МЖӘ: ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖОБА КӨП

566

0

Билік пен жеке сектор арасындағы байланыс бұрыннан бар. Тек ол уақыт өте инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инновация ретінде қабылдана бастады. Сондай-ақ, істі ілгері жылжытудың табысты формасына айналды. Әңгіме  нарықтық қоғамға дендеп енген мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайында.

Мәліметтерді парақтағанда көптеген дамыған елдерде бұл іс ұзақ жылдардан бері өріс алғанын аңғардық. Мем­лекеттік-жекеменшік серіктестік идеясы ХХ ғасыр­дың 80-жылдарында Ұлы­британияда туындаған екен. Бри­таниялық ғалым Стивен Хокинг Линдер де «Сек­сенінші жылдардың соңын­дағы серпін мен қажетті реформалық дәреже алғанына қарамастан, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік билік үшін жаңашылдық емес. Он жыл бұрын АҚШ федералдық үкіметте мұндай әріптестік еш реформалық мөрсіз-ақ, қала инфрақұрылымын дамытуда жеке инвес­тицияны ынталандыру құралы ретінде қолданылды» деген пікір қалдырыпты. Осы тұста «Біздегі ахуал қандай?» деген сұрақ туындауы орынды.

Еліміз үшін бюджеттің қарымы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту үрдісі таңсық емес. Алғаш рет 2005 жылы Үкімет әлеуметтік маңызы зор екі жобаны концессия арқылы жүзеге асыруға қаулы шығарды. Осыдан кейін жеке секторды мемлекеттік нарыққа енгізудің нәтижесін көрген билік оны ресми түрде заңдастырды. Елбасы осы тиімді тетікті ұтымды пайдаланып, оның көмегімен маңызды салаларды одан әрі дамыту қажеттігін жиі айтып келеді. Қазір бұл тапсырма жер-жерде жүзеге асуда. Инвестициялық жобаларды сараптау мақсатында арнайы орталық та жұмысын бастаған. Мәселен, бізде 3 жыл бұрын  аймақтың жалпы инвестициялық қабілетін арттыру мақсатында «Қызылорда облысының аумақтық мем­­лекеттік жеке­меншік әріп­тестік орталығы» серік­­тестігі құрылды. Қазір мұнда консультативтік сүйемелдеу, жергілікті бюджеттік инвес­тициялық жобалардың тех­ни­­калық-экономикалық негіз­­де­мелерін әзірлеу қызмет­тері ұсынылып келеді. Жү­йелі жұмыстың нәтижесі ай­тар­лықтай. Нақты деректерге сүйенсек, өткен 2018 жылы өңірде МЖӘ аясында 75 жоба жүзеге асқан. Оның 29-ы денсаулық сақтау, 12-сі дене шынықтыру және спорт, 10-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 8-і білім беру, 7-еуі цифрландыру, 5-еуі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тағы да басқа салаларға тиесілі. Орайы келгенде айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова Сыр өңіріне сапары барысында әлеуметке пайдалы әріптестік аясында салынған осы нысандардың бірқатарын аралаған болатын. Атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, «Әріптестеріммен бірге Қызылорда облысындағы бұл тәжірибені үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізу керек деп ойлаймын» деген ойын жеткізген еді.

Расында, бүгінгі таңда бұл әріптестік мемлекет пен бизнестің өзара ынты­мақ­тастығын арттырып, қажетті инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік сыйлады. Осының негізінде шаһарда  жарқын жобаларға дем берілуде. Ерекше қуантатыны, жастарды бұқаралық спортқа тартуға ба­ғытталған жобалардың қар­­қын алуы. Қазір облыста за­манауи спорт алаңдары, ста­­диондар, сауықтыру алаң­­­дары көптеп салынуда. Ұзаған жылы саланың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бюджеттік қаржыға 7 кешен салыныпты. Мемлекеттік-жекеменшік  әріп­тестік аясында Жалағаш ауданындағы Таң, Жаңақорған ауданындағы Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық, Шиелі ау­данындағы Бестам, Төңкеріс елді мекендерінде спорт­тық сауықтыру кешендері іске қосылған. Нысандарда ауыл­дағыларды спортқа баулуға мүмкіндік беретін барлық жаб­дық бар. Бокс, күрес, волейбол, кіші футбол үйірмелері, атлетика залы да жұмыс істейді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімовтің айтуынша, биыл МЖӘ көмегімен тағы осы тектес 22 жоба іске аспақ.

Мақаланы қорытпас бұрын, мемлекет пен жекеменшік сектор әріптестік құра бермейтін салаларға да көз жүгіртуді жөн санадық. Атап айтқанда, машина жасау, сумен жабдықтау, туризм секілді бірқатар салаларда МЖӘ жобалары жоқ екендігі анықталды. Бірақ, мұны біз уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Оның үстіне аталған мәселе тиісті бақылауға алын­ған. Алдағы уақытта осы салалар қамтылып, халыққа қа­жетті әлеуметтік нысандар түген­деліп, экономикадағы биз­нестің үлесі арта береріне сенім мол. Бұл, бір жағынан, биліктің жауапкершілігін жеңіл­детсе, екінші жағынан, жаңа инвестиция көзі ретінде жеке сектордың табысын еселей түседі.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<