«Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ашылды

133

0

Фото: Облыс әкімдігі

Қазақстан Республикасының Конституция күні мен Білім күніне орай Шиелі ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ашылды. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров және зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтады.

– Биыл егемендігіміздің бойтұмары Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толды. Өңірімізде Президент тапсырмасын орындау, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жүйелі жұмыс атқарылуда.

Бүгін шежірелі Шиеліде ашылғалы тұрған жалпы құны 1 млрд 68 млн теңге болатын жаңа «Оқушылар үйінде» 28, «Өнер мектебінде» 8 үйірме жас ұрпақтың жан-жақты азамат болып қалыптасуына қызмет етпек.

Білім мен өнер ордасына айналатын жаңа ғимараттан Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев, шежірелі қаламгер Өркен Исмаил, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мейірбек Сұлтанхан сынды Сыр өңірінің мерейі мен атын асқақтататын дарындылар түлеп ұшады деп сенеміз!

Баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен тағы да құттықтаймын! – деді облыс әкімі.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен жаңа нысанды сапалы әрі мерзімінде салған мердігер мекеме қызметкерлеріне облыстың Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов ізгі тілектерін жеткізіп, білім саласының ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Кенжетай Палмағанбетов бата берді.

Ауданға жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектептің жұмысымен танысты. «СК и Монтаж-строй» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастап, тамыз айында аяқтады. Мұнда 200-ге жуық мұғалім қызмет етіп, 1 мыңнан астам оқушы білім алады.

Еске салайық, облыста білім беру саласына кейінгі үш жылда 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.

Қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында үш жылда 4 «Оқушылар үйі» мен 2 «Өнер мектебі» салынып, зияткер жас ұрпақтың игілігіне қызмет етіп келеді.

«СБ» ақпарат