Отбасы – тәрбие тетігі

38

0

Биылғы 2025 жыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жарияланған болатын. Бұл еліміздің рухани өміріндегі маңызды бастама деуге болады. Отбасындағы ауызбіршілік пен тыныштық, балалардың тәрбиесі, адами құндылықтар – қанша айтылса да артық болмайтын тақырыптар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отбасы тәрбиесі мен әрбір жас жеткіншектің, жасөспірімнің ислам дініндегі ең жоғарғы адамгершілік құндылықтармен сусындауына қатысты мәселелерді қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті негізінде қарастырады.

Ислам діні отбасының іргесі бе­рік, керегесі кең болуына, отба­сын­дағы жылылыққа ерекше мән береді. Құран Кәрімде Алла Та­ғала: «Оның (Алланың құдіретін көр­сететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұ­байлар жаратып, араларыңа сү­йіс­пеншілік пен мейірімділік се­зі­мін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар» дейді  («Рум» сүресі, 21-аят). Осылайша ерлі-зайыптылар ара­сын­дағы сүйіспеншілік пен өзара құрметтің маңыздылығын тү­сін­діреді.  Пайғамбарымыз Мұхам­мед (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын): «Сендердің ең жақ­сыларың – отбасына жақсы қа­рағандарың. Мен де отбасыма жақсы қарағандардың ең ізгісімін» деген.

Хадистің мәніне үңілсек, отбасы мүшелеріне қамқорлық жа­сау, олармен өзара тату болу мұ­сыл­манның мұсылмандығының және ізгі қасиеттерінің бірі екенін түсінуге болады. «Байлық пен ба­ла – дүние сәні» («Кәһф» сүресі, 46-аят) деп аятта айтылғандай, көз­­дің қуанышы, көңілдің жұбаны­шы болған ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу ең алдымен отбасы­нан басталады. Кез келген елдің іргесінің берік болуы мен қоғам­ның берекелі ұйысуы отбасындағы тәлім-тәрбиеге тікелей байланыс­ты. Тіпті мектеп, қоршаған ортаның да ықпалы бар. Сондықтан «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Ата-бабаларымыз жарық дү­ние­­ге ұрпақ келсе, көріктісі мен бө­ріктісіне, кестетігері мен қам­шы­ұс­тарына үміт артқан. Ағар­тушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Бала­ны ұл­ша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құл­ша тәрбиелесең, құл бол­мақ­шы» де­ген. Бәрінің астарында те­рең тәр­бие бар.

Қазіргі таңда қоғамда ажыра­судың көбеюі, рухани құнды­лық­тар төмендеп, материал­дық құн­дылықтарға деген қажетті­лік­тің артуы кейбір отбасылар арасын­да мәселе туындатып отыр. Ажырасу көрсеткіштерінің артуы салда­рынан бала тәрбиесінде де олқы­лықтар орын алып жатыр. Таңнан кешке дейін тіршілікке жегілген ана мен әке балаларға мейірім мен уақытты аз бөледі. Ол рас.

Мейірімсіз бала қайдан шыға­ды? Оларды тәулік бойы телефон­дағы сансыз ақпараттар мен қажет­сіз әлеуметтік желілер тізгіндеп келе­ді. Бұл отбасының ішкі тұрақ­ты­лығына, тіпті қоғамның құлды­ра­уына кері әсер етері сөзсіз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы азаматтық қоғам­ның ықпалды бір ұйымы ретінде дәс­түрлі отбасылық құндылық­тарды жаңғыртып орнықтыру жолындағы қызметте бар күш-жігерін жұм­сап келеді. Рухани (имани) және ма­териалдық (адал табыс) тұрғы­дан негізі берік құрылған, төрт құ­быласы түгел отбасы – қуатты мем­лекеттің кепілі және абыройлы да ізгі ұрпақ өсірудің қасиетті мектебі.

Халқымыз: «Еркек – үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп бекер айтпаған. Ер азамат адал нәпа­қа тауып, отбасын асыраса, қал­­ғанын ұқсату, берекесін келті­ріп жұмсау – саналы әйелдің дөңге­лентіп әке­тетін-ақ шаруасы. Пайғам­бары­мыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ер кісі отба­сы­ның бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты, ал әйел өз үйі мен балаларының бақта­шы­сы, сол үшін жауапты» деген. Әйел­дің күйеуіне қылдай қиянат қылмай адал болуы, балаларына қам­қор болуы, ерінің әкелгеніне ра­зы болуы отбасын тыныштыққа бөлейді.

Имам Ахмад риуаят еткендей, Хусайн ибн Михсанның (р.а.) нағашы апасы пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келеді. Сонда Алла елші­сі (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын): «Сіз тұрмыс­тағы әйелсіз бе?» деп сұрайды. Ол әйел: «Иә» дейді. Алланың ел­шісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сіз оның өзі­ңіздегі хақын өтейсіз бе?» дейді. Әйел: «Шамам келгенше хақын өтеуге тырысамын» дейді. Сонда пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сә­лемі бол­сын): «Онымен қарым-қаты­на­сыңыздың қандай екеніне көңіл бөліңіз. Ол сіздің жәннатқа немесе тозаққа кіруіңізге себепкер» дейді.

Міне, осындай тәрбие тетігі болар хадистер әрбір мұсылманның өмірінің айнымас бір бөлігі болуы тиіс.

Қайырхан ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,

қалалық «Құддыс ишан» мешітінің бас имамы