ОЮ ХАН АҢЫЗЫ ЖӘНЕ НАЗЫМНЫҢ ОЮ-ӨРНЕГІ

3813

0

Ертеде бір елдің әділ ханы болыпты. Оның жарлығы бо­йынша қол ас­тын­дағы елдің ою-өрнек, кесте, тоқыма, тігін сынды өнерлерді мең­гергені сонша, барлық пайдалана­тын тұрмыс заттары ою-өрнекпен көмкерілген екен. Ал, бұл ел-жұрттың өзі бір-бірімен ою тілінде сөйлесе алған. Сол себепті бұл елдің басқарушысы Ою хан атанып кеткен.

Күндердің бір күнінде бөтен елдің ханы соғыс ашып, Ою ханды тақтан құлатып, орнына өзі отырады. Ол ескі салт-дәстүр, ежелгі өнердің бәрін жойып, жаңаша хандық құрмақ болған. Бірақ ескі оюдың орнына жаңа ою таба алмапты. Жаңа дегеннің бәрі ұзаққа бармай ұмыт бола береді. Бұрынғы өнерді жасаушы шеберлердің көбі азайып, жойылуға айналыпты.

Сондықтан да оны ел Жою хан деп атаған.

Бір күні Жою ханның жалғыз ұлы аңға шығады. Аң атаулының бәрін қырып, еті мен терісіне қарық болмақ ниетпен ойына алғанын істейді. Сонда жолда кезіккен бір үкі оның бетіне қарай атылып, екі көзін ойып жібереді. Суқараңғы соқыр бол­ған хан баласы тәлтіректеп келіп жар басынан құлап, мерт болады.

Бұл кезде Жою хан баласына іздеу салып жатады.

– Менің балам адасып жүр, тірі. Кімде-кім оны өлді деп хабар әкелсе, басын аламын, – деп жарлық береді. Сондықтан оны індетіп іздеуге ешкім батпайды.  Зынданда жатып мұны естіген Ою хан баланы өзі іздемек болады. Жою хан оны зынданнан босатып, ұлын іздеуге жөнелтеді. Ою хан өзімен бірге дәрі-дәрмегі мен құрал-сайманын алып, жолға шығады. Қалың орман мен тау-тасты кезеді. Бір жерге келгенде әлдебір ерекше үн шығады, жақын барып тыңдаса:

–    Жойылсын Жою хан! – деген әлсіз дауысты естиді. Бұл тасқа кептеліп жатқан киік екен, жамбасына оқ тиіп жараланыпты. Ою хан дереу оның аяғын таңып, дәрі құйып, жөніне жібереді. Осылайша алдынан кезіккен барлық аң-құсты емдейді. Ең соңында қанаты сынған үкіге жолығады. Оған да ем-дом жасайды. Үкі хан баласының көзін ойып алғанын, мәйіті жар астында жатқанын айтады. 

Ою хан еліне оралып, көрген-білгенін оюлап сыр­мақтың бетіне түсіреді. Сонан соң қолынан шыққан әдемі бұйымды Жою ханның алдына жайып тастайды. Көздің жауын алған сырмақтың өрнегі ханды баурап алады. Қайта-қайта құмарлана қарап, ұзақ ойланып, сырмақта белгіленген бейнелерден баласының ажал құшқанын айтпай түсінеді.

– О жалған! Жалғыз ұлым­ның шынымен өлгені ме? Қа­ралы хабарды жеткізген сені де өлтіремін! – деп қылышын суырып алып Ою ханға кезейді. Сонда ақылды хан саспастан «Баламның өлгенін кім естіртсе, соның басын аламын», – деп едің. Мен ештеңе айтқаным жоқ. Балаңыздың өлімін естіртіп отырған өзіңіз емес пе? – дейді.

Жою хан уәжден ұтылып әрі баласының өліміне қайғырып жатып, көп өтпей ішқұсадан өзі де көз жұмады. Ал, Ою ханды ел-жұрты қайтадан  ақ киіз­ге отыр­ғызып, хан көтеріп, ұлан-асыр той жа­сайды.

Мінекей, бұл аңыздан ою өнерінің бір қабырғалы ел тағдырын шешкен құдіретін көреміз. Халықтың өнеріне бас имеу мүмкін емес. Өйт­кені, ол – біздің тарихымыз, дү­ние­­танымымыз, әсемдік әле­мінен ажыратпайтын алтын дәнекеріміз. Ата-баба мұра­ларын қастерлеудің парызымыз болып табылатын себебі де сол. 

Қазақылықтың қаймағы бұ­­­зыл­маған Сыр өңірінде де ұлт өнерін, оның ішінде ою-өрнектің сырын түсініп, іс­мер­­лікпен айналысатындар бар­­­шылық. Бүгінде брендке ай­налған ою-өрнегіміз сан түрге құбылып, киімдерімізден, әше­кей бұйымдарымыздан кө­рініс тауып, талайды таңғал­дыруда. Керемет туындыны жасаушы талант­тардың  ізде­ніс­тері мен көз майын тауысып жасаған дүние­лері жоғары бағаланып жүр. 

Солардың бірі – өнерін кәсіп көзіне айналдырған қызыл­ордалық Назым Тайымбетова – көптің аузына іліккен есім. Облысымызға белгілі тігін шеберінің бойындағы қабі­леті ана сүтімен дарыған. Кәсіп­кер­мен кездескен сәттегі біздің сұрағымыз өнерлі кәсіпті жұрт қажетін өтейтін тұрмыс сәніне айналдырудың туындауы тө­ңірегінде болды.

– Назым, бүгінде Сыр жұрт­шылығы сізді киім үлгілерін жасаушы шебер ретінде жақсы таниды, ісмерлікке қалай кел­діңіз?

– Негізі анам тігінші, бұл ес білгелі көріп, біліп келе жатқан кәсібім. Мектеп табалдырығын аттамай жатып, ине-жіп ұстап, тігінді үйрене бастадым, әрбір қыз бала секілді қуыршаққа киім тіктім.  Өзім журналист немесе бухгалтер болсам дейтінмін. Анам тігінші болғанымды қалады. Сондықтан  2007 жылы Алматыдағы мемлекеттік сер­вис және технологиялар кол­леджіне түсіп, оны «киімді үлгілеу және құрастыру» ма­ман­дығы бойынша қызыл дип­ломмен бітіріп шықтым. Оқуды бітірген бойда  сол жақта жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Бірақ туған жеріме оралуды жөн көріп, 2011 жылы «Сымбат» академиясына сырттай  оқуға түсіп, Қызылордама қайттым.

– Алғашқы қадамыңыз қа­лай басталды?

– 2012 жылы қала ірге­сін­дегі Махамбет ауылынан бір бөлмені жалға алып, жұмыс бас­тадым. Ауылдық жер бол­ған­дықтан, тапсырысын қарызға тіктірушілер көп еді.  Жұртқа қо­лайлы болу үшін арзан жа­саған еңбегімнің нәтижесі алға жылжудың қарқынын азайт­­ты. Сондықтан мен тұты­ну­шысы көп қалаға қарай ойыс­тым. Қаладағы «Күміс ана» тігін шеберханасының бір бөл­месін жалға алып, жұ­мы­сымды жал­ғастырдым. Кейін тұрмысқа шығып, балалы болсам да, үйде отырып-ақ түрлі тапсырыстар ала бердім.  2016 жылы бар күш-жігерімді жинап, алдыма нақты мақсат қойып, «Жібек жолы» ойын-сауық орта­­лығынан орын алып, осы уақытқа дейін жинаған тұрақты тұтынушыларымнан тап­сырыс қабылдадым.

– Киімдеріңіздің бағасы шикі­затыңыздың өзіндік құнын өтей ме, қолжетімді ме?

– Тігін тігу – үлкен шы­дам­ды­­лықты, тиянақ­ты­лықты қа­жет ететін жұмыс. Тапсырыс иесінің тал­ғамынан шығу – басты ұста­нымымыз. Бір киімді тігу үшін оның әрбір бөлігінің әдемі болуына бар ынта-жігерімізді жұм­саймыз. Сондықтан киім­дері­міздің баға­сы еңбегімізге тұ­рарлық. Басқа қа­ла­лармен салыстырғанда қол­жетімді.  

– Өзіңіз секілді жеке кәсіп­пен айналысқысы келетін жандар үшін қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– «Шебер байымаса да, аштан өлмейді»  деуші еді анам. Қолдан іс келген адам еш жерде қор болмайды, үйде отырып та нанын тауып жей алады. Жұмыс іздеп, таныс іздеп, бір айлыққа қарап күн көрмейді. Талап еткендерге айтар кеңесім, өзі жақсы білетін кәсіпті қолға алсын және ойы әбден пісіп-жетілгенде ғана іске кірісуі керек. Ал, ақшаға, жұмысшыға сеніп кәсіп ашуға болмайды.

– Сұхбатыңызға рақмет. Кәсібіңіз берекелі болсын.

Мәдина ЖҰМАДІЛДАЕВА,

Қорқыт ата атындағы 

ҚМУ-дың студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<