Студент кезімде Тұрсынбек Кәкішев ағайдың өзінің қалай студент болғаны туралы айтқан мына бір естелік әңгімесі менің есімде әлі күнге дейін қалыпты. «Мұғалім күнінде» осы естелікті оқырмандарға жеткізуді жөн көрдім.
1945 жылы 27 қазанда Алматыға оқуға келдім. Оқу әдеттегідей 1 қыркүйекте басталып кеткен. Оқуға келерде апайым: «Сен театр училищесіне түсуің керек, ол болмаса журфакқа бар» деп жіберді. Алматыға келген соң бір кәріс жігіті екеуміз Қонаев көшесінің бойынан үй жалдадық. Таңертең өзімше Алматыны аралап көргім келіп, Совет көшесімен жүріп отырып ҚазГУ деген жазуды көрдім… Коридорына кіріп, бір ашық тұрған есікке қызығушылықпен басымды сұқтым. Арғы жақта отырған үлкен қазақ кісі «кел» деп мені шақырып алды. Алғашында маған зекіп:
– Неменеге бос сандалып жүрсің? – деді.
– Оқуға түссем, босқа сандалмаймын ғой.
– Онда қағаздарың қане?
– Міне, қағаздарым.
– Журналист болғың келе ме?
– Иә оқуға алсаңыздар оқимын. Менің батылдау жауаптар қайтарғаныма риза болды ма, қағаздарымды көріп, «Мінекей мынаны жаз» деп үлгісін көрсетті. Көшіріп жаздым. Қағазды алып, бас жағына: «Оқуға қабылданды» деп қол қойды. Мен аң-таң қалдым. Осылай да оқуға түсуге бола ма екен?
– Неғып таңырқап тұрсың?
– Емтихан бар емес пе, оны қайтемін?
– Онда шаруаң болмасын. Оқуға қабылдандың жүре бер, – деді.
– Айтпақшы қайда орналастың?
– Жалдаған бір үйім бар еді…
– Онда мә саған, жатақхана, міне ордерің! – деді.
Кейіннен білдім, маған осыншама жылылық танытқан жарылқаушы кісі қазақ журналистикасының негізін салушы, сол кездегі ҚазГУ-дің ректоры Қайыржан Бекхожинның өзі екен… Міне, мен осылайша әп-сәтте студент болып шыға келдім.
Тұрсынбек ағайдың айтқан осы естелігі есімде қалған еді…
Тұрсынбек Кәкішев ҚазГУ-дің журфагін үздік бітіріп, кейіннен филология ғылымының докторы, профессор атанып, өмірінің соңына дейін сол университетте абыройлы еңбек етіп, қазақ журналистикасы мен әдебиетіне зор үлес қосқан үлкен ғалым болды.
Айбол БИТУҒАНОВ





