Жақсылық Түменбаев: Бұл пьесаны сахнаға шығару үшін үлкен мәдениет керек және ертеңгі көрерменді де мәдениетке жетелейтін дүние болғалы тұр. Маған ұнады. Жібек жақсы, өз рөлін шебер меңгерген. Бірақ танымал артисіміздің сөзінен жаңылып, кібіртіктеген жері ұнамайды. Тұрысжан Айнақұлов әдеттегідей өзінің үлкен шебер екенін танытты. Тек жастық уыт жетпей жатыр. Маған ұнаған тағы бір актер ол – Бақытбек, Қуантайы жақсы. Бақытбекке қорықпай үлкен рөлдерді жүктеуге болатынын танытты. Жалпы бұл көрерменді әдемі сезімге бөлейтін спектакль болып шыққан.
Тынымбай Нұрмағанбетов: Сахнада өне бойы адам жанының тербелісін ұстап тұру – өте қиын шаруа. Соған қарамастан спектакльге қатысқан әрбір актер өзіне жүктелген рөлінің салмағын жақсы түсініп көрсете білген. Нарқоспақ – Бағила дуэті өте табысты деуге лайық. Актерлер сөздің ішкі жанын ашып, кейіпкер психологиясын жеткізуге ұмтылады және сол бағытта табыссыз емес. Әсіресе, Ләззат, Қуантай. Суретшінің еңбегі де өте әдемі. Біз Хұсейнді осындай қиын шығарманың кілтін тауып, сахнаға шығарғаны үшін құттықтаймыз.
Жарылқасын Үмбетов, облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
Ең бастысы, спектакльді біздің көрермен жақсы қабылдайтын болады. Актерлердің шеберлігі осы қойылым үстінде біраз өскендігі байқалды. Бұл –режиссердің еңбегі.
Лев Николаевич Жигалин: Мен бір апта ішінде түйгенім, Жоғарғы режиссерлер курсының түлегі Хұсейн Теміров жақсы ұжымға тап болған екен деп отырмын. Дегенмен режиссерге труппамен әлі де көп жұмыс істеуге тура келеді. Актерлердің үнді пайдалану, сөзді үннің әуенді ырғағымен жеткізе білу бағытындағы кемшіліктері үнемі режиссердің қаперінде болуы керек деп ойлаймын. Сахнаны жарықпен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін таппаған сала ғой деймін. Спектакльдің шешімі барлық компаненттерден тұрады десек, актерлердің табысты еңбегімен қатар, суретшінің көркемдік шешіміне де тікелей байланысты. Суретшінің станокты қанатқа ұқсатып жасаған бейнесі көп нәрсені айтып тұр. Нияз – ұша алмайтын қарабайыр тұлға, ал Ләззат болса қандай қиындықтар кездессе де соны жеңе отырып ұзаққа, алысқа самғайтын кейіпкер. Режиссер осының бәрін бір жүйеге келтіріп, сахнадан адам қарым-қатынастарының рухани биік дәрежесін көрсете білген. Мен өз шәкіртімді табысымен құттықтаймын.
Сонымен премьера өтті
Мамыр айында Мәскеуде спектакльдің макетін, эскиздерін алып барып, диплом қорғап қайттым. Андрей Александрович қолыма қызыл мұқабалы куәлік беріп тұрып, өзінің жүрекжарды ықыласын айтты: «Қымбатты шәкіртім! Сен дүниедегі ең қиын, ең қауіпті мамандықты иеленіп барасың. Творчестволық табыс тілеймін. Ол үшін ең әуелі денсаулық керек. Жүрегіңді сақта. Ең бастысы, шаршама. Ни пуха тебе, ни пера!». Ұстазыма рахметімді, қайта-қайта алғысымды жаудырып, оқу бітіріп, елге оралдым.
Тастан А.Тоқмағанбетовтың өлеңдері мен фельетондарын қосып әп-әжептеуір спектакль шығарып, Сыр елінің арқалы ақынын, ақынымен бірге оның тыңдарманы, оқырмандары болған көпшілікті бір қуантып тастады.
Екеуміз де тоқтамастан, Тастан Сафуан Шаймерденовтің «Әнім сен едің» драмасын, ал мен Оразбек Бодықовтың «Нартай» спектаклін қоя бастадым. «Әнім сен едің» Сафуанның «Қарғаш» повесінің драмалық нұсқасы болатын. Содан автор тәп-тәуір пьеса жасапты, әсіресе пьесада жас қыз Қарғаштың өмірін, қилы тағдырын дөп басып, шындықпен көрсете білген. Қарғаш рөлінде М.Әуезов атындағы академиялық театр студиясын бітіріп келген Кәмилә Әбжанова өнер көрсетіп, қабілетті жас екенін байқатты. «Әнім сен едің» театрымыздағы сәтті спектакльдердің бірі болды.
Ал «Нартай» спектаклі сәтті болды деу қиындау. Нартайды ойнаған Тұрысжан Айнақұлов ақынның драмалық ситуацияларын көркемдік әдіспен жеткізе білгенімен, оның жырын өз дәрежесінде айта алмаған еді. Ал жыр болмаған жерде, спектакльдің сәттілігі туралы әңгіме қозғаудың өзі артықтау деп ойлаймын.
1973 жылы Әлия Арысбайқызы бәрімізді қуантып, оқуын аяқтап, ортамызға оралды. Және жалғыз өзі ғана емес, Асқарбек Сейілханов деген курстасын отбасымен бірге ала келді. Асқарбек артист болып қабылданды да, жолдасын режиссердің көмекшісі етіп орналастырдық. Мен болсам толық режиссураға ауысып, спектакльдерді режиссер ретінде қойып жатқан кезім. Әлия екеуміз оқуымызды да аяқсыз қалдырғанымыз жоқ, сыннан сүрінбей өтіп, отбасымызды да сақтап қалдық.
Енді тек шығармашылықпен айналысатын уақыт туды. Назарым Сәкен Жүнісовтің «Қызым, саған айтам» драмасына түсті де, рөлдерге оқу бітірген жастарды алып, жұмысқа кірістім. Институттың дәмін татқан Ш.Әбдібаев, Р.Түгелбаева, Ә.Арысбаева, А.Сейілханов, М.Әуезов театрының студиясын бітірген Ұ.Баяділова, Я.Халықұлов, А.Елемесова болашақ туындымның негізгі кейіпкерлерін сомдайтын болды.
Драманың айтайын деген ойы бар да, композициялық құрылымы шашыраңқы. Әсем де талдырмаш, бүлдіршіндей Рәзия «Офицерлер үйіне» биге барып жүріп, соғыстан батыр болып оралған үлкен үйі бар, қаладағы ресторандар мен асханалар тресінің бастығы Мұратпен танысып, көп ұзамай оған күйеуге шығады. Күнде думан, күнде тойдан жас арудың басы айналып, тұрмыс құрудың тәттілігі осы шығар деп ойлайды. Мұрат қызметтен бас тартып, соғыстан бұрын оқыған аспирантурасына қайта оралады. Бұрынғы сауық сайраннан, келімді-кетімді құрбыларынан айрылған Рәзия суынан айырылған балықтай тұрмыстың бұл өзгерісіне көндіге алмайды. Мұратты би алаңына сүйрегенмен енді оның ол жаққа барғысы жоқ. Рәзия енді жалғыз қыдырыстайтынды шығарды. Шүйкетай деген құрбы тапты. Мұрат диссертация тақырыбына сай ауылға кетіп, Жәкуда шопанның үйіне тұрақтайды. Рәзия думанын тоқтатпайды, Мұраттың соңынан ауылға барғанмен, онда да байыз таппай жаңа танысы Құмармен Алматысына қайта оралады. Ақыры Мұраттан ажырасып, біржола ойын-сауықтың жолына түседі. Мұрат Жәкуда шопанның қызы Шәрипамен бас қосады. Рәзия Құмармен тау шатқалынан бензовозға мініп қайтқан жолы машинаның тормозы ұстамай аварияға түседі. Машина езіп кеткен екі аяғын әуелі тобықтың тұсынан, екінші рет тізеден жоғары кесіп, жарымжан болып қалады. Бірақ ауруханада жатып, Сәуле атты қызды дүниеге келтіреді. Оны тәрбиелеп өсіреді. Бұрынғы науқасы қайта шығып, Рәзияға тағы бір операция жасалмақшы. Осы тұста Сәуле шешесінің 18 жыл бойы пенсия деп келгені, Мұраттан келіп тұрған алимент екенін біліп, онымен кездесіп, айыбын бетіне басып, соңғы алған алиментін тастап кетеді. Бұл қылығын Рәзия естігенде соңғы операциядан аман қалмайтынын білген ана өмір шындығын Сәуленің алдына жайып салады. Рәзия операция үстінде қайтыс болып, бейіт басына келген Мұрат пен Шәрипа жындыханадан қашып шыққан Құмармен кездеседі. Бір кезде дүниені оңды-солды кешіп жүрген ол, бүгін қолын жайып қайыр сұрап жүр. Осы жерде тағы бір шындықтың беті ашылады. Сәуле Құмардың қызы екен. Бірақ Сәуле оны емес, Мұратты әке деп танып, Мұрат пен Шәрипаның құшағына енеді.
Шығарманың сюжеттік желісі осындай. Енді артистермен бірге пьесаны талдауға кірісеміз. Басты оқиға – Рәзияға бір сағаттан кейін жасалатын соңғы операция. Рәзия операцияға дейінгі қалған уақытта Сәулеге бар шындықты айтып, арылып-араздасып үлгеруі керек. Рәзия өз өмірінің бар шындығын қызына жасырмай айтады. Осы жерде спектакльдің негізгі идеясы да айқындала түседі. Рухани жұтаңдық рухани қасіретке жетелейді.
Енді артистермен қойылымның іс-харекеттік жүйесін талдауға кірістік. Тағы да сол қиындық, әрекет жүйесін табудағы жүйесіздік алдымыздан шықты. Тіпті оқу бітіріп келген жастардың өзі де әрекеттен гөрі сезімдік қасиеттерге жиі жүгінеді. Білімі болмаса да Шүйкетай бейнесін сомдаған Қазақ ССР-ның Халық артисі Шолпан Бәкірова мен Құмар рөліндегі Серік Шотықов білімді жігіттерден гөрі әрекетке жақындау. Ауыл сахнасындағы бір көрініс. Жәкуда қойшы келіп қарлы боран басталғанын айтып, қызы Шәрипадан көмек сұрайды. Шәрипа киініп әкесіне көмекке шығады. Шинелін жамылып Мұрат та көтеріледі. Зоотехник Құмардың бар ықыласы Рәзияда. Бұл сахнадағы оқиға сырттағы боран болса, негізгі әрекет те сыртта өтіп жатыр. Ол – қоралы қойды құтқару. Ал Құмар мен Рәзияның әрекеті қандай? Артистердің жауабы:
– көңіл көтеру;
– билеу;
– танысу.
Бұлардың бәрі жеке қимылдар, ал осы қимылдардың бәрін біріктіретін іс-харекет қандай? С.Шотықов осы жерде ерекше ой айтты:
– Екеуінің әрекеті Пушкиннің «пир во время чумасына» ұқсайды.
– Дұрыс айтасың, Секе! Бұлардың әрекеті соған жақын: жұт боларда атан түйе ойнақтаудың кері, яғни би жарысын жасап жақындаса түсу. Сыртта боран, ана үшеуі ажалмен алысып, қой соңында жүр. Ал бұлар болса «би жарысын жасау» арқылы көңіл көтеріп те жатыр, танысып та жатыр, ал көрініс соңында екеуінің бірге кететіні тағы бар.
Тағы бір сахна. Шүйкетай мен Рәзия тойға баруға дайындалып жатыр. Оқиға – Мұраттың ауылға баруға жолдама алуы. Әрекеті – Рәзияны ауылға баруға көндіру. Шүйкетайдың әрекеті бұған қарама-қарсы – «екеуін оңаша қалдырмау», ал талдай бастағанда артистер тарапынан нақты жауап жоқ.
– Рәзияның ұрыс шығаруы;
– Шүйкетайдың Мұратты айыптауы;
– Мұраттың бостығы ма?
Осылайша кете береді. Бірақ әрбір сахнаға лайықты дәлме-дәл іс-харекет жүйесін таппайынша алға жылжу жоқ. Әрекет – сол сахнаға жан кіргізетін негізгі тұғыр. Демек әрекетті табу – спектакльді қозғалысқа енгізудің басты шарты. Бәріміз де Рәзияның іс-харекеті – оның әдейілеп бетбақтық жасауы деп түйдік. Мұраттың айтқанына көнбей, өз ойын іске асыру үшін ол осы әрекетке барады. Ал енді әрекеттік жүйені анықтап, этюд арқылы репетицияға қызу кіріскен кезде негізгі рөлдегілер өзінің мектеп көргендігін танытты. Сол сахнаның оқиғасын, іс-харекетін анықтай отырып актердің өз сөзімен этюд жасау актерлерге еркіндік беріп, олардың кейіпкер қасиетін тезірек ұғынуына мүмкіндік жасады.
Әлияға өмірге жеңіл қарайтын, тек өзі үшін ғана өмір сүруге дағдыланған Рәзияны ойнау көп ретте қиынға соғып жатты. Ол бірінші кезекте кейіпкерінің рухани болмысын игерудің орнына оның сыртқы келбетін жасауға барын салды. Актриса Рәзияның ойнақылығын, сылқымдығын, бишілігін меңгеріп барып, оның ішкі драмасын ашуға кірісті. Бұл ізденісі оны сәтті бейне жасауға жетеледі.
