Жазғы каникул басталды. Балалар демалыс уақытын асыға күтетіні белгілі. Дегенмен, осы кезде балалардың суға кетуі, жол апатына ұшырауы, терезеден құлауы және астан улануы жиі орын алады. Соның ішінде суға кету жағдайы жиілеген. Себебін іздесең, сан түрлі жауап аласың. Көздің қарашығындай мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бар жылы-жұмсағын аузына тосып, мейірімін аямаған, алақанында мәпелеген перзентін қай ата-ана ажалға қисын? Оқыс жағдайлардың басым бөлігінде ата-аналарды кінәлап жатамыз. «Баласына бас-көз болмай қайда қарап отыр? Жауапкершілік жоқ па? Неге қараусыз қалдырады?» деген сауал қойылды. Ата-ана жауапты екені рас. Алайда, 24 сағат бойы баланы бақылауда ұстау да қиын.
Жазда аптап ыстықта суық суда сергуді, ал қыста мұз үстінде сырғанауды әдетке айналдырған балғындар қауіптің қайдан келетінін, расында, қайдан білсін? Шындығында, 40 градус ыстықта ойын баласы тұрмақ үлкендердің өзі өзен-көл жағалайды. Бала да ата-анасының көзі тайса, суға әуес. Бәріміз суға шомылып өстік. Шыжыған күннің ыстығында ауылдан алыс жатқан каналға асығатынбыз. Жалғыз емес, әрине. Ес білетін ересектер қасымызға қосыла ілесетін. Суда жүзе білмейтін кішкентайларды үлкендер жағадан асырмайтын.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің дерегінше, жыл басынан балалардың суға кетуі жиілеген. Бұған құтқарушы мамандар алаңдаулы. Биыл жазатайым 18 суға кету оқиғасы тіркелсе, 12 бала «тілсіз жаудың» құрбанына айналған. Иә, бұл сан үрейіңді ұшырады. Енді өткен жылдың цифрларына зер салсақ, былтыр 12 адамға суға кетсе, оның 4-і бала. Ал, 2019 жылы 26 адамның ажалы судан келсе, өкінішке қарай, оның 10-ы, 2018 жылы 22 жағдай тіркелсе, оның 8-і бала. Бала өзіне төнген қауіпті сезбейді. Қауіпсіздік шараларын ескермей, су айдынының кез келген тұсына түсіп, салдарынан оқыс оқиғаға ұшырауда.
Облыста суға түсу маусымы ерте басталып, кеш аяқталады. Мұны сала мамандары жылда хабардар етіп, қауіпсіздік шараларын алдын ала ескертеді.
Дегенмен, жедел-құтқару жасағының берген деректерін қарап отырып, балалардың түрлі жағдайда суға кеткенін байқауға болады. Бірі мал суару кезінде каналға кеткен, енді бірі абайсызда арыққа құлаған, суға түсу кезінде жүзуді білмегендіктен, мұздың ойылуынан, ата-аналарымен демалыс орындарына барғанда, қараусыз қалғаннан. Құтқарушылар жаз айларында отбасылық кештерді табиғат аясында ұйымдастырушылар көбейетінін айтады. Басқа облыстардан арнайы келіп, тынығуды әдетке айналдырғандар да жетерлік. Қызыққа кенелген отбасы балаларын еркіне қояды. Ойын баласы су жағалап жүріп, оқыс оқиғаға кезігеді. Мұндай деректер жылда тіркеледі екен. Бұл туралы жедел-құтқару жасақ басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетов айтып берді.
– Қазір – суға түсу маусымы. Біздің ұжым күшейтілген режимде жұмыс істеуге көштік. Кезекшілік пен рейдтік шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Десек те, жыл басынан бері 18 адам суға кетті. Оның 12-сі бала. Өткен жылмен салыстырғанда, көрсеткіш еселеніп отыр. Негізі балалардың суға кетуінің бірден-бір себебі – өңірде шомылуға арналған орын саны шектеулі. Бірі – «Арай» парктегі «Сыр самалы» болса, екіншісі Белкөл аумағында орналасқан. Олардың жұмыс уақыты белгіленген. Ақысы да жылдан жылға көтеріліп отыр. Көпшілікке қолжетімді емес. Сондықтан жақын маңдағы көл мен каналдарға барады. Осы кезде дарияда су аз. Жұрт тартылған су терең болмайды деп ойлайды. Ал, шындығында, су тартылғанда, терең тұстары көлшік болып қалады. Судың аз екенін көріп, таяз ғой деген оймен балалар суға түседі. Жүзу білмейтін бала бірден батып кетеді. Қазір жағажайлар қатаң бақылауға алынған, – дейді ол.
