Жақында Қармақшы ауданында «Киелі мекен – Қармақшым» атты облыстық сазгерлер мен ақындар конкурсы өтті. Оған өңірдегі белгілі өнерпаздар қатысып, бақ сынасты. Байқауда жаңақорғандық өнер иесі Уәлихан Ибрагимов жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, мерейі үстем болды. Ол Айнұр Әлімбаеваның сөзіне жазылған «Қармақшы елім» әнін орындады.
Уәлихан Әбдіханұлының есімі елге жақсы таныс. Жастайынан өнерге құштар азамат түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Ән айту, домбыра тарту, сахнада сан алуан кейіпкерді сомдау оның жанына жақын кәсіп. Осылайша өнерге деген талпынысы әу бастан-ақ байқалды. Енді кейіпкер жайлы тарқатып айтайық.
Ол 1963 жылы Жаңақорған ауданы «Бірлік» ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Бірлік халық театрына қабылданып, халық әндерін, көне музыкалық атаулар мен жергілікті сазгерлердің шығармаларын ел арасында кеңінен насихаттады. Әнге деген құштарлығының арқасында елдің ыстық ықыласына бөленді. Сол уақытта талантты жастарды жанына жинап, «Гүлдәурен» вокалды-аспапты ансамблін құрып, жетекшілік етті. Қазіргі таңда ауданда халық ақыны М.Көкенов атындағы шығармашылық ұжымның жетекші маманы.
Өнерге ерте араласқан ол бертін келе білімін одан әрі жетілдіру үшін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Музыкалық білім» мамандығы бойынша бітірді. Сондай-ақ театр сахнасында талай өнер көрсетіп, түрлі кейіпкерлерді сомдады. Режиссер-драматург Әмір Мәжитовтің жетекшілігімен «Қыз жиырмаға толғанда», «Қолға түскен шайтандар», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қуырдақ дайын» сынды көптеген спектакльде басты рөлдерді сомдады. Түрлі образдарды ашып, жан-жақтылығымен ерекшеленді.
«Жігітке жеті өнер де аз» деп Уәлиханға айтылғандай. Ол сазгерлік қырымен де танылды. Белгілі ақын А.Сопыбековтың туған жер, ана тақырыбындағы өлеңдеріне ән жазып, халық жүрегіне жол тапты. Түрлі облыстық, республикалық байқауларда топ жарды. Республикалық сазгерлер сайысында жеңіске жетті. Кезінде Бүкілодақтық және республикалық байқаулардың лауреаты атанды. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына арналған өнерпаздар байқауында лауреат, 1986 жылы «Театр көктемі» телефестивалінде «Бір үзім нан» қойылымында Ұлықбек рөлін әсерлі орындағаны үшін халықаралық деңгейдегі марапатқа ие болды. 1988 жылы Бүкілодақтық театр байқауының І дәрежелі лауреаты, «Күз әуендері» байқауында «Үздік дауылпазшы», «Рауан» фестивалінің лауреаты сынды талай белесті бағындырды. 2005 жылы да республикалық байқауларға қатысып, алдыңғы орынды иеленсе, «Ән қанатында» додасында «Экспресс» тобымен бірге бас жүлдені олжалады. Сондай-ақ 2017 жылы «Жаңақорған – жәннатым» әні арқылы республикалық сазгерлер байқауында бас жүлдені жеңіп алып, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің оң бағасын алды. «Ұлы Ғаззауат» және «Һиссамеддин» қойылымындағы рөлі үшін де Алғыс хатпен марапатталды.
Ол өнер саласында елеулі еңбек етіп, өзінен кейінгі жастарға үлгі, ұстаз болды. Өнер жанашыры ретінде талай марапатқа ұсынылды. Атап айтар болсақ, «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі» және «Өнерге қосқан үлесі үшін» меделін кеудесіне тақты. Сонымен қатар «Астанаға 20 жыл» медалін, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» деген өсиетіне сай еңбек етіп жүрген азамат талай жалындаған жастың осы жолда жетістікке жетуіне де ықпал етті. Оның өмірге іңкәрлігі, өнерге құштарлығы төңірегіне нұр шашып, әрдайым ортасын толтырып жүреді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





