«Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігі 2006 жылдан бері қоғамның барлық саласындағы әйелдердің белсенділігін арттыру және бала тәрбиесіндегі, отбасындағы әйел ананың ролін арттыру бағытында жұмыс жүргізеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор, оқытушылар құрамының негізінде құрылған бірлестік қоғамның барлық саласындағы әйел ғалымдардың ролі мен азаматтық бастамшылығын, қоғамдық саяси белсенділігін арттыра отырып, олардың әлеуметтік жобалар арқылы қоғамдық жұмысқа атсалысуына ықпал етеді. Сондай-ақ мемлекеттің демографиялық саясатын насихаттап, отбасы құндылықтарын дамытуға арналған шараларды іске асырды. Бірлестіктің мүшелері әртүрлі мамандық иелері, яғни, психологтер, педагогтер, экономисттер, қоғам қайраткерлері, белсенді жастар.
Өткен жылы шілде айынан бері «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігі «Omirlik maqsat» бағдарламасы аясында Орталық Азияның Еуразия қоры (ФЕЦА), Citi қорының қолдауымен «Қызылорда өңіріндегі мүгедек әйелдер мен ерекше баласы бар аналардың қауіпсіз, қолжетімді үйге қол жеткізуін қолдау» әлеуметтік жобасын іске асыруда. Нақтырақ айтсақ, бұл жоба Қазақстан бойынша 10 аймақта бар.
Жоба мақсаты – қолжетімді қауіпсіз баспанаға жету үшін мүгедектігі бар әйелдер мен ерекше балалары бар аналарды құқықтық, қаржылық, кәсіби және психологиялық қолдау мен қорғау. Сонымен қатар, 18 жастан асқан әйелдерге және мүгедек балалардың ата-аналарына құқықтық кеңес беріп, тұрақты тұрғын үй алу үшін кәсіби қолдау көрсетеді.
Жоба аясында осыған дейін тігін, шаштараз ісі, бүгінде қолөнер, жарнама ісі мамандықтары бойынша курстар өтіп жатыр. Қазір бірлестіктің 10 тіркелушісі курс бітіріп, 5-уі оқу курстарына қатысып жүр.
Жалпы деректер базасына 47 бенефициар тіркелді. Барлығына заңгер, психолог кеңес беруде, олар тек тұрғын үй кезегіне байланысты емес, басқа да сұрақтарымен заңгер қызметіне жүгіне алады. Соның бір көрінісі, жоба аясында тіркелген II топтағы мүгедектігі бар Ләззат Ұзақбаева «Omirlik maqsat» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шағын гранттың иегері атанды.
Ол жалдамалы пәтерде тұрады. Осыған дейін жобаның тігін курсына қатысып, тігін өнерінің қыр-сырын қысқа уақыт ішінде меңгеріп алды. Осылайша әлеуметтік жәрдемақыға қосымша табыс тауып, үйден тапсырыс қабылдап, киім тігу үшін грантқа өтінім берген еді. Нәтижесінде, жоба арқылы бөлінген грантты иеленіп, жұмысын бастауға мүмкіндік алды.
Тағы бір дерек, осы әлеуметтік жобаның қолдауымен II топ мүгедектігі бар әйелге қолдау көрсетілді. Айталық, ол 3 жыл бойы құны 1 млн теңгеден асатын «Натализумаб» препаратын ала алмай келген. Ал жоба бойынша eGov.kz арқылы денсаулық сақтау басқармасына жүгініп, 3 күн ішінде аталған дәрімен қамтамасыз етілді. Сол секілді, бірнеше әйел-ананың тұрғын үйге қатысты мәселесі «Отбасы банкпен» байланыса отырып, толық шешімін тапқан. Бұдан бөлек, жобада қамтылған әйел-аналарға әлеуметтік жеңілдіктерге қолжетімділігін, құқықтарын қорғау бағытында қызмет көрсетіледі.
– Бұл жобаның басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен өмір сапасын нақты нәтижелер арқылы жақсарту.
Мысалы, өмірлік маңызды дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмаған азаматқа небәрі 3 күн ішінде препараттың берілуі цифрлық мемлекеттік сервистерді дұрыс қолданудың тиімділігін дәлелдейді. Сол сияқты, тұрғын үй кезегін қалпына келтіру, 17 жыл күткен азаматтың баспана алу кезеңіне жетуі, кәсібін бастай алмай отырған бенефициардың шеберханасын іске қосуы – әлеуметтік қолдаудан нақты табысқа және дербес өмірге көшуге жол ашатын өзгерістер.
Біз тек бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, әр адамның құқығын қорғау, әлеуметтік тұрғыда еңбекке оңалту, мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде, жобаға жүгінушілер өз мәселесін шешіп қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласа бастады. Мысалы, жобаға қатысушылардың бірі «Ауыл» партиясының белсенді мүшесі ретінде қоғаммен араласса, екіншісі үкіметтік емес ұйымның басшысы ретінде тағдырластар арасында мәдени-іс-шаралардың өтуіне белсене кірісіп те кетті. Демек тәжірибе көрсеткендей, дұрыс ұйымдастырылған құқықтық және әлеуметтік сүйемелдеу мүгедектігі бар азаматтардың толыққанды өмір сүруіне нақты мүмкіндік береді,– дейді жоба жетекшісі Зейнар Тажиева.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





