Мереке күндері облыста 68 сәби дүниеге келді

87

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өңірімізде жаңа жылдық мереке қарсаңында бірқатар мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеді. Бұл күндері аймақта 68 сәби дүние есігін ашты. Одан бөлек, жедел жәрдем қызметінің 103 желісіне 6 588 шақыру түссе, 109 Бірыңғай байланыс желісіне 1 675 хабарлама тіркелген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандары мәлімдеп, мереке күндері 24/7 режимінде жұмыс істеген мекемелердің атқарған жұмыстары жөнінде ақпаратпен бөлісті.

– Облыс бойынша барлығы 79 жедел жәрдем тобы жұмыс атқаруда. Мереке күндері 458 дәрігер кезекшілікте болса, 1 468 орта буын медицина қызметкерлері мен 369 кіші медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Қазан айынан бастап шақырулардың күрт көбеюіне байланысты және мереке күндерін ескере отырып қарбалас сағаттарына қосымша 5 жедел жәрдем тобы қосылды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жаңыл Әбубәкірова.

– 2024 жылдың 31 желтоқсан мен 2025 жылдың 4 қаңтары аралығында аймақта жедел жағдай тұрақты өтті. Департаменттің жауынгерлік есебінде 186 қызметкер, 55 бірлік техника, 2 тікұшақ пен 2 қайық және 1 кинологиялық есеп қызмет атқарды. Жалпы, құрылымдық бөлімдер тарапына 16 қоңырау түссе, 4 техногенді сипаттағы төтенше жағдай тіркелді. Сондай-ақ, есігі құлыпталып қалған пәтер ішінен 8 адам құтқарылды. Облыс және аудан орталықтарында орналасқан жаңа жылдық шыршаларға кезекшілік ұйымдастырылды, нәтижесінде оқыс оқиғалар тіркелген жоқ, – деді облыстық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы өрт байланысының орталық пункті бастығы Нұрболат Қиятов.

– «Жедел әрекет ету» орталығы екі функция бойынша жұмыс істейді. Оның бірі – «109 – Бірыңғай байланыс орталығы» болса, екіншісі – «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі».

Осы қызмет түрлері бойынша барлығы 64 оператор жұмыс істеді. Мереке күндері 112-қызметіне 1 451 хабарлама түссе, 109-Бірыңғай байланыс орталығына 1 675 өтінім келіп түсті, – деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің директоры Темірхан Мұқанғали.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<