Бүгінгі күні әйелдердің қоғамдағы орны орасан. Олардың қатарына аналарды ғана емес, қоғам үшін пайдалы іс атқарып жүрген қыз-келіншектерді де қосуға болады.
Прокуратура саласында көпжылдық еңбегі бар Сая Темірбекқызы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Мектепті үздік бітіріп, 1998 жылы Алматы қаласындағы әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алды. 2000 жылдан бері құқық қорғау органдарында еңбек етіп келе жатыр. Қызметтің сан қилы баспалдағынан өткен Сая Темірбекқызы – жиырма жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Осы аралықта Қармақшы аудандық, Қызылорда қалалық және облыстық прокуратураларында әртүрлі қызмет атқарды. Бүгінде ол – облыс прокурорының аға көмекшісі. Отбасында аяулы жар, сүйікті ана. Жан жары Дайрабек Серікбайұлымен бірге бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп отыр.
Былтыр қараша айында Тасбөгет кенті әкімдігінде прокурор Сая Темірбекқызы, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық жол құрылысы, көлік саласы және жолаушы тасымалы паркі қызметкерлерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті. Кент тұрғындары көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Соның бірі – кенттің күншығыс бетіндегі тұрғындарды алаңдатқан қоғамдық көліктің жоқтығы. Мәселені шешуде Сая Темірбекқызы тиісті орындардың өкілдерімен сөйлесіп, көлік қозғалысына ықпал етті. Қазіргі кезде автобус кестеге сәйкес жүріп тұр. Тұрғындар дән риза.
Қ.ДОСТЫБАЕВ.
Қызылорда қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<