Берлин. 1945 жылғы 15 шілде. Қираған қаланы қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тұрғындарды есепке алу, мекен-жай бойынша іздестіру-тексеру, коменданттық бақылау күшейген шақ.
Казармаға шұғыл кірген шикіл сары орыс офицері:
– Старшина Мұсылманқұлов, сізді шұғыл штабқа шақыртып жатыр. Тез жинал! – деп дауыстады.
Орнынан атып тұрған Сапабек асығыс штабқа қарай адымдай басты. Штабта төрт-бес жоғары шенді офицер отыр. Әдеттегідей қабағынан қар жауған қаһарлы емес, жылы жүзбен қарсы алды.
Полковниктің жанындағы адьютанты сарбаздың жеке карточкасын өзгелерге таныстыра бастады.
– Старшина Сапабек Мұсылманқұлов 1898 жылы туған. Қазақ. Ол 47-армия, 175-атқыштар дивизициясы, 277-атқыштар полкі құрамында болып, үш мәрте жараланса да майданға қайта сұранған. Оның алғашқы әскери наградасы – «Сталинградты азат еткені үшін», соңғы марапаты – «Берлинді азат еткені үшін» медалі.
Варшава қаласын азат ету барысында полк командирі Иванов ауыр жарақат алып, оның орнын коммунист Мұсылманқұлов жоқтатпай, отрядты өзі сауатты басқарып, жау тылын бұзып өтті. Әскер ешбір шығынсыз, толық құрамда аман шықты. Жеңісті жақындату жолында немістің құнды тілін ұстап, Польша жерін жаудан тазартуда ерекше ерлік көрсеткен. Оның батылдығы мен ерлігі үшін кеудесіне жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту» ордені, «За отвагу» медалі тағылды. Қолбасшы Сталин, маршалдар Жуков пен Рокоссовскийдің алғыс хатымен марапатталған. Қаруластары арасында құрметі жоғары, ержүрек, елжанды азамат, Отан қорғауда өзін жақсы қырынан танытты, – деп Сапабектің әскери жолын қысқа қайырды.
– Нағыз совет азаматы. Елдік пен ерліктің жарқын иесі. Орыс тіліне де жүйрік, өзін салмақты әрі байсалды ұстайды. Ол комиссия тексеруінен сәтті өтті, – деді полковник қасындағыларға басын изеп тұрып. Полковниктің сөзін жанындағылар да мақұлдап, әрі қарай жұмыс жасалсын дегендей ишара білдірді.
Сапабек әлі түк түсінбей тұр. Демнің арасында дамыл таппай кеткен командованиенің мына іс-әрекетіне таң. Осыдан бір ай бұрын өз командирі: «Сені «Ленин» орденіне ұсындым» дегені бар еді, сол награда шығар деп қойды бір ойы.
Бірақ бұлардың мақсаты бөлек сияқты. Дереу моншаға кіргізді де екі сарбаз екеулеп әбден буға түсірді, шомылдырды. Айтатыны жоқ, анадан жаңа туғандай етіп мәпелеп жатыр. Сосын… Иә сосын киіндірді. Генералдар киетін китель шалбар, гимнастерка, аяққа офицердің хром етігі берілді. Етік айнадай жылтырайды, бет-жүзіңді көресің. Моншадан шығып, асханаға әкелді. Мұнда да офицерский паек. Не жеймін десең, алдыңа бәрін тосты. Үш жыл майданда жүріп, мұндай мерейді бірінші көруі. Жоғары шенді басшылардың өзі иіліп, сыйлап әлек. Осы жерден кейін барып, бір топ іріктелген сарбазға инструктаж жасалды. Мәселенің анық-қанығы енді ашылды.
– Жолдас Мұсылманқұлов, командование шешімімен сіз қатардағы жауынгерлер мен өз ұлтыңыздың атынан Потсдам конференциясына қатысасыз. Сесилиан-Хоф сарайында өтетін маңызды шарада КСРО, АҚШ және Ұлыбритания үкімет басшыларының келісімі болады. Ол 17 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді деп есептелген. Артық сөз, оқыс қимыл болмау керек. Бұл – Совет елі үшін, оның қорғаушылары үшін ең маңызды саяси жиын.
Сонымен белгіленген уақытта Потсдам конференциясы үш ел басшыларының 13 отырысын өткізіп, 19 негізгі сұрақ бойынша шешім қабылдауына түрткі болды.
Конференцияда Германияның соғыстан кейінгі құрылымы және репарация төлеуі, Польшаның шекаралары мен ішкі саяси жағдайы туралы мәселелерге қайта-қайта тоқталуға тура келді. Келелі жиын біте салысымен офицерлерді алып қалып, қатардағы сарбаздарды босатты. Сапабек тамыздың орта шенінде елге қайтты.
Берлиннен бері шыққан қызыл вагон ышқынып келеді. Қара түтіні будақтап, күшіне күш қосып жатса да жеткізер емес, әлі де қозғалысы баяу сияқты. Адам асыққан сайын тықырлап, тынымы қашады. Сондықтан да шығар, үш жыл бойы ауылдың бетін көрмегені бар, майданнан аман қайтқаны тағы бар, осы шүкіршілікті дәтке қуат санап Сапабек мына төсекке сыймай отыр. Вагон лық толы, соғыстан шыққан сарбаздар. Гүж-гүж әңгіме, қарқ-қарқ күлкі. Әр жерден ыңыранған, жаралы жауынгерлердің де діріл даусы естіледі.
– Жолдас старшина, қандай әскери бөлімде қызмет еттіңіз? Формаңыз бөлек екен, – десті қасындағылар.
– Атқыштар полкінде.
– Ұқсамайсыз. «Смерч» емес пе?
– Жоқ. Осы отырыста Потсдам конференциясына қатысып келемін.
– Солай ма? Оу, миллион адамның ішінде біреуге бұйыратын, мықтының мықтысына табысталатын таңдауға іліккен екенсіз. Қадір-қасиетіңіз арта берсін! Сіз сол жиында Сталинді өз көзіңізбен көрдіңіз бе? Қандай кісі, қабағы сұсты дейді ғой.
Сансыз сауал үстін-үстін қойылып жатыр. Ретіне қарай жауабын берді.
– Сталинді көрдім. Тек алыстан. Жақындауға рұқсат жоқ. Нағыз жаужүрек қолбасшы!
Вагонның ішінде біршама тыныштық орнады. Бірі төсекке қисайды, бірі киімін түзеп, үсті-басына қарап жатыр. Сапабек терезеге үңіліп еді, сап-сары сайын далаға көзі түсті. Сағыныштың да белгісі сияқтанды. Бүкіл өмірі баяндалып жатқандай. Терең ойға беріліп, өткеннің өшпес күндері санасын сілкіп өтті.
Ол жасынан зерек өсті. Баласының бойындағы алғыр қасиетін біліп, әкесі Мұсылманқұл оны «Қарнақ» медресесіне оқуға берді. Өте қабілетті болуының арқасында арабтың төте жазуын, құранды жатқа айтуды, сүрелердің мән-маңызын жетік білді.
Оны ел дәмлә деп таныды. Ұлағатты ұстаздың алдын көргендер тек Түркістан мен Жаңақорған төңірегі ғана емес, сонау Ақтөбеде де оның ізгілікті ізі қалды.
1916 жылы елді аштық қысып, әкесі, Бегімбет ата, бес ағайынды бауырлары бір күнде Ақтөбеге шығады. Елдің «тары көп, тоқшылық» деген сөзі олардың сапарына себеп болды. Бұл бос сөз екен, онда да қиыншылық қысып тұрды.
Енді кері қайтуға қамданып отырғанда мұндағы ел-жұрт өтініш айтып, тағы үш жыл қалуға тура келді. Қасында інілері Әшірбек пен Опабек қалды.
Ақтөбеде бай татардың салдырған мешітінде қалып, Сапабек елді сауаттандырып, оқытты. Ал екі інісі егін және мал шаруашылығымен айналысты. Қыстың қатал мезгілінде Опабекке суық тиіп, айықпас дерттен көз жұмды. Осыдан кейін олар елге қайтуға тура келді.
Бұл кезең дін таратушы қожа-молдаға үкіметтің қарсылығы өршіп тұрған тұс болатын. Райзавхоз қызметінде жүрген Сапабекті «Байқоновшылар қатарындасың» деген желеумен ақыры Шымкент түрмесіне жапты. Қанша азап тартса да ол тағдырдың ісіне мойымады. Бес уақыт намазын қаза қылмады. Бір күні түрмеде жатқандарды төртеуден қатарға тұрғызып, қала ішімен жаяулатып теміржол вокзалына алып келеді. Перронда халық онша көп емес екен. Санаулы. Сол санаулы топтың арасынан бейтаныс кісі жылыұшырай қарап: «Сен Сапабек емессің бе, мұнда қалай тап болдың?» демесі бар ма. Заманауи үлгіде киінген, зиялы қауым өкілі екені түр-тұлғасынан белгілі болып тұр. Құлай танығанына қарағанда бұрын-соңды кездескен кісі. Бірақ сұрастыруға мүмкіндік тапшы. Сөйткенше болған жоқ, ол вокзалға беттеп кетті. Сотталушыларды жаппай вагонға кіргізіп, сырт есікті тарс жапты. Енді поездың жүруін күтіп жатыр.
Кенет әр вагонның тұсынан «Мұсылманқұлов» деген дауыс талып естіледі. Сапабек – үшінші вагонда, кезек оған да келді.
– Мен, – деп бар даусымен дыбыс берді. Осыны күткендей вагонның есігі ашылды да, әскери адам бұйрық беріп: «дереу жинал, шығыңыз» деді. Жерге түсіп, қапталына екі күзетші еріп, вокзалға келді. Сапабекті әскери шені жоғары, денесі толық келген кісіге әкелді. Ол: «Сіз бүгіннен бастап боссыз, еліңізге қайтыңыз. Ақталдыңыз» деп бірден вокзалдан босатты.
Еркіндік деген қандай, аспан шайдай ашылып кеткендей болды. Бұл бостандық әлгі кісінің ісі екенін біліп тұрса да оған алғысын айту бұйырмады. Мұнан кейін олар кездескен емес. Бұл 1937 жылдың салқыны еді.
Сапабек колхоздастыру саясатын қолдап, халықтың басын біріктіріп, ТОЗ, артель, кейінірек колхоз ұйымдастыру ісіне белсене араласып, колхоз бастық, ауылдық кеңес бастығы лауазымдарын атқарды. Кейін ауданның қыр бетіндегі 7-8 колхоздың райзавхозы қызметіне тағайындалды. Осындағы интернат, балалар үйін ас-сумен қамтамасыз етіп тұрды. Оның шарапатын көргендер көп, ашқұрсақ отбасыларға түнде жасырын астық үлестіріп, ешкімнен кем етпей, қатарға қосып отырды. Сөйтіп қаншама қайырымдылық жасап, көптеген отбасын аштықтан аман алып қалды.
1942 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, Ақмолада үш ай дайындықтан өтті. Кіші командирлер курсынан соң Сталинградты қорғауға кіріп, содан жаяу әскер құрамында Польша, Берлинге дейін немісті қуып отырды. Міне, енді үш жыл бойы майданда қан кешіп, үш рет ауыр жараланып, аман-есен елге келе жатқан беті.
Күңірентіп келе жатқан кемел поезд Қызылорда аумағына кіргенде Сапабектен ұйқы қашты, сағымға айналған сағынышы сыр бере бастады. Шиеліден өтісімен тіпті тыпыршыды. Тамбурдың есігін айқара ашып, кең тыныстап тұр.
Теміржолда ерсілі-қарсылы жүйткіген әскерилер тиелген эшелонды үнемі көзбен сүзіп жүретін Сапабектің үлкен ұлы Жантастың бір ғана арманы бар: «Осы поездың ішінде әкем болса ғой» деп үнемі үмітін үзбей жүреді. Бүгін де дәл солай, екі көзі вагондарда. Бірін де қалт жібермей, әкесін іздеп әлек.
Отарба 25 разъезд тұсына келгенде Сапабектің жүрегі сезді ме, төңірекке тесіле қарап еді, теміржолдың етегінде есек үстінде отырған ұлын көріп қалды. Шарқ ұрған шарасыз әкенің: «Жантасжан» деген жандаусы ұлының құлағына да жетті-ау. Көптен күткен асқар тауы көзіне көлбеңдеп көрінді.
Ол есекті ауылға бұрды да шапқылай жөнелді. «Сүйінші! Әкем әскерден келеді!» деген баланың бал даусы қапырық даланы қақ жарып, жаңғырып барады. «Әке! Әкем келеді» дейді онан сайын. Есі шыққан Жантас шешесінің әжеге деп дайындаған тамағын апаруды да ұмыт қалдырғанын ауылға келген соң бір-ақ білді.
Қызықтың көкесі Жаңақорған вокзалында болды. Бұған дейін Мәскеудің ВКП(б) Орталық комитеті аппаратынан обкомға: «Жаңақорғандық азамат, старшина Сапабек Мұсылманқұлов халық батыры деңгейінде қарсы алынсын» деген құпия хат түседі. Хатта поездың бағыты, келетін күні көрсетілген.
Сонымен жаужүрек жауынгерді қарсы алуға перронда ығы-жығы халық. Аудандағы 23 колхоз түгелдей жиналған. Алқалаған қауым батырын алақанына салып, аялай күтіп алды. Қаһарман сарбаздың құрметіне Ордакентте бәйге жарыстырып, балуандар күресі ұйымдастырылды. Аста-төк дастархан жайылды. Шара аяқталысымен арнайы машинамен ауылға алып келді. Қуаныштан жылап көріскен ағайын үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды.
Бейбіт өмірде Сапабек Мұсылманқұлов Орал қаласында колхоз бастықтары курсын бітіріп, колхоз бастық, парторг қызметтерін атқарды. Елдің бірлігі мен берекесіне бір кісідей атсалысты. Жоғары жетістіктері мен отан байлығына деген жанашырлығына байланысты Исатай Әбдікәрімов облыс басқарып тұрғанда Сапакеңе қара «Волга» көлігін ұсынды. Ол ойланып көрейін деп бірер күн мұрсат сұрады. Сөйтіп «өзім қартайдым, көлік жүргізетін бала жас» деп қарсылық білдірді. Оның орнына ұрпағыма баспана болсын деп Жайылмадан үй тұрғызды.
Соғыс және еңбек ардагері, 5 орден, 11 медаль иегері Сапабек Мұсылманқұловтың есімін мәңгі қалдыру мақсатында ауданның орталық көшесіне атын берген жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Мамахан Сапарбаев: «Сапакеңдей соғыс көріп, жаумен бетпе-бет шайқасқан батыр некен-саяқ. Ол отаншыл, рухты еді» деген болатын. Сол сөз сөз-ақ екен, ол ержүрек ер ретінде есімі ел жадында сақталды.
Потсдам конференциясына қатысқан қайсар қазағымыз 1981 жылы 21 қаңтар күні дүниеден өтті. Онан тараған әулет өсіп-өнген, өнегелі отбасы ретінде бүгінде атадан тараған ұрпақтары еліміздің даму жолында әртүрлі салада қызмет етіп келеді.
Қаныбек ӘБДУОВ,
Журналист






