Мемлекет басшысы 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам құруды жүктеді. 2025 жыл «Құқықбұзушылықтың алдын алу жылы» болып жарияланды. Әрине, құқықбұзушылықтың алдын алуда қоғам мен мемлекеттік аппараттың бірлігі керек. Егер бұл жұмысты тек мемлекеттік аппарат жүргізсе, онда адамдарды жаппай бақылауға алу басталады. Жаппай бақылау адамдардың қоғамдық тәртіп секілді мәселелерге енжарлығын күшейтеді, құқықтық мәдениеттің ауылын алыстатады.
Құқықтық мәдениет – қоғам мүшелерінің заңдарды түсініп, құрметтеуіне, орындауына, сақтауына бағытталған құндылықтар жүйесі. Оның деңгейін азаматтардың құқықтары мен міндеттерін білуінен, заң талабын сақтауынан, әділдікке ұмтылысынан білеміз. Қазір осы бағыттағы оң өзгерісті Сыр өңірінен байқауға болады. Қала тазарып, абаттана бастаған сайын адамдар сол тәртіпті сақтауға қалыптасып келеді. Осылайша «сынық әйнек» теориясы іске асуда. Адамдарға жайлы орта қалыптастырмай, оның базисін ұйымдастырмай, тәртіпті құр талап ете беру Сервантес кейіпкерінің жел диірменмен шайқасына ұқсайды.
Құқықтық тәртіпті сақтау жөнінде барлығына түсіндіруге болады, бірақ бәріне емес. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деп Абай айтқандай, қоғамдағы жағымсыз қылықтардың пайда болуына біздің де қатысымыз бар.
Сондықтан болар, облыста құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне көңіл ерекше бөлініп отыр. Жыл басында ғана білім саласындағы құқықбұзушылық мәселесіне, жастар тәрбиесіне арналған форум өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен тәрбиенің бастауы – рухани құндылықты жандандыру жолында қаншама игі бастама жүзеге асырылуда. Осы бағытта салынған нысандар қалаға сән беру үшін емес, алдымен тұрғындар мәдениетін көтеруге, ұрпақ тәрбиесіне арналған.
Бүгінгі күні бойымызды аулақ ұстау керек жаңа нәрселер жеткілікті. Олар – лудомания, буллинг, вандализм, топтық қақтығыстар, отбасылық зорлық-зомбылық, наркомания және тағы басқа. Осы бағытта заңдарға өзгеріс енгізіліп, жауапкершілік күшейтілуде. Оны дұрыс деп санармыз. Дегенмен мұндай әрекетке барғандарды жазалау болары болып, бояуы сіңген шаруаны қолға алғанмен бірдей. Оған жеткізбеудің басты жолы – саналы тәрбие. Ал тәрбие бастауы – алдымен отбасы. Президент: «Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды» деп атап өтті.
Бұл жаңа бастамаларды туындатты.
Облыстағы «Отбасы», «Анаға тағзым», «Руханият», «Адал адам» орталықтары қызметінің басты бағыты – отбасы құндылығын жандандыру. Себебі біз нарықтың соңына түсіп, отбасы құндылығын әлсіретіп алдық. Әділет министрінің ақпаратына сенсек, ажырасу 50 пайызға жетті. Бұл қашанда шаңырақты ең қасиетті, әулеттің абыройын ең жоғары құндылыққа бағалаған біздің ұлттың трагедиясы десек, ешкім ренжімес.
Отбасы мүшелерінің ортақ мүддеге келгенде өзара түсінісе білуі маңызды. Ақпарат бетінде адамдардың жеке бас құқығын абсолюттендіру туралы жиі кездестіреміз. «Сен өз өміріңнің қожасысың», «өзіңді бірінші орынға қоюың керек» деген сияқты месседждерді күнделікті оқып жүрміз. Бізде әлеуметтік ұят деген нәрсенің азайып бара жатқанын байқаймыз. Отбасы – кішігірім мемлекет. Оның тұрақтылығы ар-ұят, ар-намысқа байланысты. Әркім отбасындағы өзінің рөлін табиғи заңдылық тұрғысынан дұрыс сезінуі тиіс.
Отбасының бұзылуы әуелі баланың психологиясына кері әсер етеді. Әке-шешенің мақсаты – өз-өзіне жауап бере алатын тәуелсіз бала өсіру. Тәуелсіз болу деген біреуді басыну, қарсы сөйлеу емес.
Ол – өзінің сезімдерін түсінетін, кез келген адамның сөзіне еріп кетпейтін, өзіне не керегін білетін адам. Сондықтан ата-ананың баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы жоқ. Өйткені жоғарыда айтылған жаман әдеттерді ешкім іштен үйреніп тумайды.
Көбін ортадан, әлеуметтік желіден жұқтырады. Отбасында берілген дұрыс тәрбие – адам болмысының темірқазығы, алтын діңгегі.
Отбасылық тәлім-тәрбие жақсы болсын, жаман болсын, қанға сіңеді. Ал оның жүректен өшуі қиын. Жадымызда сақталған дұрыс тәрбие адасудан сақтайды, бұрыс тәрбие жарға жығады, сүріндіреді, опық жегізеді. Атамыз қазақ жақсы балаға «атасына рахмет», кесапатты жаманға «атасына нәлет» дейді. Бұл әулеттің абыройына кір жұқтырмау, сүйекке таңба түсірмеу жауапкершілігін қалыптастырады.
Отбасы тәрбиесіне уақыт өте келе басқа орталардың әсері араласа бастап, көшенің кері әсеріне жығылуға жақындай түсуі ықтимал. Осы кезде отбасылық тәрбие шешім қабылдауда негізгі рөл атқарады. Оның ішінде әке тәрбиесі ерекше. «Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы» деген сөз бар.
Жаһандануға жұтылып кетпес үшін отбасы құндылықтарын асыл мұратымыздай әспеттейтін қоғам қалыптастыру маңызды. Ұлттық салт-дәстүрлерімізден рухтанып, ұлттық кейпімізден ажырамай, қазақылығымызды сақтауымыз керек. Онсыз ұлттық тамырынан қол үзген, ас ішіп, аяқ босатып, қарны тойса қалғып кетер, елдік мүддеге жаны ашымас ұрпаққа тап келеміз. Отбасы қасиеті туралы айтуымыз да, насихаттауымыз да қалыс емес. Дегенмен оны әрбір отбасы терең сезінбесе, нәтижесі бола қоймайды.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты





