«Сыр – Алаштың анасы» деп бекер айтылмаған. Сыр өңірінде, Қызылорда облысында Сақтардың астанасы, қорғаны болған көне Шірік-Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Қазақ хандығының ақ ордасы Сығанақ – өлкенің өшпес шежіресі.
1711 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Қарақұмда Қазақ хандығының құрылтайы өткен. Бұл Құрылтай қазақ халқын Ұлы Жеңістерге жетелеп Қасқа, Жауғаш деген жерлердегі «Қалмаққырылған» деген шайқастарға жеткізген. Ал енді Қызылорда қаласында өтетін Ұлттық құрылтай қай тұрғыдан құнды болмақ?
Бұл алдымен қазақ тілінің мәртебесін көтеретін құрылтай болады деп сенеміз. Қызылордада өтуі өте маңызды. Өйткені осы қалада осыдан 100 жыл бұрын 1925 жылы Қазақ АССР астанасы болып, Қазақ атауы қайта жаңғырды. Сондықтан осы құрылтайда қазақ елінің ұлттық рухын көтеретін шешімдер қабылданатынына сенім мол. Қазір әлемде небір дүрбелең болып жатыр. Оның барлығы біздің елге де салқынын тигізбей қоймайды. Осы ретте біз қауіп төндіретін ықпалдардан сақ болуымыз қажет. Жастардың патриоттық сезімін жоғары деңгейге көтеруіміз керек.
Тағы бір мәселе – ұлттық тәрбие. Қазақ халқында бұрын үлкенді құрметтеу, сыйлау жоғары категорияда тұрған. Сонымен қоса үлкендердің алдында анайы, былапыт сөз айтпау қатты қаралған. Ал қазір бұл әдеп төмендеп жатыр. Қоғамдық жерлерде де кейбір жастар қымсынбайтын болды. Қазақ кинофильмдерінің өзінде былапыт, дөрекі сөз айтып түсетін көріністер тым жиіледі. Енді бұған тоқтам жасамаса болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан осындай тәрбие көзінің өзін түзейтін кез келді.
2022 жылдан бері Ұлттық құрылтайлар өтіп жатыр. Мақсаттары айқын, нәтиже де бар. Қарапайым халық соны сезіне, біле түсуі үшін насихат күшеюі тиіс.
Қазақ халқының сонау ертеден тойлап келген төл мерекесі – Наурыз туралы жаңа тұжырымдаманы халық қуана қарсы алды. Осындай жақсы ұлттық рухты көтеретін бағдарламалар көп болғаны дұрыс. Қазақтың ұлттық киімдері былайғы күннің өзінде халықтың намысын оятып, бір серпілтіп тастады. Халық еш қысылмай күнделікті киіп жүретін болды. Керемет көрініс, көшеде көрсең жарқырап бара жатады.
Алдыңғы құрылтайларда Алтын Орда мемлекеті, Жошы хан туралы мәселелер айтылды. Орындалып жатыр, деректі фильм шықты, бүкіл әлемге мықты дәйектеме болды. Алтын Орданың түп тамыры бізде жатқанын әлем білуі керек, бізде ұлы империялар болғанын ашық айта беруіміз қажет.
Тағы бір мәселе, Қазақстанда VIII ғасырда өмір сүрген Түргеш қағанаты болған. Араб шапқыншылығына тойтарыс беріп, «Сүзеген» деген атақ алған Сұлу (Сұлуқ) қаған болған. Бұл бабамыз 738 жылы ерлікпен қаза болады. Есімі ұмытыла бастады. Ұлттық рухты көтеруде осындай тұлғалар есімін тірілте беру керек деп ойлаймын.
Сонымен қатар алдыңғы Ұлттық құрылтайларда айтылып келген ЮНЕСКО тізіміне Сыр өңірінің тарихи қалаларын да енгізуге болады. Мысалы 1219 жылы Шыңғыс ханнан Отырар қаласын 6 ай қорғаған Қайыр хан осы Сыр бойының Жалағаш ауданындағы Жент қаласының тумасы, бұл кісінің есімін де, Жент қаласының мәртебесін де жарыққа шығарып тұрсақ жақсы болар еді.
Бір сөзбен айтқанда, Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтай өңір тарихында ерекше оқиға болғалы тұр.
Бақытжан АХМЕТБЕК,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің докторанты.





