БҰҰ-ның дерегі бойынша 2100 жылға қарай әлемде кәрі адамдар көбейіп, халық саны азаяды. Жалпы кейінгі жарты ғасырда жер бетіндегі адамның табиғи өсуі екі есеге азайған. Мамандардың дабыл қағуына негіз көп. Өйткені, сауалнамаға қатысқандардың әрбір бесіншісі бала сүюге асықпайтынын айтқан. Бұл мәселе елімізге де қатысты.
Жуырда Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдаудың маңызы айрықша екенін айтқан болатын. «Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек» деп тапсырма берді.
60 жылдың жемісі
Иә, расында отбасы демографиясы тұтас бір елдің болашағына әсер етеді. Әрбір іргетасы мықты қаланған «шағын мемлекеттің» ішінде татулық пен тұрақтылықтың болуы аса маңызды. Осы екі қағиданы ұстаным еткен Мыңжасар Арысбаев пен Айшолпан Жиеншораеваның шаңырақ көтергендеріне 60 жыл толған. Жарты ғасырдан астам бір шаңырақ астында берекелі өмір кешіп, 5 ұлдан 22 немере, 23 шөбере сүйіп отыр. Сексеннің үшеуіне аяқ басқан ақсақал бүгінде үлкен әулеттің алып бәйтерегіне айналған. Ұрпағымен мың жасап отырған қариямен тілдесіп, татулығы жарасқан отбасын құрудың құпиясын сұраған едік.
– Біз кішкентайымыздан өмірдің бар бейнетін көріп өстік. Ата-анамда маған дейін бала тұрмай, шетінеп кете берген екен. Мен дүниеге келгенде 96 жастағы ақсақал «Өмірі ұзақ болсын, ұрпағымен мың жасасын деп ырымдап Мыңжасар» деп атапты. Міне, сол кісінің батасымен көгеріп-көктеп, қазір бір қауым елге айналдық. Әйелім Айшолпан да ата-анасының жалғыз қызы. 1962 жылы Қазалыдағы ауыл шаруашылық техникумында оқып, екеуміз көңіл жарастырып, кейін үш жылдан соң отау құрдық. Одан кейін Алматы Казсельхозтехника, ауылшаруашылық институтының механикалық факультетін сырттай бітіріп, инженер-механик маманы дипломын алдым. Жас кезден тынымсыз еңбек еттік, қиындықтан қашпадық. Соның арқасында болар «Ремводстрой», «Облселхозводаснабжение» автобазаларында бас механик, өзіндік қосалқы шаруашылықтың директоры болып қызмет істедім. Жұбайым да облыстық прокуратурада бас есепші болып 30 жыл еңбек етті. Қызметте жүріп 5 ұлды дүниеге әкеліп, әрқайсысының бір-бір үй болуына жәрдемдестік, – дейді Мыңжасар ата.
Қазір бейнеттің зейнетін көріп отырған ақсақал балалары мен немерелеріне «жеңіл өмірдің ғұмыры қысқа болатынын» әрдайым құлақтарына құйып келеді. Татулығы өзгелерге үлгі болатын 10 келінімен марқаяды. Олардың денсаулығы жақсы болса әлі де немере, шөберенің саны артатынына сеніммен қарайды.
– Жасыратыны жоқ, жастар қиындыққа төзбейді. Не нәрсеге де жеңіл көзқараспен қарайды. Біз секілді ашаршылықты, соғыстан кейінгі қиын кезеңдерді көрмеді. Бүгінде егемен ел болдық. Дегенмен біздің демография көңіл көншітпейді. Бұрын әр үйде 10 баладан кем болмайтын. Қазір мұндайлар сирек. «Көп қорқытады, терең батырады» дейді. Көбейгеніміз өзімізге жақсы. Бізден өзгелер сескенетін болады. Елдігіміз биік, мемлекетіміз мықты, ұрпағымыз көп болсын, – деп тілегін білдірді.
Ажырасудың демографияға әсері қандай?
Қария сөзінің жан бар. Демография мәселесіне дамыған елдер де дабыл қаға бастады. Өйткені, геосаяси жағдайдың тұрақтанбауы, күн сайынғы қымбатшылық әсер етуде. Көбі алдымен табысын көбейткісі келеді. Ал әлемді жайлаған қымбатшылықтан жастар бала сүюді емес, қара басының қамын ойлауға мәжбүр. Экономикасы әлеуетті АҚШ-тың өзінде бала туу көрсеткіші мәз емес. Халық санының азаюына алаңдаған президент Трамп сәби сүйе алмай жүрген жұптар үшін қолдан ұрықтандыру процедурасының бағасын арзандатып, оған үгіттеу үшін сыйақы тағайындапты. Жалпы кез келген елдің демографиялық жағдайы тұрақты болуы үшін әр әйелге шаққанда бала саны 2,1-ден кем болмауға тиіс.
«Мықты мемлекет болу үшін мықты отбасының негізі қалану керек» деп есептейді облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева. Ол елімізде отау құрған әрбір отбасының үшіншісі ажырасып жатқанына алаңдайды. Өйткені, бұл да халықтың өсіміне кері әсер ететін факторлардың бірі.
– Қазақстанда 2024 жылы отау құрған 124 мың жұптың жартысына жуығы, яғни 61080-і ажырасып кеткен. Бірқатар елдерде ажырасу деңгейін төмендету үшін емес, олардың отбасы мүшелері үшін жағымсыз салдарын азайту бойынша да шаралар қолданылуда. Мәселен, Сингапурде Әлеуметтік және отбасылық даму министрлігі бар. Министрлік міндеттерінің бірі – ата-анасы ажырасқан кезде балаларға көмек көрсету. Осы міндет шеңберінде балалар үшін ең қолайлы жағдай жасауды басымдыққа алатын бірнеше бағдарлама бар. Ата-аналарға ажырасудың қаржылық проблемаларын, өмір сүруге, қамқорлыққа және балалармен қарым-қатынас жасауға әсерін, ата-аналардың бала тәрбиесіне бірлесіп қатысудың маңыздылығын түсінуге көмектесетін 2 сағаттық ата-ана болудың міндетті бағдарламасы бар. Ата-аналарға ажырасу кезіндегі балалардың реакциялары туралы, сондай-ақ ата-аналарға, балаларға өз эмоцияларымен күресуге қалай көмектесуге болатындығы туралы қадамдық нұсқаулар беріледі, – дейді ол.
Сингапурде отбасы орталықтары, әлеуметтік қызмет кеңселері және Сингапурдың Әйелдер ұйымдары кеңесінің филиалдары жұмыс істейді, олар ажырасамыз деп шешкен немесе үйдегі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамдарға көмек көрсетеді.
Швецияда ажырасу санын азайту үшін ажырасуды кейінге қалдырудың міндетті мерзімі енгізілген. Мерзімдер 2 мақсатқа қызмет етеді. Біріншіден, олар ерлі-зайыптыларға бірге өмір сүрудің себептерін түсінуге уақыт береді, екіншіден, асығыс шешім қабылдаған жағдайда, ажырасудың міндетті кезеңдері ерлі-зайыптылардың ажырасуды тез арада қалайтын қақтығыстарды шешуі үшін эмоцияларды реттеуге мүмкіндік береді. Онда ажырасуға өтініш беру жарнасы 68 еуродан 122 еуроға дейін өсті (2020), бұл жылдық табыстың орташа деңгейінің 0,2 %-ын құрайды.
Елімізде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс жасайды. Ажырасу алдындағы және ажырасу сатысындағы отбасыларға көмек шаралары да қабылдануда. Аймағымызда «Отбасы орталығы» жұмысының бір элементі – некелесуге келген жастармен жеке-жеке өнегелі жандардың әңгімелесуі тәжірибеге енгізілген. Бұл, әрине, құптарлық жайт. Бірақ ажырасқаннан кейін отбасылар мен балаларға көмек көрсетудің дамыған жүйесі жоқ.
– Отбасын алдын ала жоспарламау, ата-ана болуға саналы түрде қарамау болашақта жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін. Қазақи ортада отбасын жоспарлау, отбасылық бюджетті басқару мәселелеріне аса мән берілмей келеді. Бала санын жоспарлау «Бір бала туса – бір түп жусан артық шығады» деген қазақ үшін әрине қиындау, дегенмен заманның талабы, өмір шындығы. Әкелердің тәрбие беру процесіне жеткілікті қатыспауы оны балаға әкенің көңіл бөлмеуі мен бірге демалыс күндерін өткізбеулерінен көрінеді. 2019 жылдан «Әкелер мектебі» жұмыс жасайды. «Ердің жұмысы – түзде» ұғымын ұстанушылар үшін мұның өзі прогресс, – дейді Гүлшат Исақызы.
Отбасын қолдау шаралары
Отбасының беріктігі, береке-бақыты, аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Сондықтан жыл сайын «Отбасы күні» аясында мазмұнды шаралар қолға алынады. «Анаға тағзым» орталығында өткен «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты тағылымды кездесу соның бір дәлелі.
Іс-шараға «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының екінші орын иегерлері қатысып, жастарға тағылымды әңгіме айтты.
Бұл жүрекке жылы мереке отбасының адам өміріндегі ең қастерлі құндылық екенін еске салып, насихаттап келеді. Бүгінде елімізде 6,2 миллионнан астам отбасы бар екен. Оларды мемлекет тарапынан қолдау тұрақты дамудың негізі болмақ. Бұл ретте енді шаңырақ көтеріп жатқан жастарға ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсету маңызды. Ана мен бала құқын қорғауға бағытталған заңнама жетілдіріліп келеді. Жалпы республикада 112 қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұндай орталықта өмірлік маңызды мәселелерді шешуге көмектесіп, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