Осы орайда құтқару жасағының мамандары лагерьлер мен мектеп жанынан ашылған шағын тынығу лагерьлерінен арнайы ұсыныс болса, «балаларға суда жүзу ережелерін үйретеміз» деген ойларын да білдірді. Оқыс жағдайлардың көбеюіне жеткіншектердің өз беттерінше су жағалауына баруы да себеп болып отыр. Жаз басталмай жатып Тасбөгет кентінде 4 мектеп оқушысы суға түсуге барған. Жүзу білмейді. Алдымен екі бала шомылу кезінде суға кеткен. Мұны көрген жағадағы екі бала жақын маңдағы балықшыны шақырған. Балықшы бір баланы судан шығарғанымен, өмірін құтқарып қала алмаған. Ал, екінші баланың денесі арнайы құтқару мамандарының көмегімен біршама уақыт іздестіріліп табылды. Екінші оқиға қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылында болған. 8 жастағы бала «Байқадам» каналының үстімен өтетін көпірмен келе жатып суға құлап кеткен. Көпір адам жүруге арналмаған. Кезінде су өлшегіш құралдарына арнап салыныпты. Екінші сыныпты аяқтаған бала сол күні 5 литрлік құтымен су әкелуге шыққан. Көпір үстінде аяғы тайып, суға түсіп кеткен. Денесін құтқарушылар екі күн бойы іздеді.
Төтенше жағдай министрлігінің азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің мәліметінше, биыл 5 айда еліміздің су айдындарында 34 бала қайтыс болған. Бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 67 процентке өскені байқалады.
Көпшілік төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қандай қызмет атқаратынын, олар кімге көмек беретінін білмейді. Өрт, газдан улану, балалардың оқыс оқиғаға ұшырауы және суға кету кезінде біз арнайы мамандардың қызметіне жүгінеміз. Олардың қызметіне көңілі толмайтындары да бар. Расында солай ма? Мамандар қандай қызмет көрсетеді? Олар біліктілігін қаншалықты шыңдап отырады? Бізде құтқару жасағының қызметкерлері жеткілікті ме? Техникалық құрал-жабдықтармен қаншалықты қамтамасыз етілген? Көкейдегі сұрақтарға жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетов былай жауап берді.
– Оқиға тіркелгеннен кейін жедел құтқару жасағы тиісті аумаққа жетіп, іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Құтқарушылар төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен ережеге сай әрекет етеді. Су астында қанша уақыт болу керектігі де арнайы көрсетілген. Оқиға орнына бір бригада жетеді. Құрамында 5 адам болады. Кейде бір күнде бірнеше оқиға тіркелгенде мамандар жетіспей қалатыны рас. Ондайда ережені бұзуға тура келеді. Суға кеткен адамның ағайындарының халін көріп, іздестіру жұмыстарын жалғастыра береміз, – дейді ол.
Ал, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Исмағұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шомылу маусымының басталуы және ауа райының қатты ысуына байланысты адамдардың су айдындарындағы қауіпсіздігі өзекті болып тұрғанын атады. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Облыс әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткен. Онда қала мен аудан әкімдіктеріне және тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілген. Суға шомылатын жерлерді анықтап, жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, талапқа сай коммуналдық жағажайлар ашу керектігін де айтып өтті. Сондай-ақ суға түсуге қауіпті аймақтарға 188 ескерту тақтайшасы орнатылған. Халық арасында үгіт-насихат және қауіпті учаскелерге бақылау жүргізу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан күнделікті сағат 15:00-ден кешкі 22:00-ге дейін рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Қазір ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша 13 адамға ескерту шарасы көрілген. Талғат Исмағұлов ата-аналарды балаларды бақылаусыз қалдырмауға, ересек азаматтарды су жағасында демалу кезеңінде ішімдік ішпеуге, өз қауіпсіздігін сақтауға шақырды.
Облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаровтың айтуынша, облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1274 шақырым. Мұнан басқа 19 ірі, 220 шағын канал болса, 207 көл бар. Сонымен қатар 64 қауіпті учаске анықталған. Қала аумағында орналасқан 54 мектептің оқушылары мен ата-аналарына Whatsapp желісі арқылы топтар ашылып, күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. 263 оқушыға онлайн режимде «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша сабақ өткізілген. Бауыржан Шірімбекұлы балалардың суға кету жағдайын азайту үшін бассейн санын арттыру керектігін айтты. Осы орайда ТЖ департаментінің ұсынысымен Жалағаш ауданында жабық бассейн құрылысы жүргізілуде. Бассейн жақын арада пайдалануға берілмек.
Тілсіз жаудың құрбанына айналған бала санының не себепті артқанын білуге талпынғанда, жауапты мамандардың жұмысы жүйелі екеніне көз жеткіздік. Бұл тұста ата-ананың жауапкершілігі, баланы қадағалаусыз қалдыруға болмайтыны айтпаса да түсінікті. Балаға судан келер қауіпті мейілінше түсіндіріп, санасына сіңіру қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін естен шығармаған жөн.
Мақаланы дайындау барысында Арал ауданында тағы бір баланың суға кеткені белгілі болды. 2006 жылғы жасөспірім туған-туысымен суға түсуге барған кезде батып кеткен. Баланы судан жақындары алып шыққан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<