Топ-баннер2

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың облыс жұртшылығына Үндеуі

7

0

Құрметті Сыр жұртшылығы!

Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басуда.

Президентіміздің қатысуымен Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтай ел дамуының жаңа бағытын айқындаған алқалы жиын болды. Құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейінгі саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық жаңғыруға қатысты маңызды бастамаларын жария етті.

Қоғамның жан-жақты талқылауынан өткен жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл – еліміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауымызды жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға берілген тарихи мүмкіндік.

Президентіміз «Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады» деген болатын.

Жаңа Ата Заңымыздың негізгі мақсаты – егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтау, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Бұл – әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта мемлекеттігімізді нығайтатын маңызды қадам.

Елдігіміздің басты нышаны болатын жаңа құжатта Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы сақталып, «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына берік негізделген. Біртұтас Қазақстан халқының арман-аңсары, мақсат-мүддесі кеңінен қамтылған құжатты – халықтық Конституция деуге толық негіз бар.

Қадірлі жерлестер!

Алашқа Ана, халқымызға пана болған Сыр өңірі еліміздегі қолға алынған саяси реформаларды жүзеге асыруда әрдайым береке-бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп келеді.

Ұлттық жаңғыруымыздың жаңа кезеңінде де өз азаматтық ұстанымдарыңызды білдіріп, нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетеді деп сенемін.

Сындарлы сәтте ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ.

Баршаңызды осы тарихи кезеңде, жоғары жауапкершілікпен 15 нау­рыздағы референдумға белсенді қатысуға шақырамын!