Мүйізден мүсін жасаған

6

0

Қолөнер – ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты қалыптасқан ұлттық мұра. Талғам, шеберлік және өмірге деген көзқарасты айқын көрсететін баға жетпес құндылық.

Қазақ қолөнері – тек тұрмыстық қажеттілікті өтейтін бұйым жасау ғана емес, сонымен бірге халықтың эстетикалық талғамын танытатын өнер түрі. Ертеде шеберлер ағаш­тан, теріден, сүйектен, киізден жә­не металдан түрлі бұйымдар жа­сап, оларды ұлттық ою-өрнекпен безендірген. Сан алуан тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар, киім-кешек пен үй жиһаздарын жасаған.Кең тараған түрлеріне зергерлік өнер, ағаш өңдеу, тері өңдеу, киіз басу, кесте тігу, тоқымашылық жә­не сүйек өңдеу жатады. Әсіресе ерек­ше шеберлікпен жасалған зер­герлік бұйымдар сәндік әшекей ға­на емес, ұлттық мәдениеттің ай­насы болып саналады.

Өткен заман шеберлері мекен­деген жерінде күнделікті тұр­мы­сына қажетті болғандықтан түр­лі бұйымдарды қолдан жасап, қол­өнерді дамытқан. Сондықтан болу керек, қазақ қолөнерінің түрі, са­пасы, өрнегі, бояуының өмірге ке­луі көшпелі өмірмен тығыз байла­нысты.

Ал біздің әңгімемізге арқау бол­ған кейіпкер Қармақшы топыра­ғының тумасы, қолөнер шебері, зей­неткер Самалбек Бурабаев. Ай­туы бойынша, бұл өнер бойында бала кезінен бар. Әкесі ағаш шебері болған екен. Көзін ашқалы әкенің шеберлігіне қанығып өскен бала ер жеткенде осы өнерді қолға алған. Кішкентайынан көріп өскесін бо­луы керек, бойында бейім пай­да бо­лады. Әкесі ағаштан ат әбзел­дерін, ер-тұрман сондай-ақ қалақ, шелек сияқты тұрмысқа қажеттінің бәрін жасаған екен.

Бірақ ағамыз бұл өнерді ер же­тіп, жұмысқа орналасқаннан кейін ғана қолға ала бастаған. Өзінің ай­туы бойынша бастапқы кезде ағаш­тан түрлі заттар жасаған. Кейіннен бір жолдасы қошқардың екі мүйізін әкеліп берген. «Бір жерден көрдім, грузиндер осы мүйізден су ішетін ыдыс жасайды екен, сен де осылай жасап көрші» деп берген. Содан бастап қызығушылық пайда бола­ды да, сүйекпен жұмыс жасай бас­тайды. Негізгі қолданатын сүйе­к­тері – қойдың жауырыны мен жі­лік­тері, сиырдың, қошқардың, еш­кінің мүйіздері.

Қолөнер шеберінің айтуы бо­йынша сиырдың мүйізін өңдеп, ар­шыса, ішіндегі 1-2 қабатын ал­са, неше түрлі түстер шығады екен. Міне, осы ақпаратты білген соң бі­­лімін әрі қарай жетілдіру үшін кітаптар ақтарып, ізденіп, ата-баба­ларымыз қалай өңдеген деп қызығып, зерттей бастайды. Осы­лайша қажырлы еңбектің, тө­зім­діліктің арқасында нәтижеге жетеді. Алланың адамға берген та­лантын оңынан қолдану, сол та­лантыңа еңбегіңді қосып жұмыс жа­сау, кез келген істе тынымсыз ең­бек, шыдамдылық таныту үл­кен жетістікке апарары анық.

Енді мүйізден түрлі бұ­йым­дардың жасалу жолына тоқ­талсақ. Шебер әуелі та­зар­тып алған мүйізді екіге бө­ліп, тіліп алады да, ыстық суға са­лады. Сол уақытта қағаз сияқты жұмсарады екен. Жұм­­сар­ған мү­йізді тез арада қа­жетті қалып­қа келтіріп алады. Ыс­тық судан шығар­ғанда мүйіз қайтадан қа­тады да керекті қалыпты ұс­тап қалады. Бұ­йымның әрбір бө­лігін осы­лайша бөлек-бөлек жасап алады. Қалыпқа келген дайын бөліктерді бір-бірімен тағы да сүйек арқылы бекітеді. Шебердің шеберлігі де сонда, шеге я темір пайдаланбайды, тек желім қолданады. Әр бірік­тіретін бөлікке желім жағып, оның үстіне сүйекті жонғаннан, қырғаннан қалған майда қи­қым­дарды себеді. Сонда желім көрінбейді, арасында жік қал­майды.

Мұндай жұмысты жасау үшін кейде бір күн, кейде бір апта уақыт кетеді дейді шебер. Әр кезде адам­ның ішкі ынтасына, көңіл-күйіне көп нәрсе байланысты.

Қазір облыста және аудандарда ұйымдастырылатын көрмелерге қол­өнершілер жасаған заттарын апа­рып жүр. 2017 жылы облыс әкім­­дігінің қолдауымен өткен көр­меге қатысқан шеберлердің ара­сы­нан 22 қолөнершіні таңдап алып, EXPO-ға апарды. Облыстың он­күндігі кезінде өзінің 50-ден астам бұйымын көрермен назарына ұсын­ды. Әр мемлекеттен келген қонақ­тар қызығып, тамашалап, біраз бұ­йымын сатып алған.

Қолөнершінің тағы бір қызы­ғушылығы – ата-бабадан мұра бо­лып қалған этнографиялық зат­тарды, жезден, мыстан жасалған тостаған, құман жинау. Жоғарыда айтылғандай, әке­сі аттың жүгенін, ер-тұрман, әбзелдерін әшекейлеп жасаған. Содан бері темірге деген қызы­ғу­шылығы артып, көрген жері­нен жинайды. Әр жәдігердің сыртын­дағы ою-өрнекті зерттеп, олардың сырын білуге құмартады. Қазіргі кезде шеберханасында түрлі ер-тұр­ман, ат әбзелдері сақтаулы.

Көненің көзіндей болған әр жә­дігер – тұнып тұрған тарих. Өлке тарихынан сыр шертер құнды мұ­ра. Осынау мұралар арқылы ға­на ата-бабамыздың қалай, өмір сүр­генін, қандай заттарды қолдан­ға­нын, ежелгі наным-сенімдер мен салт-дәстүрімізді танимыз. Сон­дық­тан қолөнер бұйымдарын наси­хаттау, дәріптеу, сақтау, келер ұр­паққа жеткізу – біздің алдымызға қойылған үлкен міндет.

Бүгінде қолөнер бұйымдары мәдени мұра ретінде бағаланып, көр­мелерде, музей қорларында жә­не түрлі мәдени іс-шараларда ке­ңі­нен насихатталып келеді. Бұл – халқымыздың бай мәдениеті мен дәстүрін танытатын ерекше құн­дылық.

Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану

музейінің әдіскері