Мемлекеттік сатып алудағы ашықтық пен тиімділік партия алаңында қаралды

4

0

Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қатысуымен партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.

Жиынның күн тәртібінде мемлекеттік сатып алу саласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланып, кеңестің құрамына өзгеріс енгізілді.

«Мемлекеттік сатып алу саласында ұйымдастырылатын конкурстардың ашықтығы мен оңтайлылығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және жергілікті атқарушы органдарға түсетін жүктемені азайту мақсатында, облыс әкімінің бастамасымен 2023 жылдан бастап, облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктері және оларға бағынысты мекемелер арасында мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы айқындалды. Атап өту керек, бір облыста – бір ұйымдастырушы тәсілін республика бойынша бірінші болып, Қызылорда облысы енгізді.»-деді облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысы Бауыржан Шаменов.

2025 жылы мемлекеттік сатып алу веб-порталда 1 158 тапсырыс берушімен жалпы 110 309 сатып алу жоспарланып, жүзеге асырылған.

Бұл ретте, жалпы жоспардың тек 3 пайызы немесе 3 304 сатып алу облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен конкурс тәсілі арқылы өткізілсе, қалған 97 пайыз мемлекеттік сатып алулар тапсырыс берушілердің тікелей өздерімен өткізілген.

Жиында барысында кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев: «Мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілетін мемлекеттік саясатқа сәйкес мемлекеттік басқарудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізіліп, мемлекеттің міндеттері мен функциялары қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге бұл қызмет негізінен қаржылық қатынастардан тұратындықтан және мемлекеттік органдармен бірге көптеген кәсіпкерлік субъектілерін қамтитындықтан өте маңызды болып табылады» – деді.

Мұнан бөлек жиында кеңес мүшелерінің құрамына өзгерістер енгізілді. Отырысты қорытындылаған филиал төрағасы Жандос Базартай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл баршаға ортақ міндет екендігін тілге тиек етіп, мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық көріністері мен оның туындау себеп салдарын жою мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде бақылауда болатындығын атап өтті.