Осы жылдың он айында аймақтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткішінен оң динамиканы байқауға болады. өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов кешенді жұмыстар нәтижесінде нысаналы индикаторлар орындалғанын жеткізді.
Айтуынша, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 74,2 жастан 75,15-ке ұлғайды. Есепті кезеңде 13 643 нәресте дүниеге келді. Ана мен сәби өлімінің алдын алу бағытында біршама жұмыс атқарылып келеді.
– Көпбейінді облыстық аурухана деңгейінде 70 төсекке арналған босану бөлімшесі ашылды. Бұл қауіп тобындағы экстрагенитальды ауруы бар жүкті әйелдердің профильді мамандардан кеңес алуына мүмкіндік береді. Кейінгі 3 жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандардың біліктілігін арттыруға 375 млн теңге, оның 192 млн-ы шетелде оқытуға бөлінді. Ана мен бала денсаулығын сақтау саласының материалдық-техникалық базамен жабдықталу көрсеткіші – 90,5%. Кейінгі 3 жыл көлемінде осы салаға 3млрд 200 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 1 млрд 500 млн теңге есебінен құрал-жабдықтар, оның ішінде көпбейінді облыстық балалар ауруханасына магнитті-резонансты томограф алынады, – деді Олжас Ысқақов.
Дерттің алдын алудағы негізгі қадам – вакцинация. Дегенмен, халықтың белгілі бір бөлігінің бірқатар инфекцияға қарсы екпе шараларымен тиісті деңгейде қамтылмауынан жұқпалы аурулар өрши түскен. Ұлттық күнтізбеге сәйкес бала 1 және 6 жасында қызылшаға қарсы 2 тур вакцина алуы қажет. Алайда ата-аналардың екпеден бас тартуы себепті 2023 жылдан бері қызылша ауруы толассыз тіркеліп отыр. Ауру негізінен 5 жасқа толмаған балалар арасында, 77,2%-ында дәл осы екпе алмағандар арасында тіркелетіні анықталды. Басқарма басшысы брифингте ата-аналарға үндеу жасады.
– Ата-аналардың балаларына екпе салдырмау себебін діни наным-сенімге тіреп қоюдан аулақпыз. Бұған әлеуметтік желі арқылы жан-жақтан алатын ақпараттың әсері зор. Ең қиыны, екпе алған балаларға алмаған балалардың кесірі тиіп жатыр. Осы ретте ата-аналарды екпе шараларына сенім білдіріп, балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деді ол.
Бүгінгі күні аймақта 3 мыңға жуық дәрігер және 11 мыңға жуық орта буынды маман қызмет етеді. Басқарма басшысы облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде кадр тапшылығы жылдан-жылға азайып келе жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылы ауылдық елді мекендерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген 4 медицина қызметкеріне 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді. Биыл мұндай көмек алған мамандар саны 10-ға жетті. 2023 жылдан бастап аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 60 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалса, медицина саласында сұранысқа ие жалпы медицина мамандығы бойынша маман даярлауға облыс әкімінің 45 гранты бөлінді, – деді Олжас Ермекұлы.
Медицина нысандарының келбеті жаңарып, материалдық-техникалық базасы нығаюда. Кейінгі 10 жылда 116 нысан салынып, пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет ашылып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Кейінгі 3 жылда 24 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 44 нысан газбен жылытылатын болды. 15 млрд теңгеге КТ, МРТ, ангиограф және тағы басқа медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазіргі күні аудандық ауруханалардың барлығында КТ аппараты бар. Кешенді шаралар медициналық құрал-жабдықтардың жаңартылу деңгейін 2022 жылғы 83,2 пайыздан 87,6 пайызға арттырды.
– Апатты жағдайдағы және тозығы жеткен ғимараттар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Апатты жағдайдағы Арал және Шиелі аудандық ауруханаларына қарасты жұқпалы аурулар бөлімшелерінің ғимараттарын жаңадан салу жоспарланған. Осыған дейін Шиелі бөлімшесі пайдалануға берілді. Аралдағы нысан келер жылы ашылады деп отырмыз. Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауы қарыштап дамып келеді. Халық саны артып, медициналық ұйымдар қажеттілігі туындады. Бүгінде осы маңда 300 төсектік көпбейінді аурухана салынып жатыр, – деді басқарма басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





