Ей, Ұлыстың ұлық күні!
Ұлан-асыр ырысың,
Ұзағынан болсын ол.
Асып-тасқан бүгінгі,
Қызығыңды көрсін ел.
Қызыл шұнақ қысыңның,
Қақыратып қамалын,
Түріп тоңның тұсын күн,
Туды бүгін Амалым.
Көңілдерге періште,
Көлеңкеңді жолатпа.
Төл көбейсін өрісте,
Жол бер ұшар қанатқа.
Саған Жаңа жарқын жыл,
Арман қанша жетпеген.
Қара ормандай халқымның,
Несібесін етпе кем.
Менің дарқан даламды,
Қыдыр жүрсін аралап.
Ашкөз қылмай адамды,
Берсін сабыр, қанағат.
Үрлеп ұшқын үмітті,
Берекелі ет әр үйді.
Масыл етпе жігітті,
Жасық етпе сәбиді.
Атсын бейбіт абат таң,
Бақытты ет бар адамды.
Қасиет бер Жаратқан,
Тасытатын Аралды.
Ақ жарылқап сәтті күн,
Ала таңнан жырлады.
Қауышуда тап бүгін,
Қырдағы мен Сырдағы.
Ей, Ұлыстың ұлық күні!
Саған айтар бар тілек:
Арманымыз іште көп.
Жүзімізді жарқын ет,
Ісімізді үстем ет!!!
Толыбай АБЫЛАЕВ





