Андрей Александрович кең пейілді, жаны да, рухы да таза, шығармашылық еңбекке шын берілген суреткер еді. Ол кісі бізге режиссура пәні бойынша апта сайын үш рет лекция оқитын. Сабақ үстінде ол өзі ғана сөйлеп қоймай, әңгімеге бізді де тартып, көп дәрісін пікір алмасу түрінде өткізетін. Р.Ролланның «Қасқырлар» пьесасын оқу құралы ретінде алып, сабақ үстінде кейіпкерге айналып, оны өзіміз ойнап, оқиға желісін іс үстінде айқындап, әрекеттік жүйесін сахналық қимыл үстінде тауып, ол кісіні тыңдап қана қоймай, режиссер тәсілін оның артисі болып та үйрендік. Ұстазымыз асқан жомарттық пейілмен өзінің көкейінде жүрген ойларын, қиялында орын тепкен армандарын, біздің өмірімізге, өнерімізге қажетті нақты ұсыныстары мен режиссерлік тәсілдің сан қырын санамызға сіңіре түсті.
Үлкен артистермен жүргізілген репетиция барысында да ол көрермен залында отырған бізді ұмытпайтын. Артистерге арналған ескертулер, мизансценаны қайта тазалау кезіндегі оның жұмыс істеу тәсілі, іс-харекет пен сол әрекет жүйесінен туындап жатқан сөзді жеткізу әдістері – қойшы әйтеуір өзінің жұмыс процесіндегі көптеген айла-әдісін мастер жариялы түрде жасап, міне осылай істеңдер дегендей екінші планда бізге де арналатын. Шәкірттерінен қамқорлығын аямайтын, ақ жүректі жан еді.
Қамқорлық демекші.
Алғашқы қамқорлықты Райымбек Сейтметов ағамнан көрдім. Рекең хат арқылы оқуға түсудің барлық жолын түсіндіріп, мені бағыттаған болатын. Рекеңнің ақылымен Қазақ ССР Мәдениет министрлігіне театр директоры Сақтаған Тұрлымұратов екеуміз барып, содан осы оқуға қол жеткіздім. Мәдениет министрлігінің рұқсатымен Сәкең маған жарты айлығымды төлеп тұрды. Бұдан артық қамқорлық бола ма? Мәскеуден Сәкеңе жазған хатым:
«Қадірлі, Сәке! Саламатсыз ба?
Москвада отырып қазақша сәлем хат жазудың өзі де бір ғанибет екен. Аман-есен орналастым. Бір бөлмеде бес адам жатамыз. Орталық, тереземізден Кремль көрініп тұрады. Менің мұғалімім Гончаров Андрей Александрович деген кісі. Маяковский театрының бас режиссері, РСФСР-дің Халық артисі. Маман Байсеркенов жақсы режиссер деп отырды ғой. Өзім А.Варпаховскийге барғым келіп еді, ұстаз ретінде қайсысы мықты екенін біле береміз бе, бізге үйренсек, тәлім алсақ, бір нәрсе тоқысақ болды да.
Осының бәріне сіз де «кінәлісіз» Сәке! Рахмет! Қалтаңыздан жырып бермегеніңізбен (Сәке бұл ағаттығымды көңіліңізге алмаңыз, тек теңеу ретінде жазып отырмын) туған ағаның қолынан ғана келетін жақсылықтар істедіңіз маған. Қамқорлық жасап, үлкен басыңызбен режиссурада тәй-тәй басқан қадамымды қуаттап, оқу жолына өз қолыңызбен аттандырдыңыз. Өз басыңызды қатерге тосып, жаздай мені толық айлықпен сайрандатып қойдыңыз. Мұндай жақсылық екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан да менің сізге алғыстан басқа айтар бірауыз сөзім жоқ. Тағы да үлкен рахмет, Сәке! Мен оқуға түскендегі «абырой болды-ау» деп қайта-қайта қайталап, сіздің мен үшін қуанғаныңыз қанша күш бітіргенін білсеңіз. Ал сіздің: «стипендия бермесе оны да көрерміз. Бір шаруасын қылармыз. Тірі жанбыз ғой» деген сөздеріңізді тек аға ғана айта алады. Сіздің сөзіңізден шығып, тілегіңізді ақтаған іні бола алсам, өзімді мықты жігіттердің бірі деп білер едім. Міне Қызылордаға барғанда көзбе-көз айта алмай, бірақ көңіл түкпірінде өзіңізге арналған ыстық лебізім.
Сау-сәләмет болыңыз!
Көріскенше күн жақсы. Сұрағандарға менен сәлем айтыңыз.
Ініңіз Хұсейн. Москва. 12 сентябрь 1972 жыл».
