Өнегеге толы өмір

238

0

Алмагүл Божанқызы туралы өткен шақ кейіпкері ретінде жазу қиын болғанымен еске алу сәттерін қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпаққа өнегелі өмір жолдарын дәріптеу біздің замандастарымыздың азаматтық парызы деп бағалаймын. Шындығы да сол, біз айтпасақ кім айтады?! Адамзаттың саналы перзенттері өздері өмір сүрген қоғамның тарихын өздері қалыптастырып жазып кетпесе, өмір шындығын сол көзкөргендерінің сараптамадан өткен пайымдауларымен қорытынды жасап, ой бөліспесе, кейінгі тарих билік басына келген «шенділердің» саяси құрбанына айналып кетуі мүмкін…

Алмагүл Божанқызын біле­ті­німізге де елу бес жылдың бе­лесінен аттаған екен. Облыстың комсомол – жастар ұйымдарын басқарған уақыттан бастап бір­ге болдық. Комсомол біздің өмі­рімізде азамат болып қа­лып­та­суымызға, елді танып, білуі­мізге, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешудегі түйінді кедергілерді анықтауға, халқы­мыздың өткені мен бола­шағын бағдарлап білуге, мемле­кеті­міз­ді нығайтудың негізін ай­қын­дауға, тұрақты өмірлік сая­си көзқарасымызды қалып­тас­тыруға, біз өмір сүрген қо­ғамның қай формациясы бол­масын тек адамға қызмет жасау үлгісін зерделей білуге, оны өмір­ге енгізуге, ұлттық намы­сымызды оятуға негіз қалаған кең ауқымды өмір мектебі бол­ды.

Ал осы қасиеттердің адам бойында қалыптасуы да туған жер топырағының киелілігінде жатса керек. Ауданның жастар ұйымын басқарып, саяси жұ­мыс­тардың сан қырлы әдіс­терін меңгерген Абылай Хан­ге­рейұлы Айдосовтың, Сейіл­бек Шаухамановтың, Алмагүл Бо­жановалардың кейінгі қызмет дәрежелері бүкіл Сыр бойына аян. Тереңөзек өңірі халқының ауызбіршілігі мол, бір мақсатта еңбек ете алатын қасиетті ай­мақ болғанын бүкіл ел біледі. Сондықтан да Алмагүл Божан­қызының өмір жолының, алған тәрбиесінің басқаша болуы мүм­кін емес еді.

Өмір жолымызда әріптесті­гіміз облыстың мемлекеттік құ­­рылымдарының әртүрлі сала­­ларында жалғасын тапты. Қо­ғамда болып жатқан өзгеріс­тердің барлығы­на да куәгер болдық. Жетістік­терімізге қуан­­дық, кем­шілік­терімізге күйін­дік. Барлық уақытта бола­шаққа деген сені­міміз жоғал­маған, ұр­пақтар сабақтас­тығын жал­ғас­тыруға аға буын өкіл­дерінің, за­ман­даста­рымыздың өнегелі іс­терін кейінгі ұрпаққа жеткізуге бар өмірлік тәжірибемізді пай­даландық.

Оның ерекше қасиеті: өзі­нің туған жеріне қатысты мә­селелерді шешуде табандылық көрсете білуі, әділеттік атау­лы­ны өзіне жан серік етіп таңдап алуы, қызметтің елінің жақсы өмір сүруіне арнаған перзенттік міндеті екенін басқаларға үлгі ете білуі еді.

