеру комиссиясы мен ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері бірлесіп, барлық аудандарда көшпелі семинар өтті. Ал, қараша айында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімдіктері мен басқармалардың мамандары үшін жаңа Заңнаманың ерекшеліктері түсіндіріліп, көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылды, – деді Бауыржан Серікұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<