Аудан орталығындағы Әйтеке би кентінде Гүлзия Омар басшылық жасайтын «Арай» сұлулық салоны шеберлерінің сапалы қызметіне ризашылық білдірмейтін тұтынушы кемде-кем. Кіммен тілдессеңіз де ағынан жарылып, алғысын жаудыра жөнеледі.
Тұтынушының әсіресе, нәзік жанды қауымның талғамынан табылу оңай емес. Бұл үшін шеберлікке қоса сыпайылық, тіл табыса білу де қажет. – Мен – «Арай» сұлулық салонының тұрақты тұтынушысымен. Гүлзия Жақсылыққызы бастаған шеберлер туралы пікірім өте жоғары. Жаңашыл бағыттағы жұмыс тәсілін жақсы меңгерген. Бәсекелестік дамыған қоғамда ізденімпаздық табыс кепілі екені белгілі, – дейді Гүлмира есімді ару.
Мұнан тура жиырма жыл бұрын аудан орталығынан алғашқылардың қатарында сұлулық салонын ашқан Гүлзия Жақсылыққызы кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгерген жан. Салмақты мінезді отанасы қазіргі таңда қос бірдей сұлулық салонын, темір бұйымдарын дайындау цехын, өзге де жұмыс орнын ашып, көптеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оған қоса түрлі мәдени шаралардың, «Мектепке жол» акциясының тұрақты да белсенді демеушісі.
Сөз басында атап өткеніміздей Гүлзия өнерге де жаны құштар адам. Сыр бойына, елімізге өнерімен танылған Әуезовтер әулетінің келіні. Жалпы, Әуезовтер өнердің киесі қонған шаңырақ. Бұл әулеттің өнер жолындағы атағы сонау 70-жылдардың соңына таман іргелі отбасының тірегі Махамбет Әуезов ұйымдастырған отбасының ансамблі арқылы кеңінен мәлім болды. Түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын Махаңның перзенттерімен бірге дайындаған концерттік бағдарламалары көрермендердің ыстық ілтипатына бөленді. Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық өнер фестивалінде лауреат атанғаны жұртшылықтың әлі жадында. Ал, Гүлзияның өмірлік жары Арман болса, түрлі облыстық, республикалық, халықаралық өнер байқаулары мен конкурстардың лауреаты. Лондонда өнер көрсетіп, ілтипатқа бөленген шебер қобызшы. Гүлзия Жақсылыққызы да кезінде күйші ретінде талай бәсекеде топ жарды. Аудандық музыка мектебінде ұстаздық қызмет атқарған тұста көптеген өреннің көпшілікке танылуына септігін тигізді. Кейін заман ағымына сай кәсіпкерлік жолды таңдады. Қазіргі таңда аудандағы белгілі бизнес өкілдерінің бірі.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<