Өткен жылы ел астанасындағы «Тұран-Астана» университеті ғылыми кеңесінің шешімімен профессор Орақ Жолмырзаұлы Әлиевтің білімтану-зерттеу орталығы ашылған болатын.
Тынымсыз еңбегімен тек республикамызда ғана емес, әлемдік деңгейде ұлан-ғайыр жетістіктерге жетіп жүрген, мақтануға тұрарлық жерлесіміздің қуанышына ортақтасу үшін Астана қаласында тұратын ағайындар арнайы барып, құтты болсын айттық. Сан салалы білім-ғылым жолында өмір бойы жан-жақты ізденуден жалықпайтын Орақ Жолмырзаұлы бірден іске кірісіп, «Білімтану-зерттеу орталығының» тұжырымдамасын жасап, оның ұраны мен мұратын, атқаратын қызметтерін, мақсаты мен міндеттерін айқындап, талдап үлгеріпті.
Баспадан жаңа шыққан «Білім жолындағы тар жол, тайғақ кешу» атты орыс тілінде жазылған кітабының тұсаукесерінің куәсі болдық. Бұл кітап қазір қазақ оқырмандарына арналып дайындалып жатыр.
Орақ Жолмырзаұлының ғылым шыңына ұмтылысындағы, тар жол тайғақ кешуі «Докторлық эпопеясы» бөлімінде қызықты оқылады. Өз мақсатына жету үшін азуы алты қарыс Ресейдің саяси экономия ғалымдарын мойындатуы – ғылымда пісіп-жетілгенінің белгісі. Бір көңіл аударатын нәрсе, ол оппоненттері арасынан жау іздемейді. Керісінше, достар тауып, араласатын белгілі ғалымдар аясы кеңейе береді. Сондай Ресей ғалымдарымен Орекеңнің мерейтойында кездесіп, пікірлерін тыңдаудың сәті түсті. Олар Орақ Жолмырзаұлының ғылымдағы жетістіктерімен қатар, екі нәрсеге қатты таңғалатындарын білдірді. Бірі – саяси экономия мен философияны ұштастыра білетіні, ұлы философ ойшылдардың цитаталарын жатқа соғатын қасиеті. Екіншісі – қарапайым ауыл баласының орыс тілін жоғары деңгейде меңгеруі.
Орақтың жаңалыққа бейімділігінің бір белгісі – студенттік кезден досы Рахман Алшановпен бірге іргелі оқу орнына айналған «Тұран» және «Тұран-Астана» университеттерін құру бойынша жасаған еңбегі.
Білімтану-зерттеу орталығында жалғасқан жаңа шыққан кітапқа пікір айтуда ҚР Ұлттық банкінің бірінші төрағасы, көрнекті экономист-қаржыгер Ғалым Байназаров:
– Мен ғалымдармен, жазушылармен, басқа да зиялы қауым, қазыналы қарттармен жиі араласамын, мүмкіндігінше бірге боламын. Бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне ашылған мұндай орталық та, естелік кітап та өте керек. Ерекше қуаныштымын, – деген шын жүректен шыққан лебізін білдірді.
Жаңа кітапты алысымен, қалыптасқан әдетімше бас алмастан оқып шықтым. Орақ Жолмырзаұлының ұшан-теңіз білімдарлығы, шығармашылық жетістіктері, оның алға қойған мақсаты жолындағы түрлі жобалары туралы осы кітаптан білдім.
Туа біткен және қалыптасқан қасиеті – әділетсіздік десе зығырданы қайнап, ашу-ызаға булығатын. Алға қойған мақсатын айқындап, оны қорғауда ешкіммен ымыраға келгісі жоқ, қарсыластарынан қаймықпайды. Ғылым кандидаттығын 37 жасында, ал докторлық диссертациясын қорғауда өзі отыз жыл бойы еңбек етіп келе жатқан ұлттық университеттегі әріптестерінен еш қолдау таппағандықтан Ресей асты. Мәскеудегі Ломоносов атындағы университет ғалымдарымен талқылаған кезде де өзі айтқан тұжырымдамаларынан қайтпай, докторлық диссертациясын Санкт-Петербург университетінің ғылыми кеңесінде ойдағыдай қорғап, берілген ғылым докторы деген атағын келер жылы алпыс жасында алғаны, осы ұзақ жолда кездескен қиыншылықтары да кітапта шыншылдықпен өте әсерлі жазылған екен. Оқырмандары қызыға оқитыны сөзсіз.
Орақ Жолмырзаұлы «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан экономикалық ғылымдар академиясының вице-президенті, Шаруашылық философиясы академиясының академигі (Ресей), М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы философиялық-экономикалық ғылыми жиналыстың толық мүшесі, «Еуропа-Азия» Халықаралық гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттерінің, Ақпараттық психология ғылыми-зерттеу орталығының (Ресей) құрметті профессоры, Халықаралық саяси-экономиялық қауымдастықтың, «Тұран-Астана» университетінің өз атындағы «Білімтану-зерттеу орталығының» және сол аттас теориялық-әдіснамалық семинарының жетекшісі.
Отандық екі және шетелдік он ғылыми журналдың ғылыми-редакциялық кеңесінің мүшесі, 350-ден астам жарияланған еңбектің, оның ішінде 2 жеке ғылыми монографияның, 3 кітапшаның, 3 оқу құралының авторы. Бұрынғы КСРО-ның орталық ғылыми журналдарында және қазіргі заманғы шетелдік басылымдарда 150-ге жуық мақаласы жарияланған. Оның отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған әлем және қазақ руханиятына арналған жаңашыл да жасампаз еңбектері өз алдына бір төбе.
КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің үздік студенттік ғылыми жұмысы үшін Құрмет грамотасымен (Мәскеу, 1972 ж.), ҚР БҒМ-нің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «ҚР Білім берудің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, А.Байтұрсынов атындағы күміс және алтын, Л.Гумилев атындағы медальдармен, «ТМД әлемі» қоғамдық бірлестігінің «Ғылыми қызметтегі еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қазалы ауданының құрметті азаматы.
Орақ Жолмырзаұлы Әлиев 1945 жылдың жаз айында, яғни 15 шілдеде Жаңақазалы қыстағында (қазіргі Әйтеке би кенті), қарапайым диқан отбасында жарық дүниеге келген. Туған жеріндегі сол кездегі №71 жетіжылдық (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы №204) мектебін бітірген соң Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған. Еңбек жолын механик болып Көкшетау облысынан бастап, Кеңес Одағы кезінде әскери азаматтық борышын өтеген. Осыдан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, білімін терең де жан-жақты жетілдіруге ден қояды. Жоғары оқу орнын философия-экономика факультетінің «Саяси экономия» мамандығы бойынша жақсы бітірген Орақ Жолмырзаұлы студенттерге дәріс берумен қатар бірыңғай ғылыммен айналысу жолын қалап, қиындықтарына мойымай, тәуекел жасай отырып, келешек осы бағытта өз алдына үлкен мақсат қояды.
Орақ Жолмырзаұлымен етене таныстығыма, пікірлестігіме он бес жылдың бедері болды. Өйткені, ол бірыңғай білім-ғылым қуып, бар ғұмырын ел астаналарында өткеріп келеді. Бірақ туған жер ‒ алтын бесігінен қол үзген емес. Ағайын-туыс, дос-жаранның қуаныш-қайғысына қатысып, өзі оқыған мектебіне жиі-жиі келіп, мектеп ұстаздарымен, оқушы жастармен кездесіп, сұхбаттасуға да уақыт табады.
Бір-бірімізді сағына іздеп, кездескен сайын ағамыздың айтқан ақыл-кеңесінен, өткен өмір жолынан сабақ алғандай боласың. Оның бәрі – тынбай ізденіп, көп оқитынының, одан өзіне керегін алып, көңілге тоқитынының, ерен еңбекқорлығының нәтижесі. Ол бірнеше бағытта қатар жұмыс жасай жүріп, көкірегі толы терең білімін кез келген ортаға салып, талқылаудан жалықпайды.
– Қазақтың «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі» деген мақалын «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі, көпті көрген білмейді, көпті түйген біледі, көпті түйген білмейді, түйгенін өзгеге берген біледі, бергенін өзгеге еккен біледі» деп толықтырып айтып жүрмін. Олай дейтінім, қазір жас зерттеушілеріміз көп-ақ. Дүниенің төрт бұрышын аралап жүргендері баршылық. Ал солардың көргендерін көкірегіне түйіп, замандастарына, әріптестеріне тұшымды сөз айта алмайтыны ойландырады, – дейді ол.
Өмірін білім-ғылымға арнаған Орақ ағамыз тыным таппайды. Айналысып жүрген қыруар жұмысының арасында уақыт тауып, жоғары оқу орнының аудиторияларында, жұмыс орнында сан алуан тақырыпта ғылыми конференциялар, семинарлар, басқа да кездесулер ұйымдастырады. Мұндай шараларға атақты ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да зиялы қауым өкілдері, өмірдің әр саласында абыройлы еңбек еткен, елге сыйлы қазыналы қарттар арнайы шақырумен қатысып, ой-пікірлерін ортаға салады.
Ғылым-білім жолындағы өз істеріне алаңсыз жан-тәнімен берілген ол мерзімді баспасөз беттерінде де түрлі тақырыпта ой саларлық мақалалар жазып, жариялап, үнемі келелі, халықтың көңілінен шығатын қонымды ұсыныс-пікірлер айтып келеді. Ретті жерінде телеарна шақыруларынан да қалмай, көрерменмен де ашық пікірлесіп отырады.
Қазіргі кезде Орақ Жолмырзаұлы Әлиев жұбайы, барлық уақыттағы тың бастамаларының қолдаушысы, кеңесшісі әрі көмекшісі Сәулегүл Балабекқызымен бірге Астана қаласында тұрады. Сүйікті балалары Ғазиза мен Санжар, немерелері Жазира, Бекболат, Рауан, Батырхан, Биназирді тәрбиелеп, олардың және үлкен немересінен көрген шөберелерінің қызықтарына тоймай, өмір сүруде.
Сырдың бойындағы тамыры терең, тарихы кенен Қазалының құнарлы топырағында дүниеге келіп, білім-ғылым жолындағы жанкешті еңбегімен шетелдерге танылып, елінің мақтанына айналған ағамыз 80 жасқа толып отыр.
Ағамыз әлі қайратты, білім-ғылым жолында алға қойған мұрат-мақсаттары, жүзеге асырар ойлары ұшан-теңіз. Бүгінгінің қазыналы қарттары осындай бола алсақ, соған ұмтыла білсек деген ой келеді.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Қазалы ауданының құрметті азаматы.
Астана қаласы





