Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Абай еліндегі Қызылорда облысының өнер күндеріне, Абай облысының тарихи орындары мен ұлы Абайдың туған жеріне Қызылорда, Байқоңыр қаласы және аудандардан 52 ардагер жолға шықтық. Бізді облыстық ардагерлер кеңесінің өкілі Мақсұт Баекеев бастап барды. Жол ұзақтығына қарамастан, ардагерлер Абай елін, қазақтың біртуар тұлғасы Құнанбай сұлтанның, Шәкәрім ақынның мекенін көзбен көретіндерін мақтаныш сезіммен айтып, олар жайлы тереңнен сөз қозғай түсті. Әңгіме қызды-қыздымен түннің біруағына дейін жалғасты.
Қоғам қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп-білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады…» дейді дана Абай он тоғызыншы қарасөзінде. Көрдіңіздер ме, Абайдың ойшылдығы мен шыншылдығы астарында қалай айшықтанып жатыр. «Естілерден естіп-білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса» дейді, қиыннан қиыстыра отырып сенің зердеңе қандай сәуле отын жағып тұр десеңші?! Міне, Абайдың ұлылығы» деп әңгімесін аяқтай берген-ді.
Арасын суытпай Құнанбайдың даналығы мен көрегендігі жайлы республикаға танымал ақын Алтай Үсенов жалғай түсті:
– Тойғұлы – Мамай руының байы. Қыс айында Құнанбаймен құда болыпты. Ұлжан анасының айтуымен осы тойға Абай мен Ербол жол үсті соға кетуді ойлайды. Тойға келсе әкесі Құнанбай жанында Қаратай, жорға Жұмабай, Жақып сияқты үзеңгілестерімен отырған көрінеді. Осы жерде сөзуар Қаратай бай жас кезіндегі әкелер заманын еске алып, бүгінгі заманның азғанын, жастардың құнарсыз болып бара жатқанын сөз етеді.
Сонда Абай қиғаш жауап береді. Бұрынғы заманның кемшілігін тізіп береді. Туысқан жандардың бір-бірін шауып кетіп, бір-бірімен дұрыс араласа алмағанын бетке басады. Сол аламан шабыс пен тартыстан тамақ та іше алмай, дұрыс ұйқы да болмағанын жеткізеді.
Сыртқа шыққан сәтте салқын жүзбен Абайға қарап:
– Сен оқыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің. Біз надан өстік. Бірақ сол білімің жұрт алдында ата сыйлауды неге білдірмейді саған? Көп көзінше таласып кеп, әкеңді сүрінткенде не мұратқа жетпексің, – деп оңашада ойын білдіреді. Бұл Құнанбайдың адами биіктігінің, парасат-пайымының белгісін білдіреді. Өйткені көп ішінде жас Абайдың сағын сындырмауды ойлағаны еді, – деп тоқтады Алтай ақын.
«Уақыт біраз болды көкелер, демалайық» деп жолсерік ескертпегенде, әңгіме-дүкеннің таңға дейін ұласары анық еді.
Мынадай терең ойлы, әсерлі әңгімеден кейін біраз ой кешіп кетіппін. «Батыстан – үлгі, Шығыстан – өнеге» деген тәмсіл барын ел жақсы біледі. Енді осындай дүрбелеңге толы заманда кейбір жандар «Батыстан не алуға болады?» деуі мүмкін. Ол жақтан нақты демократияны, құқықтық мәдениетті, дамыған ғылым мен озық технологияны, бәсекелестік тәжірибені. Осы жерде айта кетейік, ғылым мен технология қазір Шығыста қарқынды дамуда.
Ал енді «Шығыстан не алуға болады?» дегенге тоқталсақ. Даналықты, тәлім-тәрбиенің, дәстүрдің озық үлгілерін, жауапкершілікке мойынсұнуды, елжандылықты, еңбекқорлықты. Шындығына келгенде, ел дамуы ғылым мен техникаға ғана тіреліп тұрған жоқ, жан-жақты ынта мен жігерге, сана мен түйсікке де байланысты.
Мәселен, Жапонияда үш нәрсеге барынша көңіл бөледі екен. Табиғатты аялау, бабалар рухына тағзым ету, үйде де, түзде де тазалық сақтау. Енді қызығы, олар дөрекі, балағат сөздерді ешқашан қолданбайтын көрінеді. Керек болса, сөздік қорында жаман сөздер сирек екен. Міне, өнеге деген осы емес пе? Бұл жағы бүгінде бізге керек-ақ. Жаңа Қазақстан, Таза Қазақстан үшін қажет.
Жалпы шығыста ата-ананы, үлкенді сыйлау, ұстазды құрметтеу жазылмаған заңдылық. Конфуций өзін күн сайын «Ұстазымның айтқанын есте сақтап, орындап жүрмін бе?» деп тексеріп отырған деседі.
Біз бүгінгі қазақ қоғамының ағымына қарай, тыныс-тіршілігіне сай, мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін, ділін, дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, отбасылық және қазақи құндылықтарымызды назарда ұстап, жан-жақты насихаттап отырғанымыз жөн. Абайдың жолымен, айтқан сөздерін есте сақтасақ, ешкімнің артында қалмасымыз анық. Кемеңгер Абайдың қарасөздегі берген ілімі кез келген ойшылдың ілімінен асып түспесе, кем түспейтіні шындық.
