Сыр елі – ежелден елдік пен ерліктің, тектілік пен парасаттың мекені. Сол қасиетті топырақта туған әр азаматтың өмірі ел тарихының бір бөлшегіне айналып отырады. Сондай есімдердің бірі, ел есінде мәңгі сақталған, өмірі қысқа болса да, ізі терең Әшірбек Таубайұлы Таубаев еді.
Әшірбектің атасы Ботпан бай ел ішінде жомарттығымен, қайырымдылығымен танылған. «Ботпан байдың асынан дәм татпаған адам жоқ» деген сөз ел жадында сақталып қалған. Ол мешіт салып, сауат аштырған, жұт кезінде аш-жалаңашқа мал үлестіріп, жоқ-жітікке көмектескен. Ұстанымы айқын болатын, байлық елдің игілігі үшін жұмсалуы тиіс.
Ботпанның ұлы Таубай да әділ, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Алайда 1937 жылдың зобалаңы бұл әулеттің де тағдырын қиратты. Ботпан мен Таубай «халық жауы» атанып, қуғынға ұшырады. Осындай ауыр кезеңде ер жеткен Әшірбек ерте есейді, тағдыр сыны оны қайыспайтын, рухы биік азамат етіп қалыптастырды.
Анасы Бекзада – сабыр мен иманның, мейірім мен парасаттың иесі. Балаларының бойына адамгершілікті, адалдықты, еңбекқорлықты дарытты. Ал ағасы Әлібек отбасының тірегі, бауырларына қамқор болды. Осындай ортада өскен Әшірбек азаматтық мінезі мен тектілік болмысын осы тәрбиеден алды.
Мектепті үздік тәмамдаған соң ол Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсті. Бұл сол кездегі ауыл баласы үшін үлкен жетістік еді. Оқу орнында алғырлығымен, ұқыптылығымен, парасаттылығымен көзге түсті.
Институтты бітірген соң, туған жері Қызылорда облысына оралып, фармацевтика саласында еңбек жолын бастады. Алғашқы жылдары дәріхана басқармасында инспектор болып қызмет етті. Кейін өз ісіне адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында облыстық дәріхана басқармасының басшысы қызметіне көтерілді.
Ол еңбек еткен 1970 жылдары Сыр өңіріндегі дәріхана жүйесі республика бойынша алдыңғы қатарға шықты. Дәрі-дәрмек жеткізу, ауылдық пункттерге медициналық қызмет көрсету ісін жүйелеп, халыққа сапалы қызмет көрсетуге күш салды. Замандастары оны жұмысын жүрегімен істейтін адам еді деп еске алады.
Әшірбек Таубайұлы басшылық қызметте жүргенде қарамағындағы әріптестеріне талап қойып қана қоймай, олардың қамын ойлады. «Маман болу – парыз, ал адам болу – қасиет» дейтін өмірлік қағидасын ісімен дәлелдеп өтті. Әріптестері оны сабырлы, әділетті, парасатты басшы ретінде таниды.
Өмірлік серігі Шаризат Лұптықызымен 1961 жылы шаңырақ көтерген. Екеуі тағдыр қосқан жарасымды жұп болды. Шаризат апай – инабатты, кеңпейіл, жолдасына тірек, отбасына береке болған жан. Бұл шаңырақ Сыр бойындағы көпшілікке үлгі, іні-қарындастарына қамқор, ағайынның арасын жалғаған мейірім ордасы еді.
Өкінішке қарай, Әшірбек Таубайұлы 1973 жылы небәрі 37 жасында дүниеден өтті. Ол өз өмірін еліне, кәсібіне арнап, бар күш-жігерін халқының саулығы жолына жұмсады.
Артында өмірін жалғаған, әке атын абыроймен арқалап жүрген төрт ұл қалды. Бүгінде ұлдары мен немерелері Сыр өңірінде, Алматы, Астана қалаларында ел игілігіне еңбек етіп, отбасылық өнегені жалғастырып келеді.
Қызметтестері мен замандастарының айтуынша, Әшірбек ешқашан еңбегін бұлдаған емес, керісінше, қарапайымдылық пен адамдықты бәрінен жоғары қойған. Елдің қамын ойлап, ағайынның абыройын сақтауды азаматтық борыш санады.
Сыр бойының адал ұлы Әшірбек Таубайұлының ғұмыры – өнегелі өмірдің, ұлтқа қызмет етудің айқын үлгісі. Оның есімі ел есінде мәңгі сақталып, ұрпағына рухани бағдар болып қала бермек.
Адам өмірінің ұзақтығы емес, мазмұны маңызды. Әшірбек Таубайұлы аз ғұмырында үлкен із қалдырды. Ол – текті әулеттің абыройын асырған, туған еліне еңбегімен, жүрегінің жылуымен танылған азамат.
Мұндай тұлға туралы жазу – парыз, ұрпаққа жеткізу – аманат.
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
Мәдениет қайраткері, жыршы





