Өлшеуін білмек – үлкен іс

161

0

Адамзат баласының өзге тіршілік атаулыдан өзгешелігі, жаратқан иесі оны ақылды етіп жаратқан. Сол ақылы арқылы мыңдаған жыл бойы жақсылыққа, ізгілікке ұмтылып келеді. Дамудың бірнеше формациясынан өтіп, болашақ қоғамның игілігі жолында бір-бірімен қырқысты, мыңдаған жаужүректілер сол үшін өмірін құрбан етті.

Адамның тағдыры қызық. Ешкім ешкімнен төмен болғысы келмейді. Өмір – күрес, тартыс. Сол күреспен алға жылжиды, кедергілерді жігері, қабілеті жеткенше жаншып өткісі келеді. Шыңға жеткісі келеді. Барлығы ойдағыдай болып жатса кәнеки, бұл өмірде кедергілер де көп. Сүрінесің, қайта тұрасың, тағы ұмтыласың дегендей. Бірақ бізде қазір шама дегенді білмейтін болды, «өлермендіктен» алға ұмтылып жатқандар қаншама?!

Хакім Абай: «Өлшеуін білмек – бір үлкен іс керек» деп жазды. Оған нақты мысалдар келтіріп, өзінің 43-қара сөзінде «Ішпек, жемек, күлмек, көңіл көтермек керек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің өлшеуі бар» дейді. Яғни кез келген нәрсенің өлшеуін білу қажет.

Әйгілі Лев Толстой немересімен әңгімелесіп отырып:

– Өскенде кім болғың келеді? – деп сұрапты.

– Сіз сияқты даңқты жазушы болғым келеді, – депті немересі.

– Онда сенен ештеңе шықпайды, – депті жазушы.

– Неге?

– Сенің жасыңда мен Құдай болсам деп армандаушы едім…

Иә, шынында ой салатын диалог. Ұлы адам мен өмірге енді аяқ басқан баланың диалогы. Баламен сөйлесе білу өнері тек Ұлы адамның ғана қолынан келеді. Әлбетте, бізге Платон, Толстой болу міндетті емес, бірақ өз шама деңгейімізде ұят, ынсап деген ұлы ұғымның мәнін түсініп, өмірдің қарапайым ізгілік қағидаларын игерсек жетіп жатыр емес пе?!

Ұлы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ұлтты ұйытқылы ететін – парасат. Адамды абзал ететін – иман» депті. Тағы да: «Жүрек – құмыра. Дүние тіршілігінде әлгі құмыраға қолға түскенді теріп сала береміз… Бір күндер болғанда, қазына көріп арқалап жүргеніміз не нәрсе деп ішіне үңіліп қарасақ, әншейін түкке алғысыз кәкір-шүкір болып шығады» деп, жүректі таза ұстауға үндепті.

Осы бағытта жас ұрпақты тәрбиелейтін жандар – ұстаздар. Ұстаз – ұлы ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Ұстаздың еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық болып табылады. Өйткені, ұстаз еңбегінің арқасында ғана әкім де, қара да, ғалым да, дарын да, бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алады. Шәкірт ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басады, сөйтіп өмірден, қоғамнан өз орнын табады. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген екен.

Сондықтан, қазіргі жылдам өзгермелі заманда еліміздің болашағы – жастардың саналы әрі білімді болып қалыптасуына бірден-бір үлес қосатын ұстаздар қауымына қойылатын талап та жоғары, артылатын міндеттің де жүгі ауыр болмақ.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