Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі- халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны

680

0

Қазақстан Республикасында әлеуметтік тәуекелдердің туындауына байланысты жоғалтқан табысының бiр бөлiгiн өтеу үшiн халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізіліп, жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшыларға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар табыстарынан әлеуметтік аударымдарды төлеуде.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылатын әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесінің қосымша деңгейі болып табылады.
Әлеуметтік аударымдар «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ  шоғырландырылып, Қор активтерінен әлеуметтік қатер туындағанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларына әлеуметтік төлемдер тағайындалып, төленуде.
Міндеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына төленетін әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ай сайын жүргізіледі.
Жұмысберушілер жалдамалы жұмысшылары үшін, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар өздеріне әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң (табысынан) 3,5 % мөлшерінде әлеуметтік аударымдарды төлеуді жүргізеді және де әлеуметтік аударымдардың ең төменгі және ең жоғарғы мөлшері белгіленген.
Бұл ретте, ай сайынғы табыс әлеуметтiк аударымдарды есептеу үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының (бұдан әрі – ЖТМ) жеті еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде алынады. 2019 жылға әлеуметтiк аударымның ең жоғары мөлшері- 10413тг. (42500тг. *7*3,5%) құрайды.
 Егер күнтізбелік айда әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі (табысы) ЖТМ кем болса, онда әлеуметтік аударымдар ЖТМ негізге алына отырып есептеледі, аударылады,2019 жылға әлеуметтік аударымның ең төменгі мөлшері – 1488 тг. (42500тг. *3,5%) құрайды.
Заңға сәйкес, жұмыс беруші  әлеуметтiк аударымдарды және әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және толық көлемiнде төлеуге міндетті. Ал,Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылатын әлеуметтiк аударымдардың толықтығын және уақтылы төленуін қадағалауды мемлекеттік кіріс органдары қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылары аударылған әлеуметтік аударымдардың сомалары туралы (дұрыстығын тексеру үшін)өзі үшін ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация бөлімшелерінен тегін алуына болады.Әлеуметтік аударымдар әр айға жеке төленуі және азаматтар өзі үшін аударылған әлеуметтік аударымдарды қадағалап, олардың болуын тексеруі қажет.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төленген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары келесі әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.
– еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда;
– асыраушысынан айырылған жағдайда;
– жұмысынан айырылған жағдайда;
– жүктілікке және босануға немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда;
– бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда.
Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем«еңбек ету қабiлетiнен айырылған» деп белгiленген барлық кезеңге тағайындалады. Ол әлеуметтiк төлем тағайындауға өтiнiш берушінің жұмысты тоқтатқанына немесе iстеп жатқанына қарамастан тағайындалады. Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін куәландыру медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Егер отбасының асыраушысы жұмыс істеген және ол үшiн Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген адам қайтыс болса, асыраушының отбасы мүшелерi асыраушысынан айырылған жағдайда төленетінәлеуметтiк төлемді алуға құқылы. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемнің бұл түрін алуға сот «хабар-ошарсыз кеттi» деп таныған немесе «қайтыс болды» деп жариялаған асыраушының отбасы мүшелерi де құқылы болады.
Егер азамат жұмыссыз қалса, біріншіден ол жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жұмыссыз ретiнде тiркелуі қажет. Содан кейін ол жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындауға өтініш білдіре алады. Әлеуметтік төлемдердің бұл түрі өтініш беруші үшін төленген әлеуметтік аударымдардың ұзақтығына байланысты бір айдан төрт айға дейін,ал штат қысқартылған жағдайда, кәсіпорын таратылғанда және өндіріс көлемі төмендеген жағдайда жұмыстан босатылғанда төлем мерзім алты айға дейін ұзартылады, егер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 36 ай және одан жоғары болса.
Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріліп, жүктілікке және босануға байланысты жұмыс орнынан демалысқа шыққаннан кейін жүктiлiкке және босануға немесе жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтiк төлем тағайындалады. Бұл әлеуметтік төлемнің мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген айлық табыс мөлшеріне және еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндері санына байланысты болады. Төлем жүктілікке және босануға байланысты берілген демалыстың барлық кезеңіне төленеді.
Сонымен қатар, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем, балаға күтімді жүзеге асыратын азаматқа тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің бұл түрі баланың тууы туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап ол бiр жасқа толған күндi қоса алғандағы мерзімге төленеді. Екi және одан да көп бала туған жағдайда бұл әлеуметтiк төлем әр балаға жеке тағайындалады.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш берудің алдында әлеуметтік аударымдардың толық аударылғанын тексеру қажет. Өйткені, әлеуметтік тәуекел туған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері азаматтың жұмыс берушісінің әлеуметтік аударымдардың мөлшерін есептеуіне (қаншалықты дұрыс) және оларды ай сайын уақытылы аударуына байланысты болады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы әлеуметтік аударымдарды төлеушілер категориясы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді (әрі қарай – БЖТ) төлеуші болып табылатын жеке тұлға болып кеңейді.
Бұл ретте, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын, жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсететін азаматтар болып табылады және көрсетiлген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын кірісінің күнтiзбелiк жылдағы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс.
БЖТ-ң мөлшері:
қала тұрғындары үшін- 1 айлық есептік көрсеткіштің  (АЕК) – 2525 теңге,
ауыл тұрғындары үшін- 0,5АЕК құрайды (тұрғылықты  жерінде тіркелуіне сәйкес).
БТЖ үлесі мынандай:
-10% – жеке табыс салығы;
-20 % – әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдар;
-30 % – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнет ақы жарнасы
– 40 % – міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар;
Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үшін әр бір айдағы табыс ең төменгі жалақы деңгейіне жеткізіледі. Бұл бір айдағы табыс жүйенің барлық қатысушылары үшін түскен әлеуметтік аударымдар негізінде ескерілмейді (505 / 3,5 % әлеуметтік аударымдар ставкасы = 14 428 теңге қалалықтар үшін және 7 228 теңге ауылдықтарға), ал 1 ең төменгі жалақыны құрайтын болады (2019 жылы 42 500 теңге) деген сөз.
Бірыңғай жиынтық төлемді  төлеушілерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер:
– еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда;
– асыраушысынан айырылған жағдайда;
– жүктілікке және босануға немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда;
– бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда тағайындалуы мүмкін.                                  Сондай-ақ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ www.gfss.kz сайтынан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толық ақпарат алуға болады.
Гүлсім Денеева,
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ
облыстық филиалының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<