Мемлекеттік тіл мәртебесі

124

0

Кеше облыс әкімдігінде «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тиімді тәжірибелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңесі өтті. Оны облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов жүргізіп отырды.

Семинар-кеңеске ҚР Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің Тіл саясаты ко­митеті, жауапты өңірлік бас­қармалар, тілдерді оқыту ор­та­­лықтары және ұлттық ком­­пания өкілдері, филолог-ға­лымдар қатысты. Бүгінде елімізде қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін арттыру, ғылыми ком­муникацияда қолдану аясын кеңейтуге ықпал етуге баса назар аударылуда. Оған қоса ғылым тілі ретінде қолданудың өзекті мәселелерін талқылау және шешу жолдарын ұсынуға көңіл бөлу керек. 

Шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясат комитетінің бас­қарма басшысы Қайыржан Рақымжанов елімізде бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар барысымен таныс­тырды. 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамы­тудың тұжырымдамасы жария­ланған еді. Қазір жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар және өзге де құзырлы мекемелер тарапынан нақты жұмыстар жүзеге асты. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оны ғылым тіліне айналдыру үшін тиісті іс-шаралар қолданысқа енгізілген.

– Тіл саясатын дамытуға бағытталған семинар-кеңестің Сыр өңірінде өтуі заңдылық деп айта аламыз. Биыл Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына жүз жыл толып отыр. Сондықтан тіл жанашырлары тарапынан тарихы тереңнен тамыр тарт­қан қасиетті мекенде маңызды шараны өткізу ұйғарылды. Бұл семинар-кеңес тілдің қолда­ныс аясын кеңейтуге, бүгінгі қоғамдағы рөлін арттыруға оң серпін береді деген сенімдеміз, – деді ол.

Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда уни­верситетінің профессоры, химия ғылым­дарының кан­ди­даты Нұрбол Аппазовтың айтуынша, қазақ тілін ғылыми айналымға енгізудің мәні зор. Әлі де дамыта түсуді қажет етеді. Кемшіліктер де жоқ емес. Атап айтқанда, оқулықтар мәселесі жүйеге толық түсе қоймағаны жасырын емес.

– 1998 жылдары еліміздің жоғары оқу орындарында химия-биология бағытында оқу­лықтар өте тапшы болды. Сол уақытта қазақ тілінде «Жалпы химия» деген кітабы ғана жазылған еді. Қалғаны орыс тілінде да­йындалған. Салдарынан бұл оқулықтарды ау­даруға мәжбүр болдық. Қазір сол олқылықтың орнын толтыру үшін көптеген әдебиет шығарылды. Дегенмен әлемдік дең­гейде ғылыми еңбектер жинақталған база­лар­да қазақ тілінде жазылғандары мүлдем жоқ екенін аңғарамыз. Дүние жүзінде көпте­ген мемлекет өзде­рі­нің ана тілінде жазыл­ған дү­ние­лерді ағылшын тілінде ау­дар­ма­сымен бірге сол ба­за­­ларда жариялауға қы­­зы­­ғу­­шы­лық танытып отыр. Сондай-ақ ол үшін ке­лешекте ғылыми терми­нологияны жүйе­­леу­дің маңызы ерекше, – дейді Н.Аппазов.

Сондай-ақ семинар-кеңесте Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университетінің Жа­санды интеллект инсти­ту­тының директоры, экономика ғы­лым­дарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаев  сала бойынша қазақ тілі аясын кеңейтуге бай­ланысты ойын жеткізді. Қазір жаһандық желі бет­теріндегі іздеу жүйелерінде ана тілі­міздегі ақпараттарға сұраныс күннен-күнге артып келеді. Сондықтан оның қорын мо­лайту үшін әлі де ауқымды жұмыстар атқаруымыз тиіс.

Семинар соңында тіл жанашырлары, сала мамандары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгісі, гра­мотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»