Сурет отбасы мұрағатынан
«Балапан» телеарнасындағы «Miss Kaussar» бағдарламасының жүргізушісі Кәусар Ғалымжанқызын таяуда шетелдік үлкен экраннан көруіміз ғажап емес. Бұл туралы оның әкесі, журналист Ғалымжан Қараманұлы туған жері Қызылордаға сапары кезінде айтып берді.
Әріптесіміз отбасымен Англияда тұрып жатыр. Кәусардың бағдарламадағы ағылшын ханшайымы үлгісін ұсынған өзі екен. Ал образын жасаумен анасы Марина Бекенова айналысады. Екеуі де – отандық жетекші арналардың Англиядағы тілшілері.
«Шляпасы мен пальтосы үйлесе кетті. Сәукеле, қамзол, бүрмелі көйлек, қазіргі заманға сай ұлттық киімдермен де экраннан көрініп жүр. Оны көшеде көргендер әсерін жасыра алмайды», – деді Ғалымжан Қараманұлы.
«Miss Kaussar»-дың үшінші маусымы мистер Алмасбек (Кәусардың інісі – авт.) есімді жаңа кейіпкермен ерекшеленеді. Ол тәрбиелі, білімді болғанымен қиқар, ерке баланың ролін сомдады. Екеуі өзара диалогы арқылы балаларға сөйлесу дағдысын дамытуға көмектеседі.
«Мен актриса болғым келеді. Інім екеуіміз драма мектебіне қатысып жүрміз. Жақында кастингтен өттім», – деді Кәусар.
Бұл оның үлкен экраннан көрінуіне жол ашады. Ал Алмасбек өз болашағын өнер немесе ғылыммен байланыстырғысы келеді.
«Miss Kaussar» жарыққа шыққалы жүргізушісінің танымалдығы артты. Инстаграм парақшасына жазылушылар саны 40 мыңға таяп қалды.
«Бұрын мені «Хабар 24»-тің тілшісі ретінде таныса, қазір «мисс Кәусардың папасысыз ба?» дейтін болды. Бұл – мен үшін мақтаныш. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Кәусардың көрермені бар. Олармен бұған дейін Алматы, Шымкент, Ақтау, Астана, Қызылорда қалаларында кездестік. Балалар ағылшын тіліне біраз төселген. Сол тілде сұрақтар қойды. Үздік сұрақ иелеріне Лондоннан әкелген базарлығымызды бердік. Өздері де тарту жасады», – деді әкесі.
Әріптесіміз төрт баласы да Англия мектептерінде оқитынын, ондағы ерекшелік туралы айтты. Балалар мектепке бес жастан бастап баратынын, бастауыш сыныптарға сенбі, жексенбіден басқа күндері үй тапсырмасы берілмейтінін, кеңсе тауарымен түгел дерлік білім орны қамтамасыз ететінін, ауыр сөмке асынбайтынын атап өтті.
Бұл отбасының балаларына дейін жұмыс істеп, ақша табатыны көп адамды қызықтырады. Шығынның бір бөлігін өздерімен бірге үлкен ұлы Әлішер жалақысы, Кәусар қаламақысы есебінен көтеріп жүр.
Кішкентай кейіпкерімізді алдағы бір-екі жылда өзге де отандық жаңа жобалардан көруіміз мүмкін.
«Өйткені шақырушылар көп. Бір-екі жылда Қазақстанға қайтуымыз мүмкін. Балалар шет елде оқимын, тәжірибе жинаймын десе, қарсы емеспін. Бірақ білім, тәжірибесін елде жұмасаса, қуанар едік», – деді Ғалымжан Қараманұлы.
Назерке Саниязова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<