Осылардың айғағы ретінде өзінің туған ауданында бала­бақша меңгерушілігінен бастап аудандық комсомол комитеті­нің бірінші хатшысы, мектеп директоры, аудандық партия ко­митетінің хатшысы, аудандық кеңес атқару комитетінің төра­ғасы, аудан әкімі болып таба­ны күректей қырық жылға жуық абыройлы қызмет атқару Алмагүл Божанқызына артыл­ған жоғарғы биліктің де, хал­қының да үлкен сенімі еді. Об­лыстағы жоғарғы өкілетті орган – мәслихаттың хатшысы болып сайлануы Алмагүл Божан­қы­зы­­на бұрынғыдан да зор жа­уап­кершілік жүгін жүктеді. Бә­ріміз де сол уақыттың куә­гері болғанымыз шындық. Бұрын­нан қалыптасқан өмірлік тәжі­рибесін жаңа заманға лайықтап жетілдіре отырып, облыс тұр­ғындарының әлеуметтік жағ­да­йын жақсарту жолында об­лыс әкімшілігімен бірлесіп жұмыс жасады. Алмагүл Бо­жан­қызы­ның ұйымдастыру қа­біле­тінің шыңдала түсуіне «Отан» рес­пуб­ликалық саяси партия­сы­ның филиал төрағасы болып сайлануы да себепші болды. Бұ­рынғы комсомол, партия жұ­мыстарында әріптес болған достар, менің жаңадан құрылған партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қыз­мет атқаруыма тура келді.

Шындығында, сол кездері ба­ғыт, мақсат айқындалғанымен, оның қозғаушы күштері әртүрлі ағымдағы партиялар демократия ұғымын желеу етіп, өз бетінше қимыл жасады, жан-жаққа тарт­қылады. Ортақ мақсат үшін – қазақ елінің егемендігін негіз­деуге, экономикалық қуатын арттыруға, халықтар досты­ғын, ынтымағын баянды етуге жай­ба­рақаттылық байқалды. Ай­туы­мыз керек, осы уақыт­тарда жаңа партияның облыс­тағы рөлін нығайтуға Алмагүл Божанқызымен бірге дамылсыз жұмыс істеуге тура келді. Бұл өмір шындығы. Сол уақыт ке­зеңінде жанында болған аза­маттар жақсы біледі. Шынайы бағасын беретін де уақыт екенін білеміз.

Бүгінгі күні оның өнегелі жолын өскелең ұрпаққа жеткізу міндетін алға қойғанбыз. Осы мақсатта зейнеткерлікке шық­қаннан кейін «Ұрпақтан ұрпақ­қа» қоғамдық бірлестік құрып, осы істердің басы-қасында бол­­ған Алмагүлдің еңбегі ұшан-теңіз. Елге, қоғамға қыз­мет жасаудың үлгісін көрсетті. Ұр­пақ санасына ізгілік нұрын сіңі­руге ба­рынша күш-қайра­тын аяған жоқ. Өмірінің соң­ғы жыл­дарының әрбір күнін еске­русіз қалдырмай күнделік жазды. Баспадан кі­таптар етіп шығарды. Өткен өмір жо­лына өз әріптестерінің, замандас­та­ры­ның алдында Сыр бойы­ның азаматы ретінде есеп берді. Ерекше тұрғыда есеп бер­ді. Өзінің артына өшпес мұра қал­дырды. Өзі тұрған үйіне, өзі туралы, замандас-әріптестері ту­­ралы музей ұйымдастырып, салтанатты жағдайда өз дастар­қанының басында Сырдария ау­данының әкімі Берік Сар­менбаевқа табыстады. «Ешқан­дай қайтарымсыз дүние деп қа­былдаңыз» деді. Өмірінің соң­ғы аптасының бір күні де бос болған жоқ. Есеп берді, доста­рымен жүздесіп, сырласты, те­лефонмен де хабарласты, шар­­шағанын білдірмеді. Бұ­рын­ғысынша жайдарлы кө­ңілі­мен, әзіл сөздерімен, өз қа­тар­ластарына аманат ретінде көп­шілікке ой салатындай тілек айтты. Бойынан тіршіліктің қуа­ты кеткенше көз жанарынан жалынды жастықтың сәулесі нұр шашып тұрғандай болды. Қа­зақтың қайсар қызына тән мінез көрсетіп, бұл жарық дү­ниедегі өмірмен қоштасудың да үлгісін көрсеткен ерекше жан болып біздің жадымызда мәң­гілікке сақталады.

Сайлаубай ӘБІШҰЛЫ,

«Қазақстан Республикасының алтын жұлдызы» төсбелгісінің иегері, облыстық

«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы