Әкеміз туралы есті естелікті не бастай алмай, не тастай алмай жүргенімізде дидарғайып дүниенің бір мизамы толыпты. Әттең бір қапы дүние-ай…
Бұл дүние бұрынырақта, әкеміздің көзі тірісінде айтылуы керек еді. Бір жыл бұрын жүрегімізге шемен болып қатқан шерлі оқиға орын алды. Өзектегі өкінішті басудың ендігі жолы – әкеміздің мына өмірдегі өнегелі істерін, жүріп өткен жолын еске алу болса керек-ті.
Қамыстыбас ауылы… Құм суырған жазық дала… Ызғырық жел бабын таптырмай, қырық құбылып тұр… Заманында Қамбаш көлінің тулаған толқындары осы ауылдың іргесін сабалап жатқан деседі.
Әкеміз Тағыберген алты құлаш ауды, төрт құлаш таяуды, қабырғаға сүйеулі тұратын сүйменді жақсы біледі. Өйткені, ол – балықшы ауылдың баласы еді. Елу төртінші жылдың сәруар сәуірінде дүние дидарын ашқан екен.
Ол нағыз қазақтың қайнаған ортасынан шығып, құтты ордасынан қуат алған. Содан болар, бәрі маңайына үйір болыпты. Гитара тартып, домбыраның құлағында ойнайтынын, алқалы топта аталы һәм баталы сөз айтатын қасиеттерін қараша жұрт әлі күнге сүйсіне еске алады. Бозбала мен бойжеткен бас қосқанда, әкемізді қыстап, шырайы бөлек Шәмшінің әндерін шырқатады екен. «Даласы шөлді болса да, баласы өнерлі» деп, әкеміздің көзін көргендер әлі күнге жадында жаңғыртып отырады.
Парасатпен толысқан, адалдыққа болысқан, көргені мол әкеміз поэзияға да құмар еді. Абадан ақындардың, алдаспаны айға шағылысқан батырлардың жырын жатқа оқитын, көркемсөз шеберлерінің көрікті ойларын зердесіне тоқитын. Міне, Тағыберген әкеміздің табанының ізі қалған құм қойнауы осылай деп сыр шертеді.
Тағыберген Күртебайұлы – еңбек майданына төрден келіп түскен жоқ. Шыбықтай шағынан-ақ тіршіліктің тауқыметін бастан өткеріп еңбек етті. Ал салалық сатысын Қазалы қаласының әкімдігінде іс-қағаздарды жүргізуші жауапты маман ретінде бастады. Ауданның бірқатар өндірістік мекемелеріне, тағам өндіру зауыттарына басшылық жасады. Талайларды таңғалдырған, аудан абыройын жандандырған «Қазалы кәмпитінің» идеясын іске асыруға мұрындық болды. Май өндіретін зауытта меңгеруші болған уағында да арын алдырмады, аяғын шалдырмады. Содан болса керек, жас маманның өресін көріп, өрісін таныған басшылар оны Шымкент шаһарына шақыртып, жауапты жұмыстың жүгін артты.
Тоқсаныншы жылдардың толғақты тұсында да тыңнан түрен салды. Қазақ баласы бой үйрете қоймаған бизнес саласына бет бұрып, жаңа бастамаларға байлам жасады. «Мөлдір», «Нұр-Сәулет» атты өндірістік кәсіпорындар құрды. Осылайша тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда бірқатар азаматтарға еңбек көзін тапты.
Кейіннен бағын басқа салада сынап көруді жөн санады. Қызылорда қалалық статистика департаментінде жұмыс жасап, абыройлы еңбек етті.
Әкеміз жоқ уақытты бар етіп, руханият ордаларына барғанды жаны қалайтын еді. Әдебиетті, мәдениетті, газет-журнал оқығанды жанындай жақсы көрді. Сөзді құбылтып, ойды ойната білетін. «Қара су ішсең де, адалынан іш. Кісі ақысын жеме, ақ сөйлеп, нық жүр. Қолдан келсе, көркем мінезді бол», «Қаратау бірде қарлы, бірде қарсыз. Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз», «Ауызбірліктерің болсын! Қай кезде де бірліктің шамын жағып жүріңдер» деп, төңірегіне түйіскендерді тату тірлікке, берекелі бірлікке баулып отыратын. Жан тазалығын жоғары қоятын. Бұқарадан бұра тартпай, бүтіндігін сақтауды бек көретін.
Толғауы тоқсан тіршілікте Тағыберген әкеміз марапатқа мастанып, парасаттан алыстаудан аулақ еді. Адамдық дейтін асыл қасиеттен аттаған кезі жоқ. Қызметтің буымен қыр көрсетіп, жұрт көңілін жығуды қаламайтын. Одан соң «шаңырақ» дейтін шағын отандағы шаттық. Сол шаттық шырайын жаққан жан жарымен бірге 4 қыз, 3 ұл өсіріп, тәрбиеледі.
Қазақ «Балам – барым, немерем – жаным» дейді. Әкеміз 19 немере сүйді. Бәрінің де қаз-қаз басқан қадамдарына куә болды. Берік қамал, берен сауыт иесі балажан болатын. «Қызға бергеніңді Қызыр өтейді» демекші, әсіресе, кестетігер көріктілерін, әпкелерімізді ерекше жақсы көретін. Содан болар, құдіреті күшті Алла Тағала Тағыберген әкеміздің тағдыр талайына төрт қыз нәсіп етті.
Әкеміздің шаңырағынан қонақ арылған емес. Бәлки, көңілдің кеңдігі болса керек. Анамыздың дастарқаны қай кезде де жаюлы. Қазаны оттан түскен емес. Елге сыйлы азаматтардың біразы осы шаңырақтан дәм татып, алғаусыз алғысын айтып кететін. Қаракесек ағайындардың да басын қосып, қамқор пейілін әрдайым ұсынып отыратын.
Әкеміздің азаматтығы да бір төбе еді. Бала кезден бірге өскен қатарларымен, тағдыр қосқан достарына дейін шарапатын көрді. Ағайынға құшақты айқара ашып, туыспен тебіренесіп, жолдасына жақсылығын жасап, көрші-көлемнің де көңіл сарайынан орын алды. Ағалығымен айбыны қатар жүрді. Адамдықтың ауанымен тыныстап, аға деген атқа еш кір келтірмегенін көзкөргендер айтып жүргені есімнен кетер емес.
Өмір жолы әрдайым даңғыл бола бермейді. Содан кейін де жүріп өткен жолыңа бір сәт көңіл көзімен қайта оралып, сан мәрте ой елегінен өткізуге тура келіп жатады. Сондай сәттерде өмірдің кейбір аяулы кезеңдері көз алдыңнан кинолентадай тізбектеліп өтетіні бар.
Біз де бүгін әкеміздің әзиз ғұмырын көз алдымыздан бір өткізгіміз келді…
Абай ТАҒЫБЕРГЕН,
журналист