Серік Шотықов пен Шайтұрсын Әбдібаев бір рөлге – Құмарға түсті. Екеуі қатар репетиция жасап, шығармашылық бәсекелестікте бейнелер сомдай жүріп, мәре сызығына жақындағанда Серіктің Құмары спектакль табиғатына жақынырақ болып көрінді. Мен премьераға Серікті жібердім. Шайтұрсын маған қатты ренжіп, рөлге бір рет шықты да, сосын ойнамай қойды.
«Қызым, саған айтамның» премьерасы өтісімен негізінен сол құрамда жергілікті автор Саид Баязитовтың «Ақмоншақ» пьесасын қолға алдық. Ал Тастан Өтебаев Зейнолла Шүкіровтың «Апама жездем сай» комедиясын қоятын болды. Арнайы тапсырыс болды ма, әлде сәті солай түсті ме, екеуміз де жергілікті авторлардың шығармасын сахналауға кірістік. «Ақмоншақ» Қызылорда қаласындағы алып құрылыстың бірі – целлюлоза-картон комбинаты туралы жазылғанымен, шығарманың негізгі тақырыбы – жастардың өз орнын табу жолы, олардың жалынды махаббаты жайлы болатын. Бірақ сюжеттік желісі шашыраңқы, автор көп жайды бір пьесаға сыйғызуға тырысқан. Автормен премьера шыққанша жұмыс істеп, пьесаны дайындық барысында қайта жазып шығуға тура келді. Актер ойынында өндіріс бірінші планға шыққан соң (суретші С.Пірмахановтың ұсынған шешімі де құрылыс алаңы болатын) репортаждық сарын, ритмге құрылған диалогтар басымдық алды. Тек арасында психологиялық паузалар спектакльдің сезімдік қасиетін күшейтіп, әсерлі сахналардың болуына мүмкіндік туғызды. Әсіресе Қайсардың ойлы сахналары, Ақмоншақтың өмір тауқыметіне қиналған сәттері спектакльдегі адам жанына әсер ететін көріністер еді. Бұл қойылымдағы тағы бір ерекшелік сол, артистер әрқайсысы өзгеше характер жасауға талпынды. А.Сейілхановтың Қайсар рөліндегі қайсарлығы, Ә.Арысбаеваның басын тауға да тасқа да ұрған Ақмоншағының жан тербелісін аша түсуі, К.Әбжанованың сұлу да ойлы Ақпейішіні, С.Шотықовтың ойнақы да әзілқой Жанайдары, М.Халықұловтың жылпос та алаяқ, сужұқпас Сапашы, Ш.Бәкірованың байсалды парторгы біздің сахналық дүниемізге әр берген бейнелер болды.
Қойылымның музыкасына жергілікті әуесқой композитор А.Әмірсейітовтің әндерін пайдаландық. Әуенді, мелодияға бай, жеңіл, сол кездегі жастар сүйіп орындайтын әндер екен. Музыкасын В.Шиннің басқаруындағы «Замандас» эстрада ансамблінің орындауында жазып алып, спектакльге пайдаландық. Ең бастысы, осы музыкасы арқылы мен өнерді бағалай білетін, қазақтың интеллигент азаматы Айтжан ағамен танысқан едім. Ол кісінің сыпайы сөзі, тікелей жаныңмен сөйлесетіндей ырғақты қоңыр даусы, жағдай айтсаң саған жылыұшырап қарап қалатын қоңыр көзі, күлкілі сөз естігендегі әдемі де салмақты күлкісі әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Премьера қарсаңында Мәдениет министрлігінен Әшірбек Сығай, қасында мәскеулік сыншы Виноградов Игорь Борисович бар «Ақмоншақты» және З.Шүкіровтің «Апама жездем сай» комедиясын көріп, ұжыммен Қазақстан театрлары жөнінде әңгіме өткізіп кетті. Көп ұзамай суретшіміз Ж.Әбіров комедияны көркемдегені үшін жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. Осы спектакльдердің соңын ала қойылған Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз ару» ертегісі республикалық балалар спектаклі байқауында жүлделі орынды иеленді.
Маусым аяғында Тастан Өтебаев Шымкент театрының бас режиссері болып ауысты.
Енді бас режиссер болып кім келер екен?
Хұсейін ӘМІР-ТЕМІР,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорда облысының құрметті азаматы
(Соңы. Басы №79 санда)





