Мендельсон маршы

188

0

Шаңырақ көтеріп жатқан жастардың тойына бәріміз де барып, бар кәдесіне, қызығына ортақтасып жүрміз. Бірақ сол тойдың басталар сәтінде де, соңына дейінгі елдің назарын екі жасқа аударатын тұстарында да ойналып тұратын салтанатты әуеннің тарихына мән беріп көрмеппіз-ау. «Бақсам, бақа екен» демекші, бұл композитор Феликс Мендельсонның 1826 жылы 17 жасында Уильям Шекспирдің «Жазғы түнгі ұйқы» комедиясына арнап жазған көтермелеу маршы екен. Ал әуеннің атауы «Есек пен королеваның үйлену маршы».

Болашақ композитор Феликс Мендельсон банк қызметкері Авраам Мендельсонның отбасында өмірге келіпті. Ал атасы – атақты еврей философы Мозес (Мойсей) Мендельсон. Мозес Мендельсон тым көріксіз, бойы өте аласа, оның үстіне бүкір болған көрінеді. Бірде Гамбург көпесінің үйінде қонақта болғанында Мозес көпестің айдай сұлу қызы Фрумтьені көріп, ессіз ғашық болып қалады. Бірақ айдай ару Фрумтье ергежейлі жігітке назар салудың өзін артық санайды. Қонақтан қайтарда Мозес бар батылдығын жиып, қызға сөз салуға бекініпті. Періштедей қыздың бөлмесіне кіріп, қыздың өзіне көз қиығын салуға да жиіркеніп тұрғанын көріп қатты қорланса да өзін-өзі қолға алып: «Сен некенің аспанда қиылатынына сенесің бе?» дейді. «Сенемін», деген Фрумтье қырын қарап тұрған күйі: «Ал өзің ше?» депті. «Мен де, дейді Мозес сөзін жалғап: – Ал, білесің бе, ана жақта, аспанда ер бала өмірге келгенде, Жаратушы оның кімге үйленетінін шешеді екен. Мен дүниеге келгенімде Жаратушы ием менің болашақ қалыңдығымды көрсетіп: «Мынау бүкір, бойы аласа әрі көріксіз әйел сенің қалыңдығың болады» дегенде, мен бар даусыммен: «Жаратқан ием, аяушылық жасашы, ер адам болса тағдыр жазуына көнер бәлкім, ал әйелдің сондай күйде болуынан асқан қасірет жоқ қой. Одан да менің болашақ қалыңдығыма жазылған тауқыметті маған бер де, әйелімнің елден асқан ару болуын нәсіп етші» деп, тілек тілегенмін».

Дәл осы сәтте Фрумтье Мозестің көзіне тура қарап, бір минуттық үнсіздікпен оның тағдыршешті пайым-парасатын өзінің болашақ тағдырына сыйғызып үлгереді де, тәуекел етіп, қолы мен жүрегін ұсынады және өмір бойы адал жар болып өткен көрінеді.

Осыдан жиырма бес жылдай бұрын көзімді емдетуге Қызылорда қаласындағы енді ғана пайдалануға беріліп жатқан облыстық медицина орталығына жаттым. Бір палатада төрт адам болдық. Ең үлкеніміз 1925 жылғы, бойы бір метрден сәл асатын Сапар ақсақал. Жарасымды сақал-мұрты бар, әңгімешіл, домаланған ақсақалдың әңгімесін тыңдап, қызметін жасаудан шаршамадық. Соғыстың соңына қарай әскерге алынған, бойы тым аласа Сәкеңе өзге жауынгерлер баласындай өбектеп, шайқастан аулақтау ұстап, ештеңе істетпепті. «Полк баласындай болдым» дейді ақсақал сол кездегі қаруластарына деген ризашылығын жасыра алмай.

Ауруханаға кемпірі, екі баласы келіп тұрды. Сәкеңнің бойы апамыздың иығына да жетпейді екен. Сыйластықтарына сызат түспегені, бақытты екендері әзіл-қалжыңдарынан байқалып тұрды. Бір ыңғайлы уақытта Сапар ақсақал соғыстан кейінгі қиын-қыстау уақытта Құдай қосқан қосағымен қалай табысқандарын майын тамызып айтып берген.

Шындығында, «Мендельсон маршы» авторының атасы айтқандай, некенің аспанда қиылатыны, яғни тағдырды Жаратушының белгілейтіні рас болса керек.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы