Жақында Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде, соның ішінде Қазақстан бойынша да еліміздегі білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі және халықаралық үздік студенттерді марапаттауға арналған алқалы жиын болып өтті.
Осы жиында Қазалы көлік-техникалық колледжінің студенті Айнұр Жалиева республикалық «Жаңа Қазақстан» инновациялық орталығы мен «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының сараптамалық ұйғарымымен, еліміздегі білім мен ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін және білім сайысындағы сындарлы сынақтардан сүрінбей өткен қажырлы еңбегі, сонымен қатар жастар саясатының дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық істерге белсене араласқаны үшін халықаралық «ЕАЭС үздік студенті» және «ТМД үздік студенті» дипломымен, төсбелгісімен марапатталды.
Бұл жазбаны бір деммен сыдыртып оқып шыққан бізге бүгінгі күні марапат алудың еш қиындығы болмай қалғаны туралы пендешілік ой келе қалуы да мүмкін. Бірақ осындай және өзге көптеген марапаттарға қол жеткізіп келе жатқан ерекше жан Айнұрдың әр қадамын басу үшін жұмсайтын күш-қуаты мен жастар саясатын жүзеге асыру жолындағы үзбей араласып отыратын әлеуметтік желідегі белсенділігінен хабардар болсақ, бұдан да жоғары марапатқа ие болып жатса таңғалмас едік.
Бала жасынан әлі күнге дауасы табыла қоймаған диагноз қойылған, қолтығына демеу болған қос балдақпен Қазалы көлік-техникалық колледжінің «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Ақпараттық қауіпсіздік технигі» біліктілігі мамандығы бойынша студенті атанған, елгезек, зерек, білімге құштар, аудан, облыс көлеміндегі көркем сөз, өлең оқу сайыстарынан шамасы келгенше тыс қалмауға тырысатын, қолөнермен айналысып түрлі бұйымдар жасайтын, сурет салатын, әлеуметтік желіде күнделік жүргізетін блогер, қоғам өмірінің көш-керуенінен қалмай келе жатқан Айнұр Жалиеваның өзіне ғана мәлім арман-мақсатының жолындағы қажыр-қайраты сарқылмасын, алар асуы көп болсын.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы





