Отанық медицинаның озық жетістігі

237

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицина тарихында алғаш рет жасалған ота үшін хирургтерге алғыс айтып, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына құттықтау жолдады.

Ақорда мәлім еткендей, жуырда А.Н.Сыз­ған­ов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орта­лығы еліміздің медицина тарихында тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салатын аса күрделі операцияны сәтті өткізді. Президент белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалған бұл операцияны отандық медицинаның зор жетістігі ретінде бағалап, орталық ұжымына Алғыс хат жолдады.
– Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға баса мән береді. Бұл ретте көптеген іргелі бастама қолға алынып, ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде ұлттық медицина қарқынды дамып келеді. Сіздер жаса­ған бірегей операция – соның айқын дәлелі. Қазір еліміз өте күрделі трансплантациялық операция жасайтын әлемдегі алты мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл жетістікке отандық мамандардың, соның ішінде өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіз бен ерекше білімдеріңіздің, сондай-ақ теңдессіз тәжірибелеріңіздің арқасында жетіп отырмыз. Баршаңызға шынайы ризашылығымды біл­діремін. Болашақта да ұлт саулығын жақ­сарту үшін тынымсыз тер төгіп, халқымызға қалтқысыз қызмет ете бересіздер деп сенемін, – делінген Алғыс хатта.

«СБ» ақпарат