Орталық моншаның ашылмаған сыры көп

239

0

Қызылорда қаласында сыны мен сыры сақталған 11 тарихи ғимарат бар. Қаланың ескі келбетін көз алдымызға әкелетін сондай ғимараттардың бірі –қалалық монша. Бір ғасырдан аса уақыт өтсе де бұл нысан өз бейнесін жоғалтпай қала өмірінің тынысын сақтап келеді. Тарихқа зер салсақ, нысан 1905-1990 жылдар аралығында монша қызметін атқарған. 1991 жылы ғимарат жекеменшікке өтеді.

Монша бір қабатты күйдірілген қыштан, тікбұрышты кескін жоспарында іргетасы ленталық бетоннан салынған. Үстіңгі жабыны да бетон болса, ішкі қабырғалары әктелген. Шатырының екі жағы да еңісті, қаңылтырмен жабылған. Жалпы көлемі 2213 шаршы метр. Ғимарат жергілікті маңы­зы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемле­кеттік тізіміне енгізілген. Қазір қалалық монша­ның иесі – қызылордалық белгілі кәсіпкер Нұрмұ­хан­бет Құрбанов. Ол моншаны 2012 жылы сатып алған. Жыл сайын кәсіпкерге облыстық ескерткіштерді қорғау бас­қармасының қызметкерлері келіп, осы тарихи нысанның сақталуын тексеретін көрінеді.

– Монша салынған кезде ол бір қабатты болды. Мен жөндеу жұмыстарын жасадым. О бас­та ашылған кездегідей ішінде бәрі сақталған. Ерлер мен әйелдерге арналған екі зал бұрынғы сәулетшілер ойлағандай орналасқан. Бірнеше жыл бұрын біз ауланы қазу барысында суға толы Николай кірпішінен салынған бөлмелерді таптық. Ондаған жылдар бойы суда тұрған кірпіштердің біздің заманымызда да сапалы және қолдануға жарамды болып шыққанына қатты таңғалдым, – дейді Н.Құрбанов.

Кәсіпкердің айтуынша моншаның жертөлесін­де антикварлық бөлмелер, сондай-ақ қараусыз қалған жерасты тоннелі бар. Жертөледен әйелдер мен ерлер залына бу жіберіледі. Қабырғалардың ішінде аркалардың бір бөлігін көруге болады. Әрі қарай қазу үшін ресми рұқсат қажет екен.

– Мен бұл аркалардың не үшін орнатылғанын әлі де білгім келеді. Ұлы Отан соғысындағы жаралыларға арналған лазарет не басқа да қажеттілік үшін салынған бөлме болуы мүмкін. Бұл жерде қазына да сақталған шығар деген ой келеді. Десе де, мұны біз әрі қарай зерттеу үшін  міндетті түрде ресми құжат қажет. Менің ойымша, мұндағы кез келген ақпарат қызықты, өйткені бұл – біздің қаламыздың тарихы. Бала кезімде осы моншаға өзім де түстім, бірақ болашақта оның қожайыны боламын деп ойламадым. Ал сапасына келсек, нысанның салынғанына 100 жылдан аса уақыт болған. Әлі күнге дейін қала тұрғындарының игілігі үшін қызмет етуде. Қазір әр үйде жуынатын бөлме, душ кабиналары болса да, халық моншаға келуін тоқтатқан емес. Моншаға түсу бұл қалалық мәдениеттің бір бөлігі және біздің қоғам қаншалықты заманауи болса да, ол ұмытылмайды, – дейді кәсіпкер.

Ал тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов қалалық моншаның жертөлесінен табылған тоннельді бір кездері Айтбай мешітінің астынан шыққан тоннельдің бір бөлігі болуы мүмкін екенін алға тартады.

– Жиырма жыл бұрын мешіттің жер астынан да тоннель таптық. Бірақ қала басшылығы оны зерттеуді тоқтатып қойды. Монша иесінің не тапқанын білу үшін ескерткіштерді қорғау мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Сонда біздің қала­мыздың өткенінен сыр шертетін сурет қалпына келтіріледі, – дейді А.Оразбақов.

Профессор, белгілі өлкетанушы Мәди Ке­реевтің мәліметінше, ХХ ғасырдың басындағы Перовск шағын болса да, тарих пен өмір тынысы сезілетін ерекше қала болған. Сол кезде мұнда жеті мыңға жуық тұрғын өмір сүріпті. Қала бар болғаны бір алаңның айналасына шоғырланған, бірақ әр ғимараты өз дәуірінің айғағындай.

Бүгінгі орталық алаң тұрған жерде сол за­мандағы қала орталығы орналасқан. Осы маңдағы ең көне ғимарат әлі күнге дейін сақталып тұр­ған шіркеу еді. Ол кезде аумағы қазіргі мә­дениет және демалыс саябағына дейін созылып жатқан. Ал дәл сол жылдары бой көтерген Айтбай мешіті де – ғасырлар сынынан өтіп, бүгінгі күнге аман жеткен тарихи мұра.

Сырдарияның жағасында сол уақытта әскери лагерьлер мен сарбаздардың қонысы болған. Қазір бұл орын бұрынғы әскери комиссариаттың маңында орналасқан. Сол тарихи кезеңде, яғни 1906-1907 жылдары, қала өміріне ерекше мән берген тағы бір ғимарат – орталық қалалық монша салынды.

Перовск шағын болғанымен әрбір кірпіші тарихтан сыр шертіп, әр көшесі өткен күннің ізімен өрілген. Қалалық монша – бүгінгі Қызылорданың өткенін еске салып тұрған көне куәгердің бірі. Уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, керісінше, тарихтың алтын қазығына айналып келеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»