Өнер әлеміне жаңа қадам

254

0

Фото: облыс әкімдігі

Осыдан екі жыл бұрын қазан айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен Қызылорда қаласының сол жағалауынан 650 орындық музыкалық колледж ғимаратын салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Өткен жылы көктемде аймақ басшысының қатысуымен колледждің жаңа ғимаратының іргетасы қаланды.

Осы уақытқа дейін ыңғайлас­тырылған типтегі ескі нысанда орналасқан өнер ордасы өткен жексенбіде сәні мен салтанаты келіскен жаңа ғимаратқа көшті. Сыр жұртшылығы бұл қуанышты сәтті ерекше ықыласпен қарсы алды. Өнерсүйер қауым үшін бұл – тек жаңа мекен емес, шығар­машы­лықтың жаңа белесі болмақ.

Салтанатты сәтте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз алып, өнер ордасы талай мықты шәкірттер тәрбиелейтін  қарашаңыраққа айна­латынын атап өтті.

– Елу жылға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда му­зыкалық жоғары колледжі Сыр то­пырағында ұрпақтан ұрпаққа жал­ғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне зор үлес қо­сып келеді. Бүгінге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта қиындықтарға қара­мастан жастарға білім беріп, өнерге баулыды. Жаңа ғимаратта сту­денттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен концерт, би залдары, хор бөлмесі бар. Кең музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қам­тылған. Ма­териалдық-тех­никалық базасы заман талабына сай келетін 200 орын­дық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын.

Күн сайын жаңарып, жасарған Сыр өңірінің жаңа келбетіне көрік берген музыкалық колледждің ғи­маратын салуға демеушілік жасап, қолдау көрсеткені үшін «Саутс-Ойл» компаниясының бас­шысы, елімізге белгілі меценат Серікжан Сейітжанұлына барша Сыр жұрт­шылығының, өзімнің атым­нан шынайы ризашылығымды білдіре­мін. Бұл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғаны және Қызылорданың астана болға­ны­ның 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Жаңа нысан баршамызға құтты болғай! – деді аймақ басшысы.

Салтанатты шарада Серікжан Сейітжанов пен Сенат дупутаты Руслан Рүстемов жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ізгі тілек­терін жеткізді.

–        Мәдениет – ұлттың мәйегі. Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік.

Өнер – халықтың қазынасы, ұлттың құн­дылығы. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ха­лықшыл бастамалары аясында елімізде мә­дениет пен өнер саласы да өркендеп келеді. Мәселен «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфунк­ционалды 1000 орындық «Өнер  орталығының» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзив театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сондай-ақ Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жы­раулар үйі» ашылды. Барлық ау­дандарда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Ру­ханият орта­лықтары» пайда­лануға бе­рілді. Мәдениет ұжым­дарына алғаш рет жаңадан көп­қабатты тұрғын үй салынып, 40 қызметтік пәтер табысталды.

Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бастап «Тұран» сыйлығы дәстүрлі түрде жыл сайын табыс­талуда.

Өнер ұжымдарын сақтап қалу мақсатында Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Манап, Сыр сүлейлері мек­тептерін жан­дандыруға, олар­дың ізба­сар­ларын дайындауға, Нар­тай Бекежанов атын­дағы қазақ музы­калық драма театрын, филар­мо­нияны, ауыл­дық клубтарды қайта жасақтауға күш салынды.

Еуропадағы бірнеше мемлекетте Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері сәтті өткізілді. Міне, серпіліс сәулесі осылай жар­қырай бастады. Сыр саңлақтары халықаралық деңгейдің жаңа белесіне шықты.

Ұлтымыздың «Өнерліден өнеге ал, таланттыдан тәлім ал» деуі тегін емес. Себебі, өнер – он іспен тең, өнерпаз – он кісімен тең деген баға бар. Жаңа оқу ғимараты мәдениет пен өнердің игілігіне ұзағынан қыз­мет еткей, – деді Руслан Рүстемұлы.

Жиын барысында жаңа ғимарат­тың салынуына үлес қосқан құры­лысшылар мен колледж педагогтері марапатталды.

Айта кетейік,  музы­калық кол­ледждің жалпы құны 4 млрд 800 млн теңге. Білім оша­ғының са­лынуына «Саутс-Ойл» компаниясы демеу­шілік жасады. Аталған ком­пания осы уақытқа дейін де Қы­зылорда қаласында «Нұрсәт» спорт кешенін, Аралдағы «Қамыстыбас» көлінің жағасына балалардың оқу-сауық­тыру орта­лығын өз қаражаты есебінен салған.