Оңтүстік Кореядағы батарея зауытындағы өрттен ондаған адам қаза болды

343

0

Фото: BBC

Оңтүстік Кореяда литий батареяларын шығаратын зауытта болған өрттен 20-дан астам адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBС-ге сілтеме жасап.

Дүйсенбі күні таңертең Сеулден 45 шақырым жерде орналасқан Хвасон қаласындағы Aricell зауытында бірнеше батарея жарылып, өрт шықты.

Жергілікті телеарнаға шыққан видеодан көрінгендей, өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға кірісіп жатқанда бірнеше жарылыс болып, айналаны қою түтін басқан. Ғимарат шатырының бір бөлігі опырылып түскен.

Оңтүстік Корея әлемдегі литий батареяларын өндіруде жетекші ел. Бұл батареялар электр көліктерінен бастап ноутбуктерге дейін көптеген техникада қолданылады.

Өрт сөндіру бөлімінің өкілі Ким Джин Ён қаза болғандар арасында екі оңтүстіккореялық жұмысшы, 1 Лаос және 18 Қытай елінің азаматы бар екенін айтты. Кем дегенде тағы бір адам із-түзсіз жоғалған.

Тағы сегіз адам жарақат алған. Оның ішіндегі екеуінің жағдайы ауыр. Өрт кезінде ғимаратта барлығы 100-ге жуық адам жұмыс істеп тұрған.

Әзірге жарылысқа нақты не себеп болғаны белгісіз.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяның экономикалық өсімі үшінші тоқсанда болжанған шамадан да әлсіз болғанын жаздық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<