Отандық өнім өндірушілерді қолдау мәселесі талқыланды

255

0

Фото: Облыс әкімдігі

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде отандық өнім өндірушілерді қолдау мәселесі талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Басқосудан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

– Отандық өнім өндіруші кәсіпкерлерді қолдау басты назарда болуы тиіс. Жергілікті тауарөндірушілердің өнімдерін өткізу үшін мұнай-газ секторындағы жер қойнауын пайдаланушылармен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасау маңызды. Өңдеу өнеркәсібін да­мытуға бағытталған сапалы жобаларды әзірлеп, қаржы ұйымдарына ұсыныңыздар, – деді облыс әкімі.

Өткен 4 айдың қорытындысы бойынша өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласында 124 млрд тең­генің өнімі өндіріліп, былтырғы осы кезең­мен салыстырғанда көрсеткіш 23,6%-ға артты.

Жергілікті тауарөндірушілерді қолдауда жоспарлы жұмыс бар. Үкіметтік бағдарла­малармен қатар, 2 шағын өнеркәсіп паркі са­лынуда. Парктерде орналасатын жобаларға жылдық 3 пайызбен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Қосымша 5 шағын өнеркәсіптік аймақ құру үшін Өнеркәсіпті дамыту қорына 5 млрд теңгенің өтінімі жолданды.

Өңірде жыл басынан бері жеке кәсіпкерлік­тің 491 жобасы қаржыландырылды. Жергілікті өнімдерді өткізу бойынша кәсіпорындармен 74 меморандум жасалды. «Қазпатент» ұлттық зият­керлік меншік институты арқылы гео­графиялық нұсқама құқығын пайдалануға 12 өнім тіркелді.

Бұған қоса, ірі кәсіпорындардың өзекті мәселелері шешімін тауып келеді. Шыны зауытының жұмысы тұрақты. Зауыт іске қосылғаннан бері 45 млрд 600 млн теңгенің 37 млн текше метр өнімін өндірді. Былтыр маусым айында қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі іске қосылды.