Ертеңіне ұйқыдан тұрсақ, Жетісу өңірінің орталығы Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасын жиектеп келеді екенбіз. Жал-жал толқын жағаны ұрып, су беті тынымсыз қозғалыста. Кеше түндегідей емес, ардагерлердің шаршағаны байқалады. Соңы түске таяу ұйқыдан оянып жатты. Құнанбай мен Абай жайлы әңгіме қайта басталды.
Бұл жолғы Құнанбай мен Сырдағы атақты Мырқы бидің арасындағы сыйластық жайы біршама қаузалды. Меккеге барғанда басталған құрылыс жұмысы аяқталуға сәл қалғанда қарыз ақша алғаны жайлы әркім білгенін, естігенін айтып жатты. Құнанбайдың үлкен қажылыққа бара жатқанда Қалжан ахуннан бата алғаны жайында сырдың ұштығын журналист Бейбітбек Бүркітбайұлы тарқатты. Сыр бойындағы тарихта аттары қалған бектер мен билер, датқалар жайында облыстық білім басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов ініміз де әңгіме қозғады.
Таңертеңгі сағат 8.45-те Семей қаласына келіп жеттік. Алдымыздан қала әкімінің міндетін атқарушы, қала әкімінің орынбасары, сырдариялық жерлесіміз Қуаныш Әбілдаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Құсманұлы және басқа да азаматтар ақжарқын жүзбен, емен-жарқын көңілмен күтіп алды. Уақыт оздырмай «Семей» қонақүйіне апарып орналастырды. Қонақүйдің дәмханасынан ас-суымызды ішіп болысымен қаланың тарихи-мәдени орындарын аралауға шықтық.
Алғашқы болып Құнанбай қажылыққа аттанған еліміздегі ежелгі мешіттердің бірі көпес Тыныбай Қаукенов атындағы мешітпен танысып, зиярат еттік. Іргесі ағаштан тұрғызылған бұл мешіттің көненің көзі екенін көрген жан жазбай таниды. Көпшілік жиналып оқитын намазхана бөлмесі, бас имамның құран оқу, тағы да басқа шағын бөлмелерден тұрады. Жұма намазға келушілер баршылық екен. Бір қызығы, мешіт іргесінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1920 жылы көтерген түйетастың жатқанын көріп, бір-бір сипадық.
Ортамыздағы Сисенби Шермаханов ақсақал «Бұл тастың мұнда жатқаны дұрыс емес екен. Мұны жергілікті басшылыққа айтып, өз алдына музейдің жанына апарып, келушілер назарын аударатындай етіп қойған дұрыс» деп қаланы таныстырып жүрген музей қызметкерлері Нұргүл Дарханқызы мен Мадияр Закимовке өз ұсынысын жеткізді. Олар бұл ұсынысты басшылыққа айтуға уәде берді.
Мұнан соң полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» сәулет-мүсін кешенімен танысып, құрбандарға арналып құран бағышталды. «Семей-Невада» қоғамдық ұйымының белсенді азаматтарының арқасында кешен бой көтерген екен. Биіктігі 17-18 метрдей болып қалады. Полигон сынағында болған жарылыстың пішіні бойынша бейнеленіп салынған.
Нұргүл қызымыз кешен ядролық қарудың қаншалықты қатыгез және сансыз зардап әкелетін қару екенін, жер бетіндегі бейбіт өмірдің қадірін қастерлеу керектігін келушілердің санасына құйып, жүрегін сыздатып тұратындай әсерге бөлейтінін түсіндіріп жатты. Оның айтуынша, Семей ядролық сынақ полигонының құрылысы КСРО Министрлер кеңесінің «Вопросы Горной станции» қаулысынан басталған көрінеді.
1947 жылы тамыз айының 21-де құрылысы басталып кеткен нысанды әскери ведомствоның құзырына беріп, полигонның атауы «КСРО Қарулы Күштерінің №2 тәжірибелік полигоны» болып өзгертіледі. Бір жылдан соң әскери бөлімдер, негізінен әскери құрылысшылар көптеп келе бастаған. Осы мерзімнен бастап аса құпия жағдайда тұрғындарға арналған кең ауқымды әскери қалашықтың құрылысы жүргізіледі.
Ол алғашқыда Курчатов, содан кейін Москва-400, сосын Семипалатинск-21, соңғы атауы Конечная станциясы болып өзгертілген. Мұнда тәжірибелік зертханалар, өндіріс базаларының және сынақ алаңдарының ғимараттары бой көтере бастайды. Бір қызығы полигон Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының қиылысында, Семейдің солтүстік батысында, 130 шақырым қашыққа орналасып, 18500 шаршы шақырым болатын аумақты алып жатқан. Сол кезеңде мұны ешкім де білмеген. Салуға қатысқандардың есімдерінің өзі есте қаларлықтай. КСРО-дағы атом ғылымының ұйымдастырушысы Игорь Курчатов, бірінші ядролық зарядтың жасаушысы Юлий Харитон, термоядролық зарядтың және сутегі бомбасының «әкесі» Андрей Сахаров тікелей қатысқандығы жайлы музейде арнайы орын берілген екен.
1949 жылы тамыздың 29-нан бастап Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы үздіксіз сынақ жасалып отырғаны да экспозицияда көрсетілген. 1949 жылдан 1989 жылға дейін, Семей полигонында құрамында 616 ядролық және термоядролық құрылғы бар 468 ядролық жарылыс жасалған. Семей полигонында 1949 жылдан 1963 жылға дейінгі барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2500 есе артық болғаны да айтылған. Міне, біз біле бермейтін деректер мен дәйектерден жол бастаушымыз ардагерлерді хабардар етіп, тереңнен түсіндіріп берді.
Осыдан кейін қала ортасындағы есіліп аққан, керіліп жатқан Есіл өзеніне келдік. Оның үстіндегі әлемдегі ең ұзын аспалы көпірді көріп, сәулетіне риза болдық. Өзен жиегінде тұрып оның тамаша табиғатына таңдай қағыстық. Кейде екіге айырылып барып қайта қосылып есіле ағып жатыр. Жағасында бой көтерген биік үйлер жарасып-ақ тұр. Асау Сырдарияның бір кездегі қалпы көз алдымызға келгендей күй кешіп тұрдық. Жастар өзен бетінде моторлы қайықпен жарыса кетіп барады.
Бұдан соң қаладағы Абай музейіне ат басын тіредік. Ақынға тиесілі дүниелердің бәрі осында қойылған. Екі қабатты ғимараттың көркемдігі көз тартады. Алдында ұлы Абай балаларымен биік тұғырда тұр. Ардагерлеріміз құран бағыштап жанында ескерткіш суретке түсті. Кештің қалай батқанын аңдамай да қалдық.
Қызылорда облысының Абай облысындағы өнер күндері аясындағы концертті тамашалау үшін Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрына бет алдық. Қызылордалық өнерпаздарымыз «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне» атты өнер тартуымен келген. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли сахна төріне көтеріліп, концертке қатысушыларға лебіздерін жеткізді. Берік Уәли Қызылорда облысының халқына, Абай облысының тарихын, дәстүрін білуге келген ардагерлерге, өнер иелеріне, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа алғысын жеткізіп, екі өңірдің қарым-қатынаста болуға дайын екенін ризалықпен айтып өтті.
Н.Нәлібаев Семей облысының 25 жылдан соң Абай облысы болып қайта құрылуымен барша ағайынды құттықтады. Әріптесіне тілектестігін жеткізді. Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл, ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Сыр өнерпаздары өнерін тарту етуге келгенін жеткізді. Нұрлыбек Машбекұлы бір нысанның құрылысы Сыр жұртшылығы атынан жүргізілетінін атап өтті. Мұны естіген Абай өңірінің халқы орындарынан тұрып, ұзақ қол соқты.
Екі аймақтың басшылары бір-біріне Қорқыт баба портреті мен Абайдың жаңа бес томдығын тарту етті. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әліп сахна төріне көтерілді. Қашанда қонақты құрметтеген қазақтың жолымен Серік Әбішұлына алдымен сөз берді.
– Құрметті де аса қадірлі ағайындар, бүгін біз Абай еліне, қарт Семей өңіріне Сырдың сазды сәлемін әкелдік. Даладай дарқан пейілмен, қонаққа деген құрметпен қарсы алдыңыздар. Біздің аймақтың ардагерлері Семей өңірінің тарихын тереңнен білуге, дәстүр мен әдеп-ғұрпымызды кеңінен тануға бірге келді. Қызу жұмыстың жүріп жатқанын байқадық. Кәсіпорындардың қалыпты жұмыс жасап жатқанын да көзбен көрдік. Алла елімізге тыныштық пен абырой берсін! – деді ол.
– Сыр елінен келген қадірлі қонақтар! Мемлекет және қоғам қайраткері, бір кездері Шығыс Қазақстанды басқарған Бердібек Сапарбаев арқылы Сіздердің адалдықтарыңызды, іскерліктеріңізді танып білдік. Шындығын айту керек, Семей Өскеменге қараған тұста көңіліміз жабырқап қалғаны шындық. Осы тұста аймақ басшысы Бердібек ініміз Семейді көзінен таса, назарынан тыс қалдырмады. Қаламыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге күш салды. Іскер азаматтың арқасында Семей қаласының ажары таймады, кемелдене түсті. Екі өңір арасындағы байланыс тағы да беки түсті. Осындай туыстығымыз, ағайындығымыздың іргесі ешқашан ажырамасын! – деп Мұрат Сейсенұлы сөзін аяқтады.
Екі ардагер қазақи жолмен бір-бірінің иығына шапан жапты. Концерт өте жоғары дәрежеде өтті. Оған Парламент депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев қатысты.
Сыр өңірінен келген конақтарға арнайы ас берілді. Сол жерде екі өңірдің басшы азаматтары келелі ойлар мен пайымды пікірлерін айтты.
(жалғасы бар)
Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі





