Облыс әкімінің құттықтауы

138

0

Қадірлі жерлестер!

Құрметті сырбойылықтар!

Баршаңызды Алаштың анасы атанған – Қызылорданың ел астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойымен, қала күні мерекесімен құттықтаймын.

Қасиетті Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі.

Ежелгі Сақ заманындағы Шірік-Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Ақ Орда мен Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы, Қазақ автономиялық кеңестік республикасының астанасы Қызылорда соның айқын дәлелі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс», деген болатын.

Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болған Қызылордада мемлекеттілігіміздің негізі қаланды.

Сол кезеңде еліміздің саяси, мәдени-рухани орталығына айналды. Ұлттық өнер мен ғылымның, білім мен баспасөздің алтын қазығы осында қағылды.

Шежірелі шаһарымыздың елдік асыл мұраты, жасампаз жолы қалыптасты. Тілегі мен мақсаты ортақ Алаш арыстары ұлт мүддесі үшін тәуелсіз ел болудың жолына топтасты.

Еңбеккқор әрі елжанды халқымыздың бірлігі мен берекесінің арқасында дария бойында бүгінде дамыған әсем қала бой көтеруде.

Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірі қарыштап, өсіп-өркендеуде. Соңғы үш жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биыл 720 млрд. теңге тартылады.

Облыс бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп,

2022 жылдан бері 233 пайызға өсті.

Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.

Жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асырылып, Сырдың бас қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Заманауи өндіріс орындары ашылып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беруде. Халыққа қажетті көптеген әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне табысталуда.

Халықтың жайлы өмір сүру сапасын арттырып, тағлымы мол тарихи жылда толайым табыстарға қол жеткіздік. Бұл барша жерлестеріміздің жұмыла көтерген жүгінің ортақ жемісі.

Ғаламат ғасырдың куәсі болған сүйікті қаламыз күн сайын көркейіп, жыл сайын жаңарып, абыройы асқақтай берсін!

Тарих тоғысында болашақтың негізі қаланған мекен –

ару Қызылорданың келешегі кемел болсын!

Туған жеріміз, әсем қаламыз мәңгі жасай берсін!

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға

бақ-береке тілеймін!

Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

Құрметпен,

Қызылорда облысының әкімі

Н. НӘЛІБАЕВ