1972 жылдың ақпан айында ма екен, бірге жатқан достарыма сюрприз жасамақшы болып, Әлияға айттым сен бір қаз әкеліп, ауылдан әкелген сүр етің бар, бір ет асшы дегем. Ол курсымен Мәскеуге он күнге келген екен, жігіттердің айтуымен біз КСРО Мәдениет министрлігінің дачасы бар екен, қыста бос болатын, сәл қашықтау, бірақ троллейбус жүреді сонда тұрып жатқанбыз. Демалыс күні ол ас дайындасын, Литва жақтан кластасым әрі күйеу балам Марат Сақтапов келеді екен, ол қосылды, жігіттер жиналды. Етті табаққа салып алдарына қойғанда жігіттердің есі шығып кетті. Әсіресе, Юра, ол тамақ жегенді, ішкенді жақсы көретін. Содан әуелі қолмен жеңдер деп едік, бір-екі рет қолын табаққа апарып жандары шығып кетті, сосын амал жоқ тарелкаға салып беріп едік, соқты дейсің, әй бір жасап қалды-ау, олармен бірге өзіміз де Мәскеу төрінде етке тойған күніміз болды.
Мамыр айында сынақ, емтихандарымызды тапсырып елімізге қайттық. Енді дипломдық спектакль қойып, соны осында әкеліп қорғауымыз керек. Қызылордаға оралсам тағы өзгерістер орын алыпты. Төлеш Тұңғышбаев өзінің Қарағандысына бас режиссер болып ауысып, орнына Шымкенттен Тастан Өтебаев келіпті. Өткен маусымда ол Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», Сақып Жамал Диханның «Қара гүлдер», С.Адамбековтің «Аюбайдың ажалы» спектакльдерін шығарып, Қызылорда көрермендеріне танымал болып қалыпты. Репертуары мықты дүниелер, қойылымдары да сәтті туындылар болып шыққан. Жолдасы Рәшида Түгелбаева жақсы актриса екен, Ақтоқтыны ойнап, актерлік шеберлігінің мықты екенін өз көзіммен көрдім.
Он сегізінші маусымның басында Т.Өтебаев Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығына арналған Г.Хухашвилидің «Өмір жолы» драмасын сахналауға кірісті, 7 қараша күні жаңа маусымның шымылдығын премьерамен ашып, шығармашылық еңбекті қатарласа атқаратын болдық. Тастанды мен Өнер институтынан білем, бізден кейін бітіретін режиссерлермен бірге оқыды. Жақып Омаров, Әскер Құлданов, Тілеуберді Доспаев. Аңқылдаған ақкөңіл, көкірегінде көлеңке жоқ, өнер үшін жаралған жанның бірі.
Соның айғағындай «Өмір жолы» спектаклі Бүкілодақтың фестивальдің дипломына ие болып, жаңа жылдың алдында бүкіл ұжымды қуанышқа бөледі.
Мен дипломдық спектакльді жаңа жылдан кейін бастайтын болдым. Таңдауым – Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» лирикалық драмасы. Мен бұл туындымда басты кейіпкер Ләззаттың сәтсіз махаббатынан нәр алған оның үлкен ақын болып қалыптасу жолын көрсетуге ұмтылдым. Және осы арқылы адам жанының рухани байлығы жайында проблема көтеріп, адамдар арасындағы рухани жұтаңдықтың да түп тамырын көрсетуге болатынын байқадым.
Тағы бір қызығы спектакльге қатысатын барлық кейіпкер өсу жолында көрінеді, бұл актер үшін шығармашылық еңбекке таптырмайтын дүние деуге болады. Ал әрбір характерге тән, тек соған ғана тиесілі Тахауи ағамыздың шұрайлы тілі туралы ерекше атап өтуге болар. Оның үстіне пьесада пайдаланған Төлеген Айбергеновтің өлеңдері осы «Махаббат мұңына» арнайы жазылғандай.
Театрдағы актер құрамын сұрыптай келе, негізгі рольдерге ойымнан шығады-ау деген сахнагерлерді таңдадым. Ләззат – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Жібек Бағысова, Нияз – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Тұрысжан Айнақұлов, Ана – Раиса Тәшібаева, Салиха – Сәнім Масина, Зағипа Сәулебаева, Бағила – Гүлжаһан Әбекенова, Нарқоспақ – Зекен Мейірманов, Ораз Нәсімханов, Қуантай – Бақытбек Алпысбаев.
Ең қиыны жұмысқа кіріскен кезде басталды. Мәскеуде оқып, Андрей Александрович Гончаровтың ілімімен қаруланған, әсіресе оның әрекет арқылы талдау тәсілімен жұмыс істеуге ұмтылғаныммен, онымнан түк шықпады. Өйткені актерлерімнің көбісі – оқығанынан гөрі режиссерлерден тоқыған, өмір тәжірибесінен нәр алған сахнагерлер. Олар әуелі стол басында отырып оқып талдауға, содан соң барып мизансценаға шығуға қалыптасқан. Әсіресе осы әдісті спектакль дайындау методикасына түбегейлі енгізген Маман Байсеркенов болатын. Қалыпты жағдайды өзгерту оңайға түскен жоқ. Өз әлімше пьесаның оқиға желісін, іс-харекеттік жүйесін әбден талдап келіп, актерлермен бірге қайта қолға алғанда дені әрекет атауын сезімге жақындатып айтқанды қалап отырды.
Ләззаттың тау қойнауында Ниязбен кездесіп, жатақханаға кештетіп келетін сахнасы.
Оқиға: Студенттердің түнгі жортуылы.
Ләззаттың іс-харекеті – жортуылдың адресін білдірмеу. Бірақ Салиха екеуінің арасындағы осы әрекетті орындау барысында Ләззаттың Ниязға ғашық болып қалғаны белгілі болады. Одан кейін түнгі жортуылдан Бағила келеді. Оның әрекеті – ауыл жігіті Нарқоспақты қармаққа ілу.
– Гүлжаһан сенің әрекетің қандай?
– Мен рестораннан келдім, көңілім көтеріңкі.
– Көңіл көтеріңкі деген ол сезім, әрекет емес, актер сахнада сезімді ойнай алмайды, әрекет арқылы сезімге келу керек.
– Бағиланың әрекеті мақтану шығар, ресторанға бардым деп.
– Бұл да сезім емес пе? Сахнада қанша мақтануға болады?
Әңгімеге Жібек араласты:
– Ол рестораннан есеп-қағаз, меню әкеліп көрсететін шығар.
– Бұл – іс-харекетке жақын қимыл, соған баратын жол. Ал негізінде Бағиланың әрекеті – Нарқоспақты қармаққа ілу ғой, солай емес пе? Гүлжан, мен саған осы әрекетті жаса десем, сен сахнаға шығып сол әрекетті жасаудың жолына кіріспейсің бе?
Міне осылайша, бүкіл пьесаны бұрынғыдай не мақсатпен жүргеніне емес, кейіпкер не істейді, әрекеті қандай деген жүйеде талдап шықтық. Әрине, менен де қателіктер өтіп жатты. Бірақ басты мақсат – қалайда әрекеттік жүйені табу. Енді осы әрекетті орындауға келгенде, тағы да конфликт.
– Біз сөзімізді білмейміз ғой…
– Өз сөздеріңізбен айтыңыздар.
– Сонда қалай?
Енді әрекеттік жүйе емес, Мария Осиповна Кнебельдің айтқанымен этюдтік методпен жұмыс істеуге тура келді. Иә, артистерді өзінің қалыптасқан жүйесінен бөлек, басқа бағытта жұмыс істеу тәсілін ұсыну біздің ұжым үшін революциялық жағдаймен тең болды. Ақыры бұрынғы тәсілді де ұмытпай, этюд жасай отырып, қайтадан стол басына оқу тәсілін қоса жүргізіп, біз спектакльдің табиғатына ене түстік.
Жұмаш Әбиров қойылымның ойын нақтылай түсетін және біздің сахнамызға лайықты шешім ұсынды. Сахнада құстың бір жақ қанатын айқындайтындай әппақ ақ станок. Керек кезінде қанаттарының арасына жеңіл ширмалар енгізіп, жатақхана, Бағиланың үйін, Ләззаттың кабинетін жасауға болады. Бұл станок Ләззаттың ақын болып қалыптасатын жолын көрсетуге мүмкіндік берсе, сахнаның төріндегі сахнаның биіктігіндей шайқалып тұратын үш тал қызғалдақ махаббат символындай әсер етеді.
Осылайша артистермен таласа, айтыса жүріп, репетиция жасаудың жаңа методикасын енгізу театрдың шығармашылық болашағының көзі екенін түсінгендеймін. Театр жаңа белеске ұмтылу үшін ол өзінің уақытқа сай шығармашылық технологиясын да жаңа қалыпқа бағыттай білу керек… Қиын болары анық, ал мен режиссура оңай тірлік деп келдім бе бұл жолға? Не де болса қазір де, болашақта да әрбір қойылым сайын осы әрекеттік жүйені іс-тәжірибе жүзінде меңгеру ендігі менің басты мақсатым болмақ.
Спектакльді қабылдауға Мәскеуден Жоғары режиссерлер курсының директоры Жигалин Лев Николаевич арнайы келіп, бір аптадай бізбен бірге болды. Артистер бірден жиналып, бұрынғы сылбыр-салақтықты қойып, репетицияға жұмыла кірісті. Жигалин: «Маған сенің репетиция жасаған мәнерің ұнайды. Тізгінді қолыңнан шығармай, артистерге қатты қысым жасамай-ақ, өз дегеніңе көндіріп жатасың. Дұрыс. Дегенмен кейде режиссердің артиске мінез көрсетіп қоюы да теріс болмайды».
Әдетте премьераның алдында спектакльді қабылдауға арналған тұсаукесер рәсімі өтеді. Сырттан келген, арнайы шақырылған кісілер қойылымыңды жіліктеп, кемшілігін шағып, жаңқа-жаңқа қылып қолыңа ұстатады.
Хұсейін ӘМІР-ТЕМІР,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорда облысының құрметті азаматы
(Жалғасы бар. Басы өткен санда)





