Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Наурыз мерекесімен құттықтауы

357

0

Құрметті қызылордалықтар!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Әз Наурыз – еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрінен бастау алатын, ізгілік пен ынтымақ, татулық пен сыйластық сынды мәңгілік құндылықтардың жаршысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады» деген болатын. Амал күні Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда төл мәдениетіміздегі Әз Наурыздың орны бөлек екенін атап өтіп, осы алқалы жиында келесі бесінші құрылтайды Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Бұл біздің өңір тарихындағы – айтулы белес.

Жер-Ана бусанып, бәйшешек бүр жарған көктемгі күн мен түннің теңелуін ата-бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Көктем шуағына ілесіп жаңа жыл келеді, жаңа бастамаларға жол ашылады.

Биылғы Наурыз мерекесіне Сыр елі толайым табыстармен жетті. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асып, басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталуда. Сәулеті мен сәні келіскен жаңа ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне табысталды.

Қадірлі жерлестер!

Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыс әкелсін.

Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, бақ-берекеміз арта берсